Сіз қосымшалары-бірде үстеусөздерге, бірде есім сөздерге, бірде етіетіктерге— жалғанып, кісі қасиетін ашудың, оның жеткен шыңын бағалаудың таптырмас нұсқалары болып шыққан



Дата25.05.2023
өлшемі55 Kb.
#96948
Байланысты:
Шешендік с здерге тіл, стиль м селесіні атысы




ӘОЖ 80: 821.512.122


Шешендік сөздерге тіл, стиль мәселесінің қатысы

Елемесова Жансая


ОҚМПИ, 4 курс студенті
Құрбанов А.Г.
ОҚМПИ, ф.ғ.к., доцент

Стилистика – тілдегі мәнерлілік, әдемілік болса, сөйлеу мәдениеті – тәртіптілік, тазалық, көркемдік, дұрыстық. Бұл екі сала да тіліміздегі сөздер мен олардың грамматикалық құрылымдарының қолдану заңдылықтары. Шешендік сөздің әлеуметтік мәні – мәңгілік. Шешендік сөз барлық стильдің ауызша түрінде кездеседі дедік. Оның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық шешендік ауызекі тіл мен публицистикалық стильдің барысында айрықша көрінеді: саяси-әлеуметтік, әлеуметтік-тұрмыстық жиындарда, ресми өкілдердің сөйлеген сөздерінде, мәдениет-қоғамдық ортада да қолданылады. Қазіргі шешендік стиль – сөз арқылы тәрбиелеу тәсілі. Оның бәрі тілдік ойлау жүйесі арқылы асады. Сөйлеуші ойды жинақтаған кезде сөйленетін сөзді жүйелеп, тобықтай түйінін жасайды. Сөйлеушінің белгілі тілдік-стильдік жүйесінен шешендік өнер, шешендік стиль шығады. Қазіргі шешендік сөздің прагматикасы иландыру мен дәлелдеу мақсатын көздейді, олардың басты мәні - әр түрлі сұрақ төңірегінде стилистикалық әсер тудырады. Сұрақтың түрлерін былай бөлуге болады:


– орынды сұрақпен қақпанға түсіру;
– қарсы сұрақ әрекеттері;
– шытырман сұраулар құрсауына түсіру;
– ықтиарсыз көндіру сұрақтары;
– үндетпелі сұрақтар
– шешеннің ақыл-ойы мен эрудициясы, сұрақтарға дәлелді жауап қайтаруы;
– кәсіптік шеберлік әдіс-тәсілі.
Белгілі бір стиль із-түзсіз жоғалып кетпейді. Қазіргі функционалдық стиль үлгілерінің тілінен бұрынғы стильдік белгілердің ізін таба аламыз. Әрбір жазушының бүкіл шығармашылығының өн бойынан көркемдік негіздің тек сол жазушыға ғана тән ерекшелігін аңғарамыз. Мұндай ерекшелікті жазушы шығармасының мазмұны мен пішініне қатысты басқа жайттардан да іздеп табуға болады. Міне, стиль - әр суреткерге (оның ішінде шешенге де) тән осындай шығармашылық ерекшелік.
Зерттеушілер суреткердің, шешеннің сипатын оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен бастау керектігін айтады. Мәселен, сөз зергері 3.Қабдолов жалпы суреткердің мынадай басты қасиеттерін санамалап талдап, сол арқылы дарын табиғатын сипаттап береді:
«Біріншіден, сезім. Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену, көкірегінде көл-көсір сыр ұялату.
Екіншіден, бақылау. Жіті бақылағыштық. Нәзік сезім көреген, дәл бақылаумен ұштасып жатады. Көрмесе, сезім қайдан болмақ.
Үшіншіден, қиял. Творчестволық фантазия. Бақылап білген, сезген шындықты кең өріске шығаратын қанатты творчестволық қиял – таланттың серігі.
Төртіншіден, интуиция. Мәселен, өлең жазу – есеп шығару емес. Есеп шығаруда белгілі ереже, амал, тәсіл болса, өлең – ішкі терең, табиғи тербелістің, тебіреністің нәтижесі.
Бесіншіден, өмірбаян. Тәжірибе молдығы. Тіршілікте көрген-білген, ұққан-түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты.
Алтыншыдан, парасат. Сананың саралығы.Шын талантқа шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек.
Жетіншіден, шеберлік. Нағыз маман суреткерге тән шеберлік болмаған жерде суреткерлік даналық та жоқ. Даналық - еңбек сүйгіштік.
Сегізіншіден, шабыт. Шалқыған шабыт болмайынша, шеберліктен де ештеңе шықпайды. Шабытсыздық - қабілетсіздік, қабілетсіздік -дарынсыздық, дарынсыздық - талантсыздық» [1, 13-15–б.].
Шешен бітімін, суреткер табиғатын байыптағанда ғалым саралап айтып берген бұл қасиеттердің функциялары айтарлықтай.
Жалпы алғанда, стиль деген терминнің мағынасы әр түрлі: байырғы римляндар сырлы тақтаға сөз жазатын бір ұшы қалақша, бір ұшы сүйір таяқшаны стиль деген болса, кейін әркімнің қолтаңбасы, жазу өрнегі, одан бертін келе сөз мәнері, сөйлеу машығы, ақыр аяғында әр суреткерге тән өнер ерекшелігі стиль атанған. Соңғы анықтама белгілі ғалым Бюффонның жалпы жұрт нақылға айналдырып әкеткен «Стиль - адам» деген тұжырымына сай келеді. Бюффон ғана емес-ау, мұндай пікірді «Мінез қандай болса, стиль де сондай» деген Платоннан «Адамның барлық қасиеті стильде тұрады» деген Стендальға дейін талайлар айтқанын тағы ескеру керек.
Стиль деген ұғым ғылым мен өнер атаулының бәріне қатысты және олардың әр саласындағы сипаты әр бөлек. Ғылым мен өнер ғана емес, бұл ұғым тіпті өмірдің өзінде қаптап жүр: жұмыс стилі, кеңсе стилі, газет стилі, шахмат стилі т.б.
Шешендік сөз, шешендік өнер алдымен ауызекі тілге тән. Жұрт алдында қағазға қарамай сөйлейтін кісілер сол өнеріне сүйсініп айтатын ойын да, оны айту тәсілдерін де табан астында «суырып салып» сөйлейді.
Біздің қарастыратынымыз – жазушының, ақынның, бір сөзбен айтқанда, шешен тілді жанның стилі. Әр қаламгердің әдеби бетін айқындайтын жазушылық стиль оның өз кезегінде шешендік танымын да көрсете алады. Және әрбір қаламгердің шешендігі осы стилі арқылы қалыптасады да, үнемі динамикалық даму үстінде болады. Шығармашылык ерекшеліктің қалыптасуында, Гетенің айтуына қарағанда, үш кезең бар: А) өзінен бұрынғы үлгіге жалаң еліктеумен жүрген шақ; Ә) өзгеден бөлегірек азын-шоғын мәнер, машық тапқан тұс; Б) өзінен басқа ешкімге ұқсамайтын өзгеше стиль белгілеген кез. Соңғы кезең, яки шын мәніндегі стиль қалыптастырған кез - шығармашылық эволюцияның ең жоғарғы сатысы, бұған жету үшін әбден шыңдалған суреткерлік шеберлік керек. Әдебиетпен әуестенгеннің бәрі үшінші сатыға (стильге) жете бермейді, мықтағанда, екінші сатыға (мәнерге) жақындайды, немесе бірініші сатыда қалып қояды. Себебі: «Стиль – эшын талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез келген ақын-жазушыдан стиль іздеу - бекершілік. Өйткені барлық өлең қиыстырушыларды ақын, сөз жаза білушілерді жазушы десек, қателескен болар едік. Дарын жоқта - стиль жоқ. Бұл екеуі сабақтас. Оқырмандарының ойына азық, жанына сусын бермейтін можантопай шығармалар жазып, «жазушы» атануы мүмкін. Бірақ ондайлардың өзіне тән стилі болады деу -қате. Құба-төбел қойторыларда стиль болмайды. Олардың бірінің шығармалары егіз қозыдай екіншілеріне ұқсас келеді. Жаман шығарманы жағымпаз сыншы, жандайшап әдебиетшілер қанша мақтаса да жандандыра алмайды. Барлық сыншылардың ішінде ең ұлы, ең данышпан, ең қателеспейтін сыншы - мезгіл деп В.Г.Белинский айтқандай, жаман шығарма, дарынсыз жазушы мезгіл сынын көтере алмақ емес. Демек, стильді нақтылы талант, ұлы жазушылардың туындыларынан іздеген жөн». [2, 23-24–б.]. Бұған қоса айтарымыз, шешендік сөз өнерінде шешен өз шеберлігін көрестуде шешендік өнердің құпиясын пайдалану құқығына да ие бола алады. Сондықтан оның ерекшеліктерін ежелгі дүние ойшылдары былайша
– көресткен болатын:
– таза біткен бейімділік;
– шешеннің дарындылығы;
– шешеннің жеке қабілеті;
– кәсіптік дайындығы;
– шешендік өнердің талаптарын игеру т.б.
Шешендік сөздің тағы бір талаптарының бірі – элокуция деп аталады, латын тілінен аударғанда «көркем айту, тілмен безендіру» деген мағынаны білдіреді. Тілдің дұрыстығы, айтатын сөздің айқындығы, орындалу реттілігі, жүйелілігі, сөзді, сөз тіркесін таңдап қолдану, тілдік көркемдік амал-тәсілдерін пайдалану мүмкіндігі – шешендік стильдің негізгі тілдік бірліктері. Мысалы: «мойнына отырып алған, мойнына мініп алу, арамтамаққа, асыраушысынан айырылған, қамқоршысы болу, ниеті қара, ақ ниетпен, аққа құдай жақ, алаяқ, арам, сұм, залым, таза, ниеті де таза, жаны да таза». Сонымен қатар, шешендік сөзде дайын сөз формалары қолданылады. Басқаша айтқанда стандартты (штамп) сөздер мен эмоционалды сөздер тізбегі қатар пайдаланылып, эмоцияға әсер беретін негізгі фактіні көрсететін тілдік бірліктер қатысады, олар стилистикалық категориялар мен стилистикалық ауыс мағыналардың негізінен тұрады. Яғни, шешеннің дәлелдемелерді пайдаланудағы оралымдылығы, икемділігі, дәлелдемелерді сөйлеген сөзінде орнымен орналастыра білуі оның стиль жатықтығынан, стиль шеберлігінен туындайды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
I. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. –Алматы, 2003. .
2. Қабдолов 3. Сөз өнері. –Алматы, 1992.





Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет