Сынып жетекшісі, оның тәрбие жұмысын ұйымдастыру қызметі мен міндеттері.
ОРЫНДАҒАН: ТҰРСЫНБЕК ИСЛАМ
Мақсаты:
Мектеп өмірінде сынып жетекшісі қызметінің ерекшеліктері мен міндеттерін және оның тәрбие жұмыстарының бағыттары мен мазмұнын ашып көрсету. Сынып жетекші институтының қалыптасу тарихы мен жұмысының ерекшеліктерін негіздеу.
Жоспары:
1.Сынып жетекшісі, оның міндеттері мен жұмысының ерекшелігі.
2 Сынып жетекші институтының қалыптасу тарихы мен жұмысының ерекшеліктері.
3. Сынып жетекшісінің педагогикалық қызметі.
4. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмыстарының бағыттары мен мазмұны.
5. Сынып жетекшісінің тәрбиелеуші ортаны ұйымдастыру және дамыту технологиясы.
Негізгі ұғымдар
сынып жетекшісі, оқушыларды қадағалаушылар, топ жетекшілері, мектеп жарғысы мен ережесі, сынып жетекшісі қызметі: педагогикалық-әлеуметтік, ұйымдастырушылық, оқушылардың жалпы әрекетін басқару (диагностикалық, ұйымдастырушылық, үйлестірушілік, басқарушылық, мақсатқоюшылық, жобалау, түзету (коррекция), жоспарлау және т.б.).
Тақырып бойынша проблемалық сұрақтар:
1. Мектептің тәрбие жүйесінің субъектісі ретінде сынып жетекшісі қызметін тағайындау қажеттілігі қандай?
2. Сынып жетекшісінің міндеттері мен қызметіне не жатады?
3. Сынып жетекшісі институты қай жылы құрылды және оның міндеттері мен жұмысының мазмұны қалай анықталды?
4. Сынып жетекшісі туралы ережелер қай жылдары бекітілді және олардың бір-бірінен ерекшелігі қандай?
5. Соңғы жылдары сынып жетекшісі қызметінің жаңа түрлері және оның пайда болу себебі не?
4.1. Сынып жетекшісі, оның міндеттері мен жұмысының ерекшелігі.
Мектеп өмірінде мұғалім - басты тұлға. Мектеп мұғалімі балаларды оқытып қана қоймайды, сонымен бірге оларды тәрбиелейді. Ол белгілі бір сыныпта оқушылардың оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушысы әрі ұстазы, ақылшы-кеңесшісі болып саналады. Сондықтан да ол қиын да әрі жауапты міндетті атқарады. Соған қарамастан мұғалімдердің кейбіреуі бұл міндетті өздерінің білім беру қызметіне қосымша іс ретінде санаса, ал басқалары оны өздерінің негізгі педагогикалық әрекеті ретінде қарастырады. Дегенмен, сынып жетекшісінің тәрбиелік қызметі қаншалықты қиын болғанымен де, әрине ол балаларға өте қажет.
Себебі, мектеп құрылымындағы ең негізгі буын ол – сынып. Мұнда оқушылардың таным әрекеті ұйымдастырылып, олардың өзара әлеуметтік қатынастары қалыптасады. Балалардың болашақ әлеуметтік жағдайға бейімделуі, олардың демалысына қатысты мәселелері, алғашқы ұжым болып қалыптасу дәрежесі, соған сәйкес сыныптың моральдық-психологиялық жағымды көңіл-күй жағдайы жүзеге асырылады.