Шөгінді тау жыныстары — құрлықта немесе су бассейндерінде шөгетін материалдан пайда болатын тау жыныстары. Материалдың бөлшегі, салмағы, үлкендігі оның сортталу дәрежесімен сипатталады және қабатты болады, жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары кездеседі. Шығу жағынан химиялық (гипс, тас тұзы, оолитті ізбестас және басқалары), органогендік (қараңыз), жануарлар мен өсімдіктердің өмір сүруінің салдарынан пайда болады (маржандық және қабыршақтық ізбестас, шымтезек, тас көмір) және кесек шөгінді тау жыныстарына бөлінеді. Шөгінді тау жыныстары жер бетінің 75%-н жауып жатыр. Шөгінді тау жыныстарының түзілу процесі литогенез деп аталып, үш сатыдан өтеді: қатты (түпкі) тау жыныстарының мүжілуі, бұзылуынан бастапқы материал пайда болады; осы материал су ағыны, жел, мұздыққа байланысты құбылыстар әсерінен көшеді де құрлық немесе су түбіне тұнады; әр түрлі бөлшектерден құралған, суға қаныққан борпылдақ тұнба түзіледі. Әлі тепе-теңдік күйге келмеген, бірақ уақыт өте келе біртіндеп Шөгінді тау жыныстарына айналатын осы тұнба күрделі физика-химиялық жүйе болып саналады. Осы жүйенің тау жыныстарына айналу процесі гипергенез, седиментогенез, диагенез, катагенез, т.б. даму сатыларында жүзеге асады. Шөгінді тау жыныстары бұрын болған эндогендік тау жыныстарының үгілу өнімдерінен пайда болғандықтан олардың химиялық құрамы бір-біріне ұқсас. Айырмашылығы Шөгінді тау жыныстарында темір мен кальций тотығы және су мен көміртектің көбірек болуында. Шөгінді тау жыныстары құраушыларына байланысты аутигендік және аллотигендік деп бөлінеді. Шөгінді тау жыныстары түзілуі бойынша 3 класқа бөлінеді:1.сынықты 2.сазды 3.химия-биохимиялық Сынықты Шөгінді тау жыныстары тегіне байланысты екі қатарға ажыратылады: жанартаулық және нақты шөгінді. Жанартаулық-сынықты тау жыныстары жанартау атқылауы кезінде түзіліп (пирокластар), мөлшер қатынасы бойынша туфтар, туффиттер және туфогендік болып үшке бөлінеді. Сазды Шөгінді тау жыныстарының болбыр, жұмсақ түрлерін саздар, ал тасқа айналғандарын сазтастар деп атайды. Олар гидрослюда, монтмориллонит, т.б. сияқты сазды минералдардан тұрады. Химиялық және биохимиялық Шөгінді тау жыныстары химиялық құрамына қарай алюминийлі, темірлі, марганецті, фосфатты, кремнийлі, карбонатты, тұзды тау жыныстары болып бөлінеді. Шөгінді тау жыныстарының ең көп таралғандары сазды тау жыныстары (53%), құмды тау жыныстары (25%), карбонатты тау жыныстары (20%). Біз жоғарыда шөгінді тау жыныстарының бірнеше топтарға, түрлерге бөлінетіндігін көрдік. Сол шөгінділердің қай кезде, географиялық қандай жағдайларда құралғандығын білу —өте керекті мәселенің бірі. Осы мәселелерді зерттейтін геологиянын, бір белімін фациялық зерттеу деп атайды. Геология ғылымында фация деп минералдық құрамы бір тектес және арасындағы фауналары мен флоралары бірдей тау жыныстарының қабаттарын айтады. Минералдық құрамы мен палеонтологиялық қалдығы бірдей жыныстарды, әрине, географиялық белгілі бір тектес жағдайда пайда болған деп санауға тура келеді.
«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том