Шара Жиенқұлова.
Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара.
Шара Баймолда Жиенқұловтың он төртінші перзенті болған. Орыс мектебінде білім алып, сонда жүріп би өнерімен танысқан. Ол алғаш рет сахнаға жайлауда 13 жасында шыққан. Жайлауда қазақтар мен қырғыздар үлкен той өткізіп, бәйге, көкпар берген, ақындар айтысып, әнші-музыканттар өнерлерін ортаға салған. Сол уақытта күй төгілген кезде қыздың биге деген құлшынысын білгендер "Шара билесін" деп қолқа салған.
Көпшіліктің мақтауын естіген ата-анасы қызының бұл құлшынысына қарсы болмайды, уақыт өте келе басылады деп ойлайды. Алайда биге, өнерге деген сүйіспеншілік жыл сайын арта береді. Алайда қыздың бұл қызығушылығына ата-анасы қарсы болды. Осылайша Шара Жиенқұлова 1928 жылы актер, режиссер Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шығады. Өнер адамы Шараны үлкен өнерге алып келді.
Шараның шығармашылық жолы:
Шара Жиенқұлова өнер жолын Әуезов атындағы Қазақ драма театрынан бастаған. Тұңғыш ойнаған рөлі – Бейімбет Майлиннің "Майдан" пьесасындағы Пүліш образы. Алайда кей деректерде Шара Жиенқұлова алғаш рет сахнаға Бейімбет Майлиннің "Шұға" спектаклінде шыққаны айтылады.
Содан кейін Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Қарагөзінде" басты рөлді сомдады.
1934 жылы жаңа Қазақ мемлекеттік музыка театрында,Шара Жиенқұлова Әуезовтің "Айман – Шолпан" спектаклінде "Келіншек" деген қазақтың ұлттық биін тұңғыш рет алып шықкқан. Оны ойлап тапқан да, орындаған да Жиенқұлованың өзі. Бұл қазақ хореографиясының бастамасы болды.
Шара Жиенқұлова Мұхтар Әуезовтің "Айман – Шолпан" музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің "Қыз Жібек", "Жалбыр" және "Ер Тарғын" операларында ұлттық биді биледі.
Шара Жиенқұлованың өнеріне тамсанған суретші Гүлфайрус Исмаилова 29 жасында "Қазақ вальсі" картинасын салған.. Картина Қазақстанның ұлы әйелдеріне: Шара Жиенқұловаға, опера әншісі Күләш Байсейітоваға, актриса Шолпан Жандарбековаға арналған болды. "Қазақ вальсі" портрет жанрында жазылған.
Шара Жиенқұлованың педагогы және тәлімгері театрдың тәжірибелі балетмейстері Александр Артемьевич Александров болды. Ол әрдайым биде ұлттық мінез болуы қажет екенін айтып отырған. Осылайша екеуі бірлесіп "Тәттімбет" биін дүниеге әкелді. Одан басқа Шара Жиенқұлова «Айжан қыз», «Қара жорға»,«Қырық қыз» билерді дүниеге әкелді.
Шара Жиенқұлова 1940-1962 жылдары Қазақ филармониясында жұмыс істеді.
1962-1966 жылдары ҚазКСР ән-би ансамблінің жетекшісі болды.
1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры болып жұмыс істеді.
Шара Жиенқұлова мұрасының көп бөлігі қазіргі заманғы балетмейстердің жұмысына негіз болды. Бұл оның орындаушылық шеберлігі, оқыту әдістемесі, балетмейстерлік жетістіктері туралы жазылған еңбектер еді. Ол 1955 жылы "Қазақ билері" және 1980 жылы жазған "Би құпиясы" кітаптарын жазды.
Биші 1991 жылы 21 мамырда Алматыда 78 жасында өмірден өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |