Кіріспе Сөздің дыбысталуы мен мағынасы жағынан салыстырып қарағанда, синоним омонимге қарама-қарсы тұрған лексика-семантикалық тілдік құбылыстар. Омонимдер ұғымы басқа, дыбысталуы бірдей бірнеше сөздер тобын білдірсе, синонимдер, керісінше, ұғымы бір, әр түрлі дыбысталып айтылатын сөздер тобын қамтиды. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар тек бір ғана сөз тобына қатысты болады.
Синонимдер мынадай белгілеріне қарай топтастырылады.
1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет. 2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек.
3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуға тиіс. Бұл үш белгі – сөздерді синоним деп танудағы басты шарт. Сонымен қатар бір сөз табынан болған синонимдер бірыңғай граматикалық тұлғада келуі мен контексте бірін-бірі алмастырған жағдайда, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы синонимдердің қосымша белгілерін көрсетеді.
Синонимдер түбірлері әр түрлі болғанымен, беретін мағыналары жағынан жуықтас, жақындас болып келеді. Көп жағдайда оларды өзара алмастыруға да болар еді, алайда әрдайым бұлай бола бермейді. Қалай болғанда да, мағыналық жақындық көзге түсіп тұрады. Мысалы: Әркім арманын, қиялын іске асыруға тырысады деген сөйлемде арман және қиял деген сөздердің мағыналық жуықтастығы дау туғызбаса керек. Сондай – ақ биік – жоғары, алыс – қашық, күмән – шүбә деген сөздер тілімізде молынан кездеседі.
Синонимдер дегеніміз - әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер. Яғни сөздер бір ғана ақиқат шындықты көрсетіп, бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар синоним деп танылады. Өз ара мәндес сөздерден синонимдік қатар құра алады.
Тілдегі синонимдер үш түрге бөлінеді: а) мағыналық синонимдер, ә) стильдік синонимдер, б) мағыналық – стильдік синонимдер.
Әрқайсысының өзіне тән мағыналық реңкі бар, стильдік жағынан шектелмейтін, тілдегі барлық салада талғаусыз жалпылама қолданыла беретін снонимдер мағыналық синонимдер деп аталады.
Мысалы: абырой – бедел – кәдір, азайту – алу – кеміту – шегеру, батыл – өжет – өткір т. б.
Стильдік синонимдер деп мағына жағынан ұқсас (тең) бола отырып, бір-бірінен стильдік бояуы арқылы өзгешеленетін мәндес сөздердің түрлерін айтамыз. Мысалы: ат –есім – ныспы, бәсеке – бақас, жазғыру – күстәналау, жылау – мөңіреу т. б.
Тілдегі синонимдер бір-бірінен не мағыналық жағынан, не стильдік мәні жағынан өзгешеленіп, бірөңкей болып келе бермейді. Олар кейде әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленеді. Синонимдердің осындай түрлері мағыналық-стильдік синонимдер деп аталады. Мысалы: іздену – тімтіну, мақтаншақ – бөспе, тақия – төбетей – кепеш, т. б.