Шетел әдебиеті



бет1/14
Дата02.02.2023
өлшемі69,35 Kb.
#64713
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Шетел әдебиеті

1) Ежелгi комедияшы ақындар арасында шығармалары азды-көптi бiздiң заманымызға дейiн жеткенi – осы Аристофан. Бұл ақынның шығармашылығында комедияның мазмұны едәуір кеңейiп, форма жағынан өзінің жоғары даму сатысына көтерiледi. Сондықтан, бiз үшiн бұл ақын осы жанрдың алғашқы ірі өкiлi және «дүниежүзiлiк комедияның атасы» болып саналады.


Аристофанның жеке өмiрi жайлы толық мәлiметтер жоқ. Кейбiр деректерге жүгiнсек, ақын шамамен б.з.б. 445-жылы Аттика аймағына жақын орналасқан Эгина аралында туған, Афина мемлекетiнiң азаматы болған. Аристофан өзiнiң әдеби қызметiн өте ерте бастайды. Жиырма жасында комедияшылар сайысына қатынасып, екiншi орынды иелейдi. Қырық жылды қамтитын әдеби қызметi барысында ақын шамамен қырықтан артық шығарма жазған. Сол шығармалардан бiзге толығымен он бiр комедия жеткен. Ғалымдардың болжамына сенсек, ақын б.з.б. 585-жылы қайтыс болған.
Аристофанның алғашқы шығармаларының бiрi - «Ахарнян» комедиясы. Әдебиетке жаңа ғана қадам қойған жиырма жастағы ақын осы шығармасында-ақ заманының ең өзектi мәселелерiнiң бiрi болған соғыс пен бейбiтшiлiк туралы әңгiмелейдi. Пелопоннес соғысының басталғанына алты жыл болған, сол жылдар iшiнде афиналықтардың көрген қиындықтарының саны жоқ. Мыңдаған жан өлген, Аттика аймағының егiндiктерi, бау-бақшалары ойрандалған, мемлекеттi аштық, жұқпалы аурулар жайлаған. Жағдайдың осылайша күннен-күнге қиындап баруы нәтижесiнде Афина халқының ортасында рухани күйзелiс, спарталықтарға қарсы ашу-ыза, өздерiнiң әскери басшыларына наразылықтар күшейедi. Аристофан халықтың осындай рухани жағдайын бейнелей отырып, «Ахарнян» комедиясында соғысты қолдаушы радикал демократтарға және олардың басшысы, заманының құдiреттi әміршiсi Клеонға улы қаламын түйреп, соғыс апаттары тек ғана өзiнiң жеке мүдделерiн ойлаған даңққұмар залым билеушiлердiң кесапаты салдарынан болатын қасiрет екендiгiн айтып, афиналықтарды тезiрек iшкi қырғындарды тоқтатуға, Спартамен бiтiмге отыруға үндейдi.
Бейбiтшiлiк» комедиясы Пелепоннес соғысының оныншы жылында (б.з.б.421) жазылған. Оның мазмұны онша күрделi емес: Тригей деген аттикалық қарапайым шаруа соғысты тоқтату ниетiнде бiр алып қоңызды асырап, бағып, үлкейген соң оны мiнiп, Олимп тауына, құдайлар құзырына шағымдануға барады. Бiрақ бұл жерде Герместен өзге құдайларды таба алмайды. Герместiң айтуына қарағанда, барлық құдайлар адамдардың үздiксiз ұрыстарынан шаршап, аспанға ұшып кеткен-мыс. Олимп тауында болса, тек зұлымдық құдайы Полемос ғана қалыпты. Тригей бейбiтшiлiк құдайын тұтқыннан құтқарып, жер бетiнде бақытты, шаттық өмiрді орнатады.
2) Қытай тарихының ежелгі кезеңі б.з.д. ІІ мыңж. ортасы мен б.з. III ғ. қамтиды. Оның өзі үш үлкен: тайпалық одақтар дәуірі – Шань-Иньдік (б.з.д. ХYIІ-ХІI ғ.) және Чжоулық – қалалар мен мемлекеттер дәуірі (б.з.д. ХІІ–YIII ғ.) және Империя (б.з.д. ІІІ ғ. - б.з. ІІІ ғ.) аталатын дәуірлерден тұрады.
Археологиялық қазбаларға сүйенсек, Қытай территориясындағы Хуанхэ бассейнде Шань тайпалық одағының бірігуіне дейін, яғни б.з.д. ІІІ ғ. өзінде мәдениет пайда болған дейді. Табылған орнына байланысты ол Яншао мәдениеті аталады. Шань одағының уақытының Инь аталатын екінші кезеңінен қойдың жауырына не болмаса табақаның үстіңгі қаңқасына ойылған алғашқы жазба – буцылар – жорамал формулалары жеткен. Сол дәуірдегі өмірдің түрлі жақтары мен өзіндік ерекшеліктерінен мағлұмат алуда құнды жазбалар саналады. Бұлар өзі Қытайда жазудың ерте пайда болғанын әрі мәдениеттің жеткілікті дамығанын көрсетеді. Әдебиеттің бастауына эдиктер /заңдар/ мен ежелгі патшалардың бұйрықтарын т.б. жатқызуға болады.
Б.з.д. ХІІ ғ. ортасы тарихи маңыздылығы жағынан әлсіреу кезеңі саналған, Инь тайпалық одағының құлап, оның орнына Чжоу патшалығының келуімен сипатталады.
Чжоу патшалығының өркениеті ежелден-ақ қытай тарихынының «алтын ғасыры» аталған. Қытай мәдениетіндегі «алтын ғасыр» есімі әлемге әйгілі Конфуцийдің шығармашылығымен де (б.з.д. Y-YІ ғ.) байланысты.
Патшалықтың жүйесін суреттейтін - «Чжоу ли» ( Чжоу заңдары) - тарихи және ойдан құрастырылған аралас жүйе көрініс табатын ескерткіш.
Б.з.д. ХІІ ғ. соңында мыңдаған тайпалық топтардан тұрған Одақ б.з.д. YIII ғ. аяғында тайпалар саны жүзге дейін кеміген. Тайпалық одақтың өмір сүрген мекені ди(жер) деп аталды, оның орталығы и деп аталды. Тайпалық топтардың азаюынан немесе бір-бірімен бірігіп кетуінен күшті Чжоу патшалығы пайда болады. Бірнеше топтың бірігуі го, ал олардың басшылары хао (князь) аталды. Чжоу патшалығы мемлекет шеңберінде құрылғандықтан жоғары жүйеленген мемлекет болды. Чжоу патшалығының басшысын ван – патша атады. Чжоу кезінде қоғамның әлеуметтік топтарға бөлінуі алғаш рет көрініс табады. Ол құлдардың пайда болуымен байланысты. Құлдардың төрт категориясына кіретіндердің еркі болмаған. Ал еріктілер қатарына диқаншылар, қолөнершілер, қарапайым халық (шужэнь) жатқан. Қарапайым халықтың жағдайын «Лицзи»ережелер жазбасынан табуға болады. 
Ежелгі қытай сөз өнеріне қатысты ескерткіштер б.з.д. ХІІ ғ. ортасына жататын гао-жолдау, эдикт-заңтоптамасын құрайды. Зерттеушілер ежелгі жазулардың тілі мен стилінің қиындығынан толық түсінуге мүмкіндіктің аздығын айтады. 
Чжоу патшалығы кезеңіне жататын «Дао гао» ұлы жолдауында: Инь патшалығы құлағаннан кейін, жаңа патшалық тағына оның негізін қалаған У-ван келеді. Ол патшалықтың негізгі бөлігін құлаған Инь мемлекетінің патшаның ұлына қалдырып, өзінің үш сенімді адамын үстінен қарап жүруге қойды. Бірақ У-ван өлгеннен кейін көтеріліс бұрқ етеді. Чжоудың жаңа патшасы Чэн Вэн көтерілісшілерге қарсы шығуға мәжбүр болған уақыттағы патшаның халқына жолдауы.
Кейінгі уақыттан жеткен ескерткіштердің стилі өзгере түседі. Бұлар енді эдикт – жолдаулар емес, декларация, манифест, қаулы ретіндегілер. Олардың ішінде белгілісі – «Хунь Фань» (Басқарудың ұлы заңы. Ежелгі әйгілі шығармалар қатарына «Екі жинақ» және «Үш жоспар» да жатады. 
«Шуцзин» атауымен жеткен «Тарих кітабы»алғашында «Шан шу» аталған. «Шуцзинді» чжоулық сарай сауаттылары жазып қалдырған. Тарихшыға дерек ретінде маңызды бұл шығарманың тарихи мәнін эллиндік «Иллиадамен» салыстырады. Дей тұрғанмен Шуцзинді, ең алдымен, әдеби шығарма ретінде қараған жөн.«Шуцзинді» риторикалық-поэтикалық проза ретінде қарастыруға болады. Мұнда сөз өнерінің түрлі тәсілдері қолданылған. Айталық, төрт мордан тұратын буын үндестігі мен қатарлардың біркелкілігіне негізделген. 
Ал «Шицзиннің» поэтикасы риторикалық ерекшеліктерге ие. Жалпы, әндердің тақырыптары сан алуан. Соның ішінде махаббат, еңбекші халықтың өміріне арналған, соғыс тақырыбындағы поэтикалық жолдар жиі кездеседі. Көптеген өлеңдердің негізін азаматтық тақырыптар құрайды. Олардың ішінде негізгі орынды елдің ішіндегі сауатсыздық пен қараңғылық тақырыбы алады. Олар халықты қараңғылыққа, кедейшілікке итерген адамдар мен олардың зұлымдықтары туралы жазған. 
Лирикалық өлеңмен бірге Ежелгі Ши кезіндегі шығармалардың көбі эпостық жырға жатады. Соның ішінде тарихи сюжетті поэмаларды ерекше бөліп алуға болады. Осындай бірнеше поэмаларда Чжоу тайпалары өкілдері мен олардың билігінің алғашқы кезеңі әсерлі бейнеленген. Тарихи мазмұндағы поэмаларда соғыстардың көрінісі тамаша берілген. 
Поэтикалық жолдар музыка, вокал аспаптарымен тығыз байланыста болған. Бұл лирикалық және эпикалық өлеңдер эвфоникалық, ырғақтық және метрикалық үш элементті байланыстырған.
305 өлеңнен тұратын Шицзин жинағы әлем әдебиетінде өзіндік орнынға ие поэтикалық ескерткішке жатады. Риторикалық прозамен, лирикалық және эпикалық поэзиямен Қытайдың ежелгі өнер мұрасы шектелмейді. Оның бір бөлігі – афористикалық проза саналады. Афоризм ауызша шығармашылықтың түрі ретінде бір нәрсеге иландырады не бір нәрсені ұлағат етеді. Б.з. YIII ғ. өмір сүрген ғалым Хань Юй ертедегі тілдің, әдетте, түсініксіз болатынын айта келе, «Ицзин»афоризмдері туралы: «Олар ерекше және дәл әрі тура»деген. Туралық, яғни тілдік көріністерін жоғалтпау – афоризм талабы, өйткені афоризм адамның санасы мен сезіміне дәл әрі нақты әсер ету керек. Айқындықпен қоса, максималды мәнерді талап етеді. 
«Луньюй» ежелгі классикалық әдебиеттің алғашқы ескерткіші болса, Кун-цзы - осы әдебиеттің негізгі кейіпкері, тарихи тұлға.
Бұл ескерткіште адам ерекшелігінің екі жағын басып көрсеткен. Алғашқысын «чжи», екіншісін «вэн»сөздерімен белгілеген. Чжи дегенміз адамдық қалып, оның табиғи белгісі. «Вэн» сөзі «чжиге» қарсы мағынада, яғни адамның қабылдағаны мен үйренгенін білдіреді. Мысалы Конфуций өзінің оқушылары туралы: олардың кейбіреуі өздерін тәрбие жағынан көрсете білсе, кейбіреуі шешендік өнерден, үшіншісі саясаттан, төртіншісі «вэн»өнерінен өздерін танытты. Басқаша, вэн - адам өзінің ішкі жан дүниесін байытуы. Ежелгі Қытайдың алғашқы әдеби тұжырымдамасы - ерекше түрдегі алғашқы қоғамдық категория. Қоғамда қалыптасып жинақталған заңдар мен нормаларға тәуелді болды.
Чжоу патшалығының Шығысқа қарай ығысуынан олардың тайпалық бірлестіктерінің ыдырауы аяқталды. Олардың бір тектес тайпаларының байланысу мен бірігу уақыты орнады. Бұл бірігу уақытында географиялық және экономикалық ортақтық мемлекеттің орнығуына әкелді.Дәл осы шақта құл иеленушілік мемлекеттің дәуірі туды.
Б.з.д. IY ғасырда кең территорияда жеті үлкен патшалықтар өмір сүріп жатты, олар: Янь, Ци, Хань, Вэй, Чжао, Чу мен Цинь. Бұлардың тарихы екі кезеңді қамтиды.
Бастапқы кезеңде болған «бөлек мемлекеттердің»келбеті – лего немесе қала-мемлекеттер деп қытай жәдігерліктерінде аталды. Бұл кезде ауыл шаруашылығында алға басушылықтар болды: темір құрал-саймандарды қолдану ұлғая түсті, салық жүйесіндегі мал шаруашылығы, әсіресе мал бағушыларға арналған түрі дамыды.
Қала-мемлекеттердің дамуы – интеграцияның саяси, мәдени кезеңі. Қытайлықтар легоны ұмытып, орнына «тянься» (Аспан асты) бейнесін қабылдаған. Интеграция бір патшалықтың гегемониясының бүкіл Қытай территориясының бөлек патшалықтарының жоюылуына алып келді. Осыдан барып, Қытай Ескілігінің үшінші үлкен дәуірі – империя ғасыры басталды. Б.з.д. YIII–III ғ. аралығы Қытай тарихындағы патшалықтар – өркениетінің тез дамуының тарихи кезі. Құл иеленушілік құрылыс сол кездің өзінде өндіруші күш пен мәдениеттің дамуына үлкен мүмкіндіктер туғызды.
Бұл ғасырлардың қоғамдық өмірлерінің ерекшеліктеріне келсек, олар рухани мәдениеттің, әдебиеттің, демократияның дамуында маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ сауатты, білімді адамдардың, қазіргі тілмен айтқанда интеллигенция тобының адамдары пайда болды. Сол кездегі оқу – «сөйлеу», ал сөйлеу – «оқу»болды. Сондықтан да оратор тілінің өнері қоғамдық өмірдің негізі, «дана, ақылгөй» мағынасындағы көзқараста болды.
Ежелгі Қытай классикалық кезеңінің «Гуань цзы»және «Сунь цзы» деген екі шығарма да жатады. Басқа әдеби ескерткіштер секілді олардың құрастырылуы ұзақ мерзімді қамтиды. 
Классикалық туындылардың біріне б.з.д. IY ғ. жемісіне «Ле-цзы» айналған. Бұл әдеби ескерткіш жолдарының басынан-ақ Ле-цзы ұстазы жөнінде сөз қозғалады. Ол Чжэн патшалығына тиеселі Юаньпу мекенінде 40 бойы өмір сүргенмен ешбір адамның оның данагөйлігі жөнінде хабары болмаған делінеді. Ле Юй-коу Ұстазының атын алғаш шығарған оның шәкірті болатын. Көптеген зерттеушілер де Ле Юй-коудың Чжэн патшалығының Жу-гун билігі /422-396/ кезеңінде болғандығын айтқан. «Ле-цзы» фольклорлы қара сөзді шығарма. Қай кезеңге жатпасын, әдебиет тұрғысынан аса бағалы, қытай ауыз әдебиеті үлгілерінің жиынтығы саналады. 
Анекдоттар, тұрмыс-салт әңгімелері, өнеге-өсиеттерімен қатар «Ле-цзы» ғажайып мәліметтер желісімен құралған, мұнда ойдан шығарылған тарихи кейіпкерлер туралы мәліметтерден құралған сиқырлы ертегілер де бар. 
3)Ежелгі үнді әдебиеті – кең әрі қиын түсінік. Таяу Шығыстың әдебиетімен бір мезгілде, типологиясы жағынан ежелгі үнді әдебиеті ежелгі әлем әдебиетінен тәуелсіз дамып отырған. Ежелгі үнді драма, лирикалық поэзия, прозаның гүлдену кезеңі және басқа ежелгі әдеби мұралармен байланысы шамамен б.з.д. І мыңж. сәйкестендіріледі. 
Дегенмен «ежелгі үнді әдебиеті» деген түсініктің күрделілігі белгісіздік пен хронологиялық шекарасының ұзақтығына ғана байланысты емес. Сонымен қатар оның құрамы мен шығу тегіне байланысты біркелкі еместігінде.Ұзақ уақыт бойы ежелгі үнді әдебиетін қалыптастырғандар шығыс тобына жататын үнді-еуропалық тайпа арийлер ғана деп саналды. Алайда, осындай пікір негізсіз болып шықты.
Ежелгі үнді мәдениеті мен әдебиеті түрлі тайпалар мен халықтық мұралардың синтезі нәтижесінде пайда болғаны түсінікті. Оларға ІІІ ғ. Инда алқабын мекен еткен арий, дравид пен мунда халықтары жатады. Үнді-еуропа тіліндегі әдебиетпен қатар б.з. І мыңж. бас кезінде оңтүстік аймақта дравидтік (тамильдік) әдебиет қатар дамыды. Ежелгі және орта ғасырдағы үнді әдеби ескерткіштердің басым бөлігі санскрит тілінде жазылған. Санскрит тілінің классикалық, эпикалық және гибридтікдеген түрлері болған. Әдеби ортада басқа да тілдер мен диалектілер кеңінен қолданылған. Б.з.д. ІІ-І мыңж. пайда болған ежелгі үнді әдеби ескерткіші «Ригведа», сонымен қатар, басқа да философиялық мәтіндер солтүстік үнді тілінде жазылған. Б.з.д. І мыңж. ортасында санскритпен орта үнді тілдері немесе пракриттер («ретсіз»мағынасында) және апабхрапша дамиды. Ең алдымен, ежелгі үнді әдебиеті негізінен әдеби дәстүрдің бірлігімен байланысты, ал оның дамуы оның анық жүйелілігімен, бірізділігімен ерекшеленеді. Осы тарихи бірлік қазіргі үнділерге, пакистандықтарға және Бангладеш тұрғындарына ежелгі үнді әдебиетін жалпы халықтық мұра деп, оның көп бейнелі этникалық бояуының болғанына мүмкіндік береді. 
Ежелгі үнді әдебиетінің ішкі біртұтастығына онда қолданған түрлі тілдер де әсер етпеді. Ол тек этникалық ғана емес, сонымен қатар, діни, әлеуметтік факторлармен байланысты болды. Ведалық тіл ежелгі үнді әдебиетінде ерекше ежелгі диалект ретінде, ғұрыптық әнұранмен алдыға шығады. Буддистер санскриттен бас тарта отырып, өздерінің орта үнділік пали, джайн тілдерін діни уағыздарында қолданды. 
Әлемдік әдеби үдерісте ежелгі үнді әдебиеті үлкен рөл атқарды. Үнділік эпос, лирика, драматургия және прозаның көпшілігі ежелгі дәуірде кең танымал болған және үнді елімен көршілес орталық Азиядан Қиыр Шығысқа, Индонезияға – ал ХІІ-ХІІІ ғ. олармен танысу Еуропаның әдеби дәстүрлерін кеңейтіп, байытты. 
«Үнді-еуропа тілдер» терминінің өзі Еуропада ертедегі үнді әдебиетімен танысқаннан соң ғана пайда болды. XYIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. бас кезеңінде У. Джонс пен Ф. Бопп санскрит пен Еуропаның өлі және тірі (грек, латын, герман, славян) тілдерімен туыстығын анықтады. 
Ежелгі үнді әдебиетінде поэзия мен прозаның аражігі ажыратылмаған. Мәтіндер діни, ғылыми, ертегі, эпикалық, тарихи болсын өлең жолдары мен прозалық пішінде кездескен. Орнаметті поэзияның негізі болған осындай ежелгі үнді романдар ерекше жанрдың тууына себеп болды. Осыдан философиялық шығармалар, медицина, грамматика, астрономия, архитектура тақырыбында өлең жолдарымен жазылған. Бұның барлығы ежелгі үнді ескерткіштерді ретке келтіруде көп қиындықтар туғызады. 
Әдетте, алғашқы үнді әдебиетінің ескерткіші ретінде Ригведадан бастау қалыптасқан. Десе де Үндістанның солтүстік-батысында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары үнді әдебиетінің бастауы одан да жоғарыға кететінін көрсетті. 
1921 ж. қазба жұмыстарының нәтижесінде Хараппада, одан кейін де қазіргі Синд, Пенджаб пен Белуджистан облыстарында б.з.д. ІІІ ғ. басы мен ІІ ғ. Инда бассейні мен Үндістанның басқа жерлерінде 800 000 шаршы км территориясында жоғары дамыған өркениеттің болғанын көрсетеді. Бұл өркениет Инда жеріндегі өркениет немесе Мохенджо-Дара мен Хараппа деп аталды. 
Археологтар Инда жерін мекендеушілердің ежелгі керемет мәдениетті жасаушылар болғанына көз жеткізді. Төрт мың жылдар бұрын салынған (осындай қалалар саны - 200) негізінен екі қабатты кірпіш үйлерден тұрды, нақты жоспар бойынша салынған, қоршауы бар, жақсы жабдықталған моншалары, құдықтары және базарлары болды. Жергілікті халық мал шаруашылығы, жер шаруашылығы және басқа да істермен айналысты. Өркениеті дамыған Элам, Шумер, Египет, Крит, Троя мен Кавказ секілді көптеген ошақтармен сауда-саттық байланыста болды. Табылған заттардың арасында құндылығы жоғары саздан жасалған геометриялық орнаменті бар ыдыстар, адам бейнесі, жануарлар мен өсімдіктердің суреті салынған көптеген тұмарлар, терракоттан және мыстан жасалған мүсіндер болды. Хараппадан табылған ер адам денесінің мүсіні, Мохенджо-Дародан табылған биші қыздың мүсіндері өте жоғары шеберлікпен жасалған. 
Инда алқабынан табылған мөр-тұмарлар ежелгі Месопотамиядан табылған мөрлер бетіндегі рельфтер мен көріністерге ұқсастығы, оған қоса Криттегі Кнос қаласының Минос сарайындағы табылған мөрлердегі жазуға ұқсастығы Инда халқында жазудың болғанын дәлелдейді. Өкінішке орай, бұл жазуларды әлі де оқу мүмкін болмады. Тек жазулардың дравидтік тілдер классификациясына жатады деген пікір анық. 
Бұл жерде діни заттардағы мәліметтер дәлелдірек келеді. Хараппаның мөрлерінің бірінде үш дидарлы тәңір бейнеленген, ол тағында йогалық кейіпте малдас құра отырған, ол піл, жолбарыс, енеке және мүйізтұмсық және бірнеше жануарлармен қоршалған. 
Зерттеушілер бұл тәңір (ол басқа мөрлерде де кездеседі) – ведалық құдай Рудрамен ақырында ұлы йога және жануарлар әміршісі деп есептелінген индуистік үш дидарлы құдай Шиваның жол салушысы деп болжайды. Табылған мүсіндердің ішінде құдай-ананың, табиғат пен егін шаруашылығы қорғаушысының да мүсіндері табылды. 
Сонымен б.з.д IY-III мыңж. Инда алқабының мәдениеті шумер қалаларының мәдениетінен кем түспейтіндей дәрежеде болған. Сондықтан үнді жерінде арийлік қоғамға дейін үнді халықтарында шумерліктердегідей ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті жеткілікті дәрежеге жетпей дамыды деп айтуға келмейді. Кейінгі зерттеулер бойынша үнді жазбалардың түп негізгі дравидік болғанына қарамастан, кезінде фантастикалы болып саналған екінші пікірге келіп тіреледі. Ол - тамыры б.з.д. II тіпті ІІІ мыңж. кететін тамильдік бастаулар мен одан кейінгі тұрған әдеби салттардың болуына нұсқау. Осы салттың нақты кейпін елестету қиын, осы әдебиет пен келесі әдебиеттердің байланысын зерттеу де болжамды түрде ғана, алайда ежелгі үнді әдебиетінің бөліктерін қайта құрастыру кезінде оның мағынасын елемеуге болмайды. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет