СөЖ-2 Мұсабай жыраудың «Жанқожа батыр» жырындағы Жанқожа батырдың бейнесі, әділдігі



Дата17.10.2023
өлшемі78,54 Kb.
#117153

СӨЖ-2 Мұсабай жыраудың «Жанқожа батыр» жырындағы Жанқожа батырдың бейнесі, әділдігі.

Орындаған: Табиғұл Дариға

Өсербай Дильназ


Жанқожа батыр туралы тарихи жырлардың оннан астам нұсқасы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр, бұл эпостар әйгілі «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 62-томына топтастырылып енді. Міне, Жанқожа батырдың 240 жылдығына орай бүгінгі күні Қызылорда теміржол бекетіне оның атқа мінген қола ескерткіші қойылды, бұл қуаныш, алайда қазыналы халық қасиетті батырына дүниеден озған шағынан бастап қара өлеңмен алып тұлғасын айшықты мүсіндеген болатын. Қазақтың талай отан үшін отқа түскен жаужүрек батыры болған, бірақ солардың бірсыпырасының маңдайына тарихи эпостан несібе бұйырмапты. Батыр туралы эпос тудыру күрделі құбылыс, ал «Жанқожа батыр» жырының оншақты нұсқасының болуы – «Сыр елі – жыр елі» екендігінің айқын дәлелі, сонымен бірге бұл халықтың қаһарман тұлғасына берген әділ бағасы деуге болады.

Жанқожа батыр

  • Жанқожа батыр — 19 ғасырдың орта шеніндегі Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан отаршылдығына қарсы күресін суреттейтін жыр.
  • Айтушысы — Мұсабай жырау, ол Қазалы маңындағы Қаракөл елді мекенінде тұрған.
  • Жинаушысы – И. В. Аничков. Ол Санкт-Петербург университеті шығыстану факультетінің түлегі, Сырдария губерниясының әр түрлі аймақтарында сот қызметін атқарған, Орынбор, Түркістан ғылыми қоғамдарының белді мүшесі болған. Аничков жырды 1893 жылы қағазға түсіріп, кейіннен «Қазан университетінің археология, тарих, этнография қоғамының хабаршысында» жарияланған. Шығармада Сырдың төменгі ағысындағы қазақтардың Хиуа хандығына, әсіресе, Бабажан сартқа қарсы күресі жырланады. Жанрлық тұрғыдан келгенде бұл тарихи жыр.

Онда Кенесары, Төлек, Арынғазы, Есет, Бекет, Бабажан, т.б. тарихи тұлғалар мен Үргеніш, Бұхара, Райым секілді жер-су атаулары көптеп кездеседі. Жекелеген ру аттары да көрініс тапқан. «Жанқожа батыр» жырының көлемі шағын, 161 жол. Тілі көркем бейнеленген.
Қазаққа сарт та қылды үлкендікті,
Көркемдік Жәкең барда еш кемдікті,
Қаласын Бабажанның бұзып алып,
Қазаққа алып берді бір теңдікті
- деген жолдар он бір буынды өлшемге құрылған.
Жанқожа батырдың әдеби көркем бейнесі біршама жасалған. Жанқожаны көзімен көрген, оның жанында жүрген екі ақын болатын, оның бірі – Мұсабай да, екіншісі – Төремұрат. Өкінішке қарай, Мұсабай дастанында портрет жоқ, ал елеусіз қалып жүрген адуынды, тапқыр, ұшқыр айтыс ақыны Төремұраттың сөздері, алмағайып заман болды, қағазға түсірілмеді, мұрасы халыққа түгелдей жетпеді. Төремұраттың ұрпақтары «ақынның қағазға түскен жырлары қырқыншы жылдары өртеніп кетті» дейтін көрінеді. Алдымен қолда бар мынадай портретке зер салып көрелік.
Кісі екен ортадан биік, кең жауырынды, Қаршыға төс, мұз омыртқа, мол сауырынды. Кебеже сүйегімен тұтас біткен,
Ат жақты, жүзі сары, қыр мұрынды.
Қою қас, қабағы сұр, қалың қабақ,
Терең ойлы, ауыр мінез – алған атақ.
Сақалын өріп қойған лентамемен
Тарақпен қояды екен тарап-тарап.
Өмірзақ Ахметовтің суреттеуіндегі Жанқожа былай: «Бүркіт қабақты, бура сан, алшақ төс, кең жауырын, жуан мойын. Білегі атан түйенің ортан жілігіндей, саусақтары білеудей әрі салалы. Бойы өзгелерден жарты аршын биік. Денесі шымыр, ширақ, Көзінің жанары отты, маңдай терісі қалың. Қатты ашуланғанда көзінен оты шашырап, кісіні тура қаратпайды. Осы кезде оның қарсы алдына ешкім батып бара алмайды. Өңі қараторыға танық, қоңыр. Жалпы тұрпаты жолбарыстай сұсты, арыстан­дай айбатты еді».
Жоғарыда айтып кеткен батырдың ұрпағы Қабыланның жазуындағы батырдың портреті мынадай: «Жанқожа төртбақ, орта бойлы, шарты келген ет бетті, ат жақты, қалың қабақ, айна көз, сұрғылт бетті, қарасұр, ұзын сақал кісі еді. Арқасында желкесінен құйрығына дейін жалы бар еді. Жауырыны қақпақтай. Үстіне түйе жүн шекпен (шекпен ішінен сауыт киіп, белдемше тағатын) басына қара далбай немесе тымақ киетін. Аяғына етік, беліне кісе буатын-ды. Садақ, найза, қылыш, семсері қайда жүрсе де тұла бойынан қалмайтын».
«Жанқожа батыр» жырының нұсқалары.
Жырдың Орнықбай Сұлтанұлының нұсқасында бір жағынан Қоқан мен Хиуа хандығы, бір жағынан орыс отаршылдары елді езіп, талауға түсірген дүрбелең заманда Жанқожадай батыр жауға жеке шаппай, сол кезеңде алты алашты азаттыққа шақырған Кене ханды іздеп, Көкшетауға барып кездескені, ақыл қосқаны, Абылайдың аруағына қарындасы Фатима сұлуды атағаны баян етіліп, дүйім қазақ елінің сыртқы жауға қарсы күресте біртұтас ағза екендігі жырланады.
Жырдың Қарман Сұлтанұлы нұсқасында хан Кенесары Басығара, Көбек би, Тілеулі батырларды Жанқожаға елші етіп жіберіп, құдаласу рәсімін жасап, батырмен жақындасады. Жырдың Лұқпан Кенжеұлы нұсқасында Бабажан сарттың баласы Майқарабекті батырлар тірідей қолға түсіріп, Кене ханға тарту етіп жібереді. Осылайша жырда хан мен батыр сарбаздар тізе қосып, тіл табысып, басқыншы жауға қарсы күрескені, соның нәтижесінде Жанкент, Созақ секілді қоқан бекіністерін талқандап, зор жеңіске жеткені суреттеледі. Жыршылар осылайша ел иесі хан мен күш иесі батырдың ауызбіршілігін, тұтас қазақ жұртының ынтымағын тебірене жырға қосады.
Қазақ поэзиясының бір саласы болып танылатын тарихи өлеңдер туралы алғаш пайымдаулар өткен ғасырдың бас кездерінде айтыла бастаған болатын. Олардың арасында А.Байтұрсыновтың Әдебиет танытқыш (1926) еңбегінде, М.Әуезовтің Әдебиет тарихы (1927), Х.Досмұхамедұлының Қазақ халық әдебиеті (1928), С.Сейфуллиннің Қазақ әдебиеті (1932) еңбектері бар.
Бүгінгі таңда жас ғалым Ж.Ахметжанова өз еңбегінде тарихи өлеңдерді аталып өткен тақырыптар бойынша зерделей келе, сол тарихи өлеңдердің жанрлық ерекшеліктерін дамуы мен қалыптасуын, топтасуы мен тұтастануын, халық поэзиясының өзге жанрларымен арақатынасын, көркем бейнелеу құралдарының тарихи өлеңдегі қызметін және тарихи өлеңдердегі тіл өрнегін жан-жақты сипаттап жазған.
Тарихи өлеңдер қоғам өмірінің әр кезеңінде туып, халықтың мақсат-мүддесіне сай қызмет еткен. Оның нақ бастаулары Көне түркі дәуірі, Алтын Орда, Ноғайлы дәуірлерінен танылса, айрықша дамуы мен қалыптасуы Қазақ хандығы және одан кейінгі ел тарихындағы оқиғалармен байланысты туындаған.
Қазақ тарихи өлеңдерінің жинақталуы XIX ғасырдан бастап, XX ғасырдың алғашқы жартысында жүзеге асқан. Бұл іске қазақтың ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері және фольклортанушы ғалымдары айтарлықтай ат салысқан.
Қазақтың тарихи өлеңдерінің көне үлгілері бізбен туыстас көптеген халықтардың өлеңдерімен тақырыбы ұқсас, идеясы бір болып келеді.
Тарихи өлеңде әр дәуірдің дерегін танытарлық дәлелдің көрсеткіші ондағы көнерген сөздер мен жаңадан қалыптасқан сөздерден аңғарылады.
Соның нәтижесінде қазіргі таңда тарихи өлеңдерге қатысты қорытынды мәселелерге тоқталғанда төмендегідей тұжырымдар ұсынылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет