Шоң би туралы жазылған жазбалар: эссе, мақала, очерк және көркем шығармалар



Дата24.04.2023
өлшемі37,21 Kb.
#86015

Шоң би туралы жазылған жазбалар: эссе, мақала, очерк және көркем шығармалар

1764 жылы Едіге бидің әулетінде Шоң би дүниеге келген. Шоң би туралы зерттеген Г.Мұхтарова оның азан шақырып қойған есімі- Ақдәулет деген жорамал айтады. Халық арасында таралған аңыз былайша сыр шертеді: «Едіге би Ақдәулет есімді 5 жасар ұлын ертіп тоқсаннан асқан Қожаберген жыраудан бата алуға сәлем бере барыпты. Сонда Қожаберген жыраудың айтқаны:

Қыдыр дарып, бақ қонсын, Едіге саған, 
Мерейің үстем болып артсын бағаң. 
Өзінің қатарының алды болсын, 
Қасыңа еріп келген мына балаң. 

Тірі болса билердің зоры болсын, 


Хан, Сұлтан, төрелердің соры болсын. 
Бітіміне ақыл мен ісі сай боп, 
Ақдәулет болмай аты Ер Шоң болсын. 

Тіл-аузым, таңданбаймын, деймін тасқа, 


Тұғасы бұл балаңның елден басқа. 
Жұртына қорған болып, билік айтып, 
Келгейде ғұмырлы боп ұзақ жасқа. 

Тірілікте қанағаты мол, болсын қоңды, 


Сабырлы мінезімен болсын оңды. 
Едіге шырақ, замана азып барады, 
Бұл балаң әділ бидің болар соңы.»

Зерттеуші осы жырға сүйеніп Шоңның аты Ақдәулет болған деген тоқтамға келген.


Бір зерттеулерде Шоңның есімі Ақжігіт деген атпен беріледі. Екі түрлі нұсқада кездесуі Шоң атауы бидің есімі емес екендігін көрсететін сыңайлы. Жалпы қазақ халқында ат тергеу деген жақсы дәстүр бар. Жаңа туылған бала ат қоюға келгенде өте үлкен мән беріп қараған. Қазақ азан шақырып, баланы қолына алып оң құлағына үш рет, сол құлағына үш рет айқайлап ат қойып, той жасаған. Әуелі баланың құлағына Алланың есімін айтып азан шақырудағы мақсат жүрегіне Құдайдың аты бірінші жазылсын деген ниеттен туады. Мұндай дәстүр басқа мұсылман халықтарда кездеспейді десек артық айтқандық емес. Сонымен Шоң атауы биге қойылған лақап есім деуге толық негіз бар. Ш.Уәлихановтың берген анықтамасы бойынша «шоң»-үлкен, ұлы дегенді білдіреді. Шоң ірі денелі болумен қатар ел арасындағы беделі де зор болған. Бұл арадан шығатын қорытынды Шоң бидің әуелгі азан шақырып қойған аты ұмытылған. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Дана халқымыз баланы еркелеткенде жаратылысына қарап әр нәрсеге теңеп ат қоятын болған. Яғни бала кезінен азан шақырылып қойған аты аталмай, лақап есімі сақталып қалады. Тағы бір себебі тұлға болып қалыптасқан уақытта халық қошеметтеп кісіні өз атымен емес құрметті есіммен атайды. Осындай себептерге байланысты Шоңның да шын есімі ұмытылып халық арасында Шоң деген атпен танымал болып қалды.
Шоң бидің балалық, жастық шағы қалай өткендігі жайлы тарихи деректер кездеспейді. Ел аузында айтылатын аңыз-әфсаналар да жоқтың қасы. Зерттеушілердің пікірі бойынша Шоң би 1764 жылы дүниеге келіп, 1836 жылы қайтыс болған. Шоң бидің тегі атақты Едіге биден тарайды. Әкесі Едіге Абылай хан заманында беделді билердің бірі болған. Арғындардың сөзін ұстайтын әділдігімен қара қылды қақ жаратын дана биге айналған. Арғыннан шыққан Айдабол Едіге бидің даңқы бүкіл Алаш жұртына жайылды. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша Едіге ел билігіне тым ерте араласқан көрінеді. Үйсіннің Ошақты елі Орта жүздің Малайсары Жәдігер деген руынан шыққан Құлназар деген кісіні өлтіріп, құн даулап барған Есенбай, Еспембет деген батырларды елемей, айтқан уәжін құлаққа да қыстырмай құры қайтарыпты. Ойлы сөзімен, орамды тілімен қаршадайынан аты шыққан он төрт жасар Едіге жүз жігітті Шу бойына барып, үш жүздің басы қосылған жиында атақты Төле бидің өзіне базыналығын өткізген болатын. Едіге би әулие адам болған. Едігеден бес ұрпақ тарайды. Өз балаларының тағдырын болжап отыратын кісі болған көрінеді дана би. Көрген түсі мен жорыған түстері айна қатесіз орындалады екен. Жары Шоңды туарда түс көріпті. Түсінде «жаңадан бір қара бүркіт ұстадым. Балақ жүні тұғырды жауып кетті, жемсауы үлкен екен. Салмаған аңым, алмаған аңы болмады. Алған аңын қанатымен бүркеп айыртпайды. Шамасы, бұл өз заманының зоры болар, би болар, парақор болар. Үбірлі, шүбірлі боп, өсіп-өнер»,-депті. Әруақты бабаның айтқаны айнымай келіп Шоң өсе келе елдің қамын жейтін нағыз ер болып шығады.
Текті әулеттен шыққан Шоңның балалық және жастық шағы Абылай дәуірімен тұспа түс келді. Абылай ханның Түркістанда хан көтерілуі 1771 жыл екені тарихтан мәлім. Жоғарыдағы тарихи датаны Шоңның туылған жылы деп алар болсақ, бұл кезде 17 жасқа толады екен. Шоң әкесінің үлкен ұлы ретінде ел билігіне ерте араласқан.
Арық бимен болған оқиға
Тоқа ішінде Алтай елінің ұрылары көрші ауылдың малын айдап әкетіпті. Екі ел арасында дау шығыпты. Билік бітімге Атығай Арық би мен Тоқа Шоң би шығыпты. Шоң би ірі денелі насат кісі болса керек те, Арық би кішкене ғана ажарсыз адам екен. Шоң сөз бастапты: -Арқаның Арық биі сапарың оң болсын! Елің де, өзің де жүдеп шыққан екенсің, сөйле? Сонда Арық би: -Әлей болсын. Аққу құстың төресі, жеке жүріп оттамас. Асыл ердің жақсысы бұралқы сөзді бұттамас. Мен арық болсам, елімнің жоғын жоқтап жүрген болармын. Өлеңді жерде өгіз семіз, ұрылы жерде би семіз деген. Сіздің семіз болатын ретіңіз бар ғой, - депті. Шоң би басқа сөзге келмей, жанындагы жігіттерге қарап: -Мына Арық бидің малын беріңдер, малына қоса жолын беріңдер, - деп билікті көп созбай тындыра салыпты. Елдің айтуына Қарағанды Шоң би дінсіз де, діншіл де болмаған көрінеді. Керек жерінде дәрет алып, намазға да тұрған, дұға да оқыған. Ал, ел ісінің қауырт та көптігінен ол шарттардың бірін де істемеген кездері болған сияқты. Шоң бидің осы мінезін білетін қожа, молдалар оған көбінесе үйір бола бермеген. Ал, үйір болған күнде, оған әрқилы сұрақтар беріп, сүріндірмек те болыпты. Бір жолы оған Сәлі деген молда барып үйінде қонақ болып отырады. Дастарқан үстінде әртүрлі әңгіме сұрақ болатын әдет қой. Әлгі молда биге мынадай сұрақ беріпті, оған Шоң былай жауап беріп отырыпты: -Еркектің бақытты болмағы неден? -Әйелден. -Еркектің бақытсыз болмағы неден? -Әйелден. -Еркектің өрісі неден? -Әйелден. Еркектің көрісі неден? -Әйелден. -Еркектің абыройы неден? -Әйелден. -Еркектің абыройсызы неден? -Әйелден. Сөлі молда сәл сабыр етіпті де, енді мынадай сұрақ беріпті: Акылға кең, тілге шешен Шоң би оның сүрағына лайықты қысқаша бірыңғай жауап беріп отырыпты:-Әйелдің адал болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің надан болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің үй болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің би болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің күң болмағы неден? -Еркектен.
-Әйелдің сымбатты болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің қымбатты болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің базарлы болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің ақылды болмағы неден? -Еркектен. -Әйелдің бақылды болмағы неден? -Еркектен. Осы жерге келгенде шамасы Сәлі молданың терме сөзі ада болса керек. -Сізге дауа жоқ екен? - депті. -Сұрағыңызға қарай жауап, өзіңізге де сауап, - депті Шоң би. -"Әйелден, әйелден", "еркектен, еркектен", - дей бересіз. Түсіндіріп, таратып айтпайсыз ба, бүл бір-бір ауыз сөзіңізге кім түсінеді? Мәселенкі "жақсы мынадай болады" деп оған дәлел келтірмейсіз бе? - депті молда. Сонда Шоң би: Ей, молдеке, - депті. - "Көп сөз - көмір, аз сөз - алтын" дегендей, ол сұрақтарыңызға жеке-жеке тоқталып, дәлелдер келтіріп, ұзақ-сонар әңгіме ете берсем, таң атып, күн шықпайды. Ел жататын уақыт болды, жатпайсыз ба, таңғы нәсіп тәңірден деген. Мен ертелеп жол жүруім керек, солай молдеке, әзірше сол қысқа жауапты қанағат етіп аттана тұрасыз да. Төрелер қазақ руларын өзара бөліп алып билеген. Ал төресі жоқ рудың қоғамдық істерге араласуға, белгілі бір қоғамдық мәселе жайында өз шешімін, пікірін айтуға құқы бола бермеген. Бұл кара халықты үстем тапқа кіріптар етіп ұстаудың бірден-бір жолы еді. Сондыктан да ондай рулардың билері хан тұқымынан төре сұрап жүрген. Мысалы Ахмет Байтұрсынов Қаракесек руының Шор деген биінің 1748 жылы "еліме хан қоямын" деп Барақтан 14 жасар Бөкей деген баласын сұрап әкелгенін айтады. Ресей үкіметінің Орта жүз қазақтары үшін 1822 жылы шығарған жарлығы бойынша Қарқаралыда тұңғыш ашылған (1824 жылы) сыртқы округқа Қаракесектің әр руын - Шаншарды Тама төре, Алтайды Түгім төре, Шордан тараған үш тармақтың әркайсысын Тәуке, Әбілғазы, Батыр төрелер, Әлтеке- Сарымды, Ғазы төре, Әлтөбетті Әбілмәмбет төре, Қарсен Керейді Құдайменді төре, Қояншы Тағайды Шаңқай төре, Тобықтыны Бірелі төре, Бура найманды Әли төре, Керейді Жәңгір (Бөкейдің немересі) төре басқарып келген екен. ...Айдаболдың Едігесі дүние салған кезде қазақ елінің ішкі әлеуметтік- саяси жағдайы осындай еді. Ал әкесінің билік таяғы қолына тиген Шоң мұндай әділетсіздікке немкұрайды қарай алмады. Ол бірден ел арасынан төрелерді қуу саясатын ұстанды. Бұған көнгісі келмеген төрелер халықты оған қарсы қою мақсатында Шоң жөнінде неше түрлі лақап-өсек таратты. Шоң өз кезегінде халықтан айрылып қалмау үшін ата-баба дәстурін жаңыртуға дейін барды. 1730 жылы құба қалмақтың беті қайтқаннан кейін сонау Орта Азиядан Арқаға карай қоныс аударуға бел байлағанда елдің басын қосып, күш жинау үшін Қаржас биі Сәти, Айдабол батыры Олжабай, Сүйіндіктен тараған Қаржас, Құлболды, Жанболды, Орманшы ұрпақтары "Төртұлы" деген одаққа косылып (басқа рулар да кірген) Жоңғар басқыншылығы тегеурінінен жүз жыл бұрын тастап кетуге мөжбүр болған Баянауыл өңіріне кайтып келеді. Міне, Шоңның төрелермен шайқаста күш алу үшін, яғни халықты төңірегінен шығармау үшін жаңғыртқан "Төртұлы" одағы осы еді. Ата дәстүрі қайта бас көтеріп, халық Шоңды "Төртұлыға" төбе би қылып сайлап алғаннан кейін төрелерді елден енді шындап қуа бастайды... Шоң балашағасымен қыруар ауыл болып барып, Бөкейдің жылдағы жаулауы Нұра бойын түгел алып алады. Енді Бөкей атқа қонады. Төрт жүздей Қаракесек жігітгерін сойыл-шоқпармен қаруландырып Нұраға карай жібереді. Мақсат белгілі - Шоңды жайлаудан қуып шығу. Осы тұста Жаңа- батыр баласы Жанақ ақынның (1768-1850) халықты хан қолына беруге шақырған өлеңі еске түседі. Бөкей сұмдық бастады,Қаракесек, Қуандық, Ел ішіне от тастады. Жақынын жау деп таныпты. Қаракесек бауырмен,Біз де карап жатпайық, Араны отыр ашқалы...Жинайык барша халықты, Қаракесек, Қуандық, Егізім деп жүргендер, Сүйіндікке жауықты. Сүйіндік жау деп шауыпты. Ыкыласы олардың, Қамданайы, Шоң аға, Төрелерге ауыпты. Келетін жау қауіпті. Ханның жайлауын басып алу жайлы қимылға барған Шоң да, Жанақ айтқандай, камсыз болмайтын... Халық аузында калған Шоң мен Бөкейдің Нұра соғысы 1817 жылдың маусым айында болады. Сойыл-шоқпар соғылады, бас жарылып, көз шығады, адам майып болады... Сонда да бұл соғыста Шоң жеңіп, халық алдында мәртебесі көтеріліп қалады. Сөйтіп Шоң қарапайым қазақтың да ел басқара алатынын дәлелдеп, патша бекіткен жарғыны бұздырып, аға сұлтан болған тұңғыш би. Содан кейін Шоң салған ізбен Шорманның Мұсасының, Өскенбайдың Құнанбайының, Жайнақтың Ыбырайының, Зілқараның Мұсатының, Естенестің Есенейінің әр кезде әр округқа аға сұлтан болып сайланғаны тарихтан белгілі. Торайғыр мен Шоң ағайынды кісілер екен. Бірде екеуі катты араздасып калады да, ағасына өкпелген Шоң Бағаналы (Құлнияз) Бабырға көшеді. Татуластырмақ болып басу айтқан ел жақсыларының сөзін тыңдамайды. Шоңның көші жаңа ғана шығып бара жатқанда, қозысын суға кұлатқан сол ауылдың бір қозышы баласы кездескен біреуден "ана топ кімдер, ана көш кімнің көші" деп сұрайды. Әлгі кісі мән-жайды түсіндіреді. "Анау елден кетіп бара жатқан Шоңның көші, мыналар соңынан ере алмай, киып кете алмай тұрған туғандары дейді. Осыны естіген бала таймен шапқылап отырып, көштің алдын орайды да көш бастап бара жатқан Шоңға сәлем береді. - Ассалаумагалейкум, ата, жол болсын. Қайда көшіп барасыз? - дейді. Қасқая қарап, аталап, сәлем берген баланы елеп, Шоң тоқтап жөнін айтады. Сонда бала: - Е, мұнан барсан барасын, Батан алы Бабырға. Өзіне жейтін бас болса, Сыбағаңа тартылар. Бір сындырғы қабырға, Ат пен жігітің сай болса, Барымтасына жарарсың. Қызың сұлу, тазың алғыр болса, Бозбаласына жағарсың. Ел көшкенде, сен түндігңе қарарсың. Мұндағы Торайғыр, Шоң деген, Аттан бір айырылып қаларсың, - дейді. Шоң ойланып тұрып қалады. "Не істейміз?" - деп соңына ерген ел жақсыларынан сұрайды. -Е, не істеуші ек, алға тартамыз да. Елдің бүкіл жақсысы мен жайсаңы жалынтанда тоқтамағанда, енді бір қаршадай бала айтты деп жолдан қайту ұят емес пе? - дейді. -Жоқ, олар осы баланын сөзін тауып айтса қайда қалыпты. Мен кімнен жеңілсем, соны мойындаймын, көштің бетін елге бұрыңдар, - деп Шоң райдан қайтқандығын білдірген көрінеді. -Алда, ерім-ай, енді қайтсін. Дұрыс-ақ-ау. Шоңның шоңдығын танытар мінез ғой бұл, - депті қасындағы кісілер. Нұрбай батыр сөзге де шебер адам екен. Бір күні біраз мал жоғалып, түн қатып іздеп жүріп, таңертең ерте жұрт тұрмай бір ауылға келеді. Қотанның шетінде тұрган бір адамға келсе Шоң екен. Амандасқаннан кейін, Шоң: -Уа, кімсің? - дейді. -Кереймін, - дейді Нұрбай. -Керей болсаң атың кім? -Атым Нұрбай. -Нұрбай қарақшы сен бе едің? -Сіздің ел қандай кісіні қарақшы дейтінін қайдан білейін, біздің ел қотанның шетінде калқайып жалғыз тұрғанды қарақшы дейтін еді, - дейді Нұрбай батыр. -Жол болсын, неғып жүрсің? - дейді Шоң. -Он бес шамалы жылқы алдырып, соны іздеп жүрмін. -Сенің атын Нұрбай болса, бүгін алдырған жылқың он бес болса, ертең отыз болар, - дейді Шоң. -Бәрекелді өзім де сізді анығын айтар деп едім. Әділін айттыңыз, - дейді Нұрбай. -Қалжыңға түсінбейсің бе, - дейді Шоң. Нұрбай: -"Ұлы би қалжың болмас, әділ би мылжың болмас" деген сөз бар. Әділ би болсаң малымды қайтар. Шоң би олардың малын қайтарып береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1) Исабай І., Шоң би, Жазушы, А., 1993
2) Шоң би Едігеұлы.Буклет.-Түркістан: «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, 2012.-24 бет.
3) Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Аруна LTD." ЖШС, 2010. - 576 б

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет