Сөздің дәлдігі және ойдың айқындылығы, тіл тазалығына қойылатын талаптар



Дата21.12.2022
өлшемі39,68 Kb.
#58741
Байланысты:
Әнуар Ақбота


Орындаған: Әнуар Ақбота
Тобы: Б(о)-19к
Қабылдаған: Кулибекова Ж. С.
Тақырып:”Сөздің дәлдігі және ойдың айқындылығы , тіл тазалығына қойылатын талаптар.”
Сөз дәлдігі – сөздерді тілдегі мағынасына лайық қолдану. Сөз мағыналарын жақсы білген адам сөзді орнымен жұмсай алады. Кейде адамдар сөйлегенде не жазғанда сөзді қате қолданып жатады.
Мысалы: «Арландар» тобынан алғаш болып қол бастаған Теміртас Жүсіпов табандылық танытты. Аппақ қармен көмкерілген тау беткейінде қысқы күннің қызуы көз қарықтырады (газеттен). Осы сөйлемдердегі қол бастау, қысқы күннің қызуы қолданыстарында дәлдік жетіспейді.
Қол бастау – жорық, соғыс жағдайына байланысты қолданылатын тіркес, дұрысы жарысты бастаған болуы керек. Сол сияқты көз қарықтыратын күннің қызуы емес, сәулесі не жарығы болуы тиіс.
Дәл сөйлеуге қажетті алғышарттың бірі – мағыналас сөздерді, олардың деректі, дерексіз ұғымды білдіретін түрлерін талғап, таңдай білу.
Мысалы: жоғары сыныптағы құрдастарым да құттықтап келді. Өзінен жоғары сыныпта оқитындарды «құрдас» демейді, құрдастардың жастары шамалас болады. Сондай-ақ еңбек ардагері деген тіркес бар, ал жұмыс ардагері деп айтпаймыз.
Сөз дәлдігі – әдеби тіл стильдерінің (көркем әдебиет, публицистика, ғылыми стиль, ресми стиль) бәріне бірдей қажетті сапа. Осыған орай, бір стильде норма болып есептелетін қолданыстар екінші бір стильде нормаға қайшы болуы мүмкін.
Мысалы: беске бітірді, оқудан құлап қалды т.б. тәрізділер ресми тіл стиліне сай емес, бірақ сөйлеу тілі үшін қалыпты жағдай болып саналады.
Сөз дәлдігімен тікелей байланысты ұғымдардың бірі – ойдың айқындылығы. Сөз дәлдігі жекелеген сөздер мен тіркестердің қолданысына байланысты болса, ой айқындылығы тұтас сөйлемнің мағынасына қарай ажыратылады және сөйлеушінің әдеби тілінің байлығы мен нормасын жетік білуімен, грамматикалық формаларды орынды қолдануымен өлшенеді.
Сөйлеуші сөздердің табиғи мүмкіндіктерін: тура мағынасын, көпмағыналылығын, синонимдік, антонимдік, омонимдік қасиеттерін кең түрде пайдаланумен бірге, сөздерді ауыспалы мағынада, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді орынды қолдана
білмесе, ой айқындылығына нұқсан келеді.
Мысалы: Қасымды айтып жіберші, тезірек үйге кірсін! Үйде баласын жалғыз тастап, «қой да тыныш» дейтін ата-ана бар. Алғашқы сөйлемде табыс септігінің -ды жалғауы барыс септігінің -ға жалғауының орнына қолданылғандықтан, сөйлемнің алғашқы бөлігіндегі ой айқын емес.
Ал екінші сөйлемде «Қой да тыныш, қойшы да тыныш» мәтелін түгел қолданбағандықтан, ой айқындылығына нұқсан кеп тұр. Сол сияқты «Қор (қаражат) болмағанда қор болғандай екен» (газеттегі мақала атауы) сөйлемінде омонимдерді орынсыз қабаттастыра қолдану да мағына айқындығын көмескілейді.
Адам қоғамының даму барысында пайда болып қалыптасқан өшпес дәулетінің бірі – оның тілі. Тіл – қоғамның өмір қажеттілігін өтейтін қоғам мүшелерінің өзара түсінісуінің, пікір алысуының, олардың барлық іс-әрекеттерінің құралы. Сонымен қатар, ол мәдениетке, әдебиетке, ғылымға, өнер-білімге және олардың дамуына, оқу-ағарту, тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарына қызмет етеді.
Ол құрал неғұрлым жақсы шыңдалған болса және тілді пайдаланушылар сол құралмен жақсы қаруланған болса, солғұрлым оның күші арта түседі. Халқымыздың саяси-әлеуметтік өмірі әр алуан, жан-жақты дамып ұлғайған кезде, қазақ әдеби тілін дамыта түсу, оның байлықтарына қанық болу керектігі күшейе түсіп отыр. Тілдің осы қасиетін жақсы түсінген А. М. Горький «Тіл туралы» деген мақаласында жұртшылықты тіл тазалығы үшін, мағына дәлдігі үшін, тіл өткірлігі үшін күреске шақырды. Онда бұл құрал неғұрлым өткір болса, ол солғұрлым нысанаға дәл тиіп, ол солғұрлым жеңімпаз құрал болатыны да айтылады [1, 170].
Осы талаптар тұрғысынан қазақ халқының жаңа өмір мүддесіне қызмет етіп отырған қазақ тілінің жеңімпаздық күшін әлі де арттыра түсу үшін оның байлығын молайту, мағына дәлдігін күшейту, мәдениетін жоғары сатыға көтеру мақсаты қойылып отыр. Сол мақсатқа лайық Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының «Тіл мәдениеті» бөлімі 1970 жылы «Тіл Мәдениеті және баспасөз» деген тақырыпта республикалық кеңес өткізді, бірнеше кітап, жинақтар шығарды, мерзімді баспасөзде тіл мәдениетіне арналған мақалалар жиі жарияланып тұратын болды. Жаңа ғылым саласына осылай бетбұрыс басталу кезінде «Правда»газеті «Сөйлеу және жазба тілдің мәдениетін көтеру совет тіл мамандарының аса маңызды міндетінің бірі» [2], — деп жазды.
Қазақ тілінің мамандары тіл мәдениетін жоғары талаптарға сай ету мақсатымен елеулі жұмыстар жүргізіп жатыр: сөздіктер, грамматикалар мен оқу құралдары және басқа кітаптар арқылы қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, стилдік, грамматикалық, сөз қолданушылық нормаларына және басқа да мәселелеріне ерекше мән беріліп, ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынды.
Халықтың, әсіресе оқушы жастардың, баспасөздің тіл мәдениетін арттыруға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар соған бейімделген күнделікті практикалық жұмыстар кең өріс алуға тиіс. Тіл мәдениетін дамытуға қойылатын талаптарды жақсы білген адам соның заңдылықтарына зейін қойып үйренумен қатар, күнделікті тіл жұмсау тәжірибесінде соларға сүйену керек болады. Өйткені біздің заманымыз – прогресс заманы. Өнер-білімге қанық адамдардың екпінді еңбегі нәтижелі болу үшін тіл жұмсау дағдысы да соған сәйкес болу керек. Ол дағды әдеби тілде биік талғам нысанасымен танылады. Олар өзінен -өзі пайда бола бер- мейді, тіл жұмсаушы қауымның ұқыпты іс-әрекеті, саналы түрде әдеби тілдің байлықтарын игеруге бейімделген білімі болуға тиіс. Тіл мәдениетіне қанық болсам деген адам тек оны үйренуді, тілді білуді ғана мақсат етпей, өз өміріне өзі қожалық ететініндей, тілінің де дұрыс дамуына ықпал ете алады, оның қамқоршысы бола алады ғой. Оны да естен шығармау керек. Оны өміріміз, замана ағымы керек етеді. Өйткені жер шарын, аспан әлемін шарлап Айға, Шолпанға аттанған, табиғаттың терең сырларын ашқан заманда өз тілінің өзекті мәселелеріне тек құлшылық етіпотырмай, тіл мәдениетін саналы түрде жетілдіруге тиіс.
Тілді де «кезінде жеке адамдар түгелдей өз бақылауына алатын болады» [3,427], – деген К. Маркстің данышпандық сөзі осындайға айтылған болу керек.
Тілді өз бақылауына алатындар алдымен өзінің тіл мәдениеті жоғары болуды көздейді де, сонымен тілдің жұмсалу, даму заңдылықтарына қанық болуды тілейді. Бұл талаптар тіл білімінің теориясы мен тіл практикасын (тәжірибесін) ұштастыра білуді ке­рек етеді. Соңғының тірегі – тіл мәдениеті. Оны практикалық тұрғыдан қалай түсінуге болады?
Мәдениетті тіл деп халықтық, ұлттық дербестігін сақтаған, сөз байлығы мол, грамматикалық құрылысы, стильдік мүмкіншілігі, мағына дәлдігі, айқын ауызша әдеби тілдің жазбаша түрлерінің нормалары берік тілді айтамыз. Ондай нормалар сөз байлығы мен олардың мағыналарында грамматика мен оның құрылысында, стилистика мен стильдер тармақтарында, орфоэпия пен орфографияда және пунктуация мен әріптердің орналасу тәртібінде болады.
Осылардың бәрін және тіл байлықтарын жақсы біліп, әдеби тіл нормаларын сақтап сөйлейтін, сақтап жазатын олардан ауытқу болса, жөнімен не жөнсіз ауытқу екенін байымдай алатын кісіні ғана тіл мәдениеті жоғары адам деуге болады.
Кейбіреулердің, әсіресе, кейбір жастардың, «тықылдаған тілді», «аузымен орақ оратын», «тілі мен жағына сүйенетін» қасиеттерінің болуы тіл мәдениетінің белгілері емес, мәдениет – сөздіктің белгілері, «аузына ақ ит кіріп, қара ит шығады» деген атақ тағылған адам – бейбас, көргенсіз адам болғаны.
Әрине, біздің жастардың бәрі болмаса да көпшілігі ондай жағымсыз сөзуарлыққа, былапыт сөзге әуес емес, өйткені олар тіл мәдениетін бағалай алатын жандар. Мәдениетті семья, мектеп қана емес әдебиет, мәдениет майдандарының қайраткері оқушы мен студенттердің тіл мәдениетін арттыруға аса зор әсер етіп отырғаны даусыз. Сондықтан он жылдықты бітірген жастардың көбі ана тілі байлықтарын жақсы біледі, сөйлеуі де, жазуы да сауатты. Ойын еркін, әрі дұрыс айта, жаза алу оқушының рухани, интеллекті тәрбие алған білімді екенінің белгісі. Жастардың сөзге бай әрі шешен, қаламы епті әрі жатық болуы, әдеби тілдің сөйлеу, жазу нормаларын дұрыс сақтай алуы ой өрісінің кеңдігін көрсетеді. Сондайлар мектепте, жоғары оқу орындарында жазған ой жазуларында, көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде өздерін әрі сауатты, әрі мәдениетті жастар екенін танытып жүр. Олардың көбі ана тілінің сөз байлығын, грамматикалық құрылысын, стильдік мүмкіншіліктерін жақсы біледі, тілдік нормаларды дұрыс сақтауға тырысады.
Бастауыш орта мектептерде, жоғары оқу орындарында оқып жүрген және еңбек майданында құлшына жұмыс істеп жүрген жастардың бәрі ана тілінің ғана емес, орыс тілінің де мәдениетіне қанық болса екен дейміз. Бұл екі тілдің шығу тегі бір болмағанмен, қазіргі жұмсалу аясының кеңдігіне екі тілдің өзара тығыз байланыста жұмсалуына қарағанда олар тағдыры, өмір өрісі, міндет- мақсаты бір, өзара бауырлас екі халықтың, ұлы орыс халқы менқазақ халқының, барлық іс-әрекетін басқа да қоғамдық мұқтажына қызмет ететін бауырлас тілдер. Әрине, бұл екі тілдің қоғамдық қызметінің бірдей еместігі, тіл мәдениетін жетілдіруге қойылатын талаптар екі түрлі болуға тиіс екенін көрсетпейді. Сөйтсе де ол екі тілдің мәдени дәрежесі бірдей емес екені де аян.
Тіл мәдениетінің дәрежесі тілдің оңай, жеңілдігіне қарап емес, әдеби тіл тарихының, тіл мәдениетін жоғары сатыға көтеру үшін күрес тарихының ұзақ, қысқа екендігімен, ол күрестің нәтижелерінің қандай екенімен байланысты. Сол тұрғыдан қарағанда орыс тілі мен қазақ тілінің мәдени дәрежелері жер мен көктей. Орыс тілі – аса мәдениетті тіл: оның әдеби тіл тарихы әріден басталады, лексика-грамматикалық құрылысы жетілген, тап-тұйнақтай, олардың мағыналық қасиеттері әр алуан болғанмен, белгілі стильге тәндік сипаттары айқын, орфография, орфоэпия, пунктуация, лексика- семантикалық, грамматикалық нормалары әлдеқайда тиянақты.
Қазақ тілінің мәдениетін сондай дәрежеге көтеру үшін көп уақыт керек болар. Бұл жағынан орыс тілінің жағдайы мен орыс тілі ғылымының табыстары бізге де өнегелі үлгі болып отыр. Сондықтан орыс тілінің мәдениетін игеру әрекеті, бір жағынан, оған қанық болып, алдыңғы саптағы сауатты, мәдениетті адам әрекеті болса, екінші жағынан, ол орыс тілі мен қазақ тілінің мәдени байланысын күшейту, оның қазақ тіліне игілікті әсерін бағдарлау әрекеті болмақ.
Бірнеше тілді жақсы білетін кісінің әдетте тілдік өлшем-дағдысы (кругозор) жоғары болады. Ол ол ма, адам неше тілді білсе, сонша рет адам. Оқу орындарында жастарға бірнеше тілді білдіру мақсатымен оларды, оқу программаларына енгізудің де бір себебі келешектегі әрбір маманның қоғам арасында адамға тән қасиеттерін, білім дәрежесін ұлғайту болса керек.
Орыс тілі – дүниежүзінің ең бай, әрі дамыған тілдерінің бірі. Сондықтан оған деген ынта арта бермек. Біздің өмірімізде орыс тілін білудің үлкен мәні бар. Сондықтан КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросы орыс тілін оқытуды жақсарту туралы бірнеше рет қаулы қабылдады. Жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасының негізгі бағыттары деген жобада орыс тілін оқып үйренуге ерекше мән береді. «Ана тілімен қатар совет адамдары ұлтаралық қатынас құралы ретінде ерікті түрде қабылдаған орыс тілін оқып-үйрену үшін қажет жағдайларды жақсарту жөнінде қосымша шаралар қолданылсын. Орта оқу орнын бітіретін жастар үшін орыс тілін еркін білу нормаға айналуға тиіс». Орыс тілін жақсы білуге кедергі болмайды, керісінше, ана тілі мәдениетін
арттыруға оқушының, студенттің ықласын аударады, ана тілі мәдениетін көтеруге оның шарапаты тиеді.
Себебі қазақтардың біразы жастайынан орыс тілін де, ана тілін де жақсы біліп алады да екеуін де сана өмірінің кұралы әрі тірегі етеді. Ал бірқатар жастардың әбден есейгенше оған ықыласы аумайды. Кейін, ересек адам қатарына қосылғанда, «қап, қолымды кеш сермедім-ау», деп қазақ тілін – ана тілін, білмей бармағын тістейтін болады. Оның әке-шешесі, өкінішке орай, менің балам қазақша білмей жарымжан болып қалды-ау деп жерге қарайды.
Қазақ тілінің мәдениетін жақсарту туралы олардан не үміт күтуге болады? Ол жайындағы біздің сөзіміз «жарымжандарға» арналмайды, ана тілі ана сүті мен сүйегіне сіңіп, қанына тараған жастарға арналады. Олар да тіл мәдениеті биігіне еркін қол созғанмен, бірден оның шыңына шыға алмайды. Нәрестенің тілі өсе келе біртіндеп шыға бастасымен-ақ аз жылдың ішінде ана тілінің байлығына қанық бола алмайды. Сол сияқты бастауыш, орта мектепті, тіпті жоғары оқу орнын бітірген жастар да: – Ал, мен де тіл мәдениетін жете меңгеріп, шықтым, - дей алмайды. Өйткені оған жетудің жолы төте жол емес, асқар асулары бар қиын жол, оның байлығы – біртегіс жеңіл-желпі байлықтар емес, ғасырлар бойы даму, жетілу тарихында ескілік пен жаңалық ұласқан көптеген ала-құлалығы бар, шатқалаңды тіпті шым-шытырық байлықтар. Соқыр тауыққа бәрі бидай дегендей, тіл мәдениетіне жетік емес жандарға тілдегінің бәрі біркелкі асыл маржан көрінуі мүмкін. Тек «көкірегі сезімді, тілі орамды жастарға» тілдегінің асылы мен жасығы, дұрысы мен терісі тез сөзіледі де, оларды таңдап, талғап қолданады.
Тілдегінің қиындығы және жоғарыда айтылғандардай «шатқалаңды» болу себебі – ол оймен, сана-сезіммен байланысты. Тілді пікір алысу, ойымызды, сөзімімізді білдіру үшін жұмсағанда, соларға лайық, солармен үйлесімді тілдік тәсілдерді пайдаланамыз. Адам ойы, сезімі көлбіген кең теңіздей түпсіз терең екені де, жайдары жеңіл-желпі сылдыр су сияқты екені де тек белгілі тілдік тәсілдермен шектелмейді. Олардың ұшы-қиыры жоқ, бірақ ойшыл, сезімтал адамның тіл жұмсау дағдысы ол тілді те­рең жақсы білуге негізделсе, ол тілден керегін ала біледі, көсіліп дұрыс сөйлей алады. Жаза білетін адамның ойы айқын, әрі әсерлі де, барынша дәл болу үшін, ол тілдегіні жандыра, жандандыра біледі, өрнегін өре біледі, әсем етіп кестелей біледі. «Тілі орамды, көкірегі сезімді жастар» солай жазып, солай сөйлейді, басқалардың айтқан, жазғандарын дұрыс түсінеді. Бұл айтқанымыз алдымен көркем әдебиет стилі тіліне тән. Әдеби тіліміздің одан басқа да стильдік тармақтары бар, олардың әрқайсысының өздеріне тән тілдік ерекшеліктері болады. Соларды айыра біліп пайдалану да тіл жұмсау әрекетіміздің оңай еместігін көрсетеді. Оқушының қоғамдық санасының қалыптасуына мектептің, оның мұғалімдерінің ролі ерекше. Жеткіншектердің саяси білімі толық, азаматтық ұжданына берік, мәдениетті, сауатты адам болып тәрбиеленуіне мектеппен қатар семья дағдысының әсері күшті болатыны белгілі. Еңбекке берілмеу, өнерге, білімге талпынбау тек мешеу жанды адамға тән қасиет. Жастар арасында ондай шалажансарлар болмауға тиіс.
Бір іске икемі бар баланың сол іске ересектер тәжірибесінде барды қабылдамауы мүмкін емес. Соларды қабылдай жүріп ол іске әбден машықтанып, сол істің елеулі атақты маманы бола алады. Сол сияқты, тіл мәдениетін меңгеруге ден қойған бала бірден емес, біртіндеп талай жылдар бойында ата-ананың, кемпір-шалдың айналасындағы қоғам мүшелерінің, мектептің, кітап пен журналдың, кино мен театрдың, газет пен радионың өнегелі, үлгілі тіл дағдыларын көңіліне тоқып, өз өміріне азық етеді.
Тіл өнері «дертпен тең», «өнер алды қызыл тіл» деп қазақ халқы тегін айтпаса керек. Ол өнерге кісі жастайынан үйір болмаса, үлкейгенде бармақ тістейтін болады. Сөйте отырып, «өкініштің ерте-кеші жоқ» деп өзін-өзі жұбатқан адамға балалық шақ та, босқа кеткен уақыт та қайтып келмейді. Сондықтан тіл өнеріне әуестік те, тіл мәдениетіне ынтықтық та адамның жастық өмірінен басталып, кісілік кезімен ұласып жатады. Бұл айтылғандардың тетігі әдеби тілді жақсы білуге, халық тілі байлықтарын әдеби тілге тән, тән емес тұрғысынан талғай білуге тіреледі.
Қазіргі әдеби тіл өркендеген мәдениетті, білімді қазақ халқының казіргісі мен жарқын болашағы үшін кызмет етеді. Тіліміздің ол кызметі жаңа өмірмен үйлесімді болу үшін және тілді пайдаланушылардың сөз байлығы, әсіресе терминдер жүйесін, грамматикалық құрылысын жетілдіру, мәдениетін арттыра түсу керек. Соларға қанық болған жастар өздерінің коммунизм орнату майданының белсенді қайраткері болу мүдделеріне даңғыл жол ашады.
Кейбіреулер оп-оңай пікірін мүдіріп, айта алмай, «қалай айтуды білмеймін, оған тілім жетпейді...» деп қынжылады, жазғандарында көптеген қате-кемшіліктер болады. Ол қазақ тілінің мүгедектігін көрсетпейді, ондай кейбір тіл жұмсаушылардыңорашолақтығын көрсетеді. Дұрысында қазақ тілі бүгінгі өмірмен өзектес, еркін дамудың даңғыл жолына түскен бай тіл. Ол от қасы, ошақ басының ғана емес, өнер-білімнің, ғылымның, әдебиеттің... тілі.
Тілдің талғам тетігі, коммуникативтік қызметі әр алуан адам ойын, сана-сезімін білдірумен ұштасып жатады. Соңғыларға тілдің эстетикалық сезімді білдіруі енеді.
Эстетика – адамның объективті өмірде сана-сезіміне ерекше әсер етуінің жүйесі. Әдетте айналамыздағы көрген білгенімізге сұлулық, ұнамды- ұнамсыздық тұрғыдан қараймыз. Кісінің ондай эстетикалық қабылдау дағдысы эмоцияға, адамның өнер-білімге қанықтығына негізделеді және де белгілі зат, құбылыс мәдениеттің қай түріне жататынымен байланысты. Оларды тағы үйреншікті конкретті зат па, әлде күрделі – абстракты құбылыс па? деп те қараймыз. Сонымен қатар оларды бағалаушының білім дәрежесі, қабылдау қабілеті қандай? екеніне де мән беріледі. Мысалы, білімі нашар деген баладан: – мына көйлек саған ұнай ма? Сен суға шомылып келдің ғой, өзеннің суы суық емес пе екен?- деп сұрасаң, бала оларға бірден мүдірмей жауап бере ала­ды, сол заттарға деген өзінің бағасын бере алады; бірақ көйлек ұнаса, неге ұнайтынын, өзен суы жылы болса, неге жылы екеніне баға беріп жатпайды. Ал білімді, эстетикалық талғамы күшті де­ген баладан концертте тыңдаған музыка, ән-күй туралы: – «Сен кинотеатрда көрген көркем сурет ұнай ма?» «Неліктен ұнайды?» (не ұнамайды?) - деп сұрасаң, бұл сұрақтарға бірден жауап бере алмайды. Оның себебі - бұлар күрделі құбылыстар. Егер балаға тыңдаған музыка, көрген картина ерекше әсер еткен болса, оның себебін түсіндіру үшін тыңдаған, нәрселердің эстетикалық (әсер етерлік) бояуын, олардың өмірге жанасымдылығын, мазмұнын, құрылысын... түсініп білу керек. Оларға ой жүгіртіп, эстетика­лык сезім талқысына салып барып қана дұрыс бағалауға болады. Сонда ғана адамның жалпы мәдениеті жоғары болуға тиіс.
Жалпы білімі, мәдениеті жоғары адам ана тілінің мәдениетіне де қанық болуға тиіс. Оның өзінің тіл мәдениеті жоғары болса, тілге деген эстетикалық талғамы да күшті болмақ. Біз жастардан солай болуды тілейміз. Тек «көкірегі сөзімді, тілі орамды» (Абай) жастар ғана әсерлі көркемсөз тілінің эстетикалық нәріне сүйсіне алады. Мысалы Абайдың «Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен...» деген өлең жолдарын балалар түрліше оқып, түрліше кабылдап түсінуі мүмкін. Әрқайсысының өздерінше эстетикалық талғамы, түсінігі болады. Дегенмен өлеңді оқып жаздың көрікті көркін, жаз айында табиғаттың жылы құшағында мәз-мейрам болғанын көз алдына елестете алған бала – эстетикалық талғамы мол естияр бала болғаны.
Біз бала топас болмаса екен, ұшқыр ойлы, сезімтал, көреген, өнер табыстарын, сөз өнерін дұрыс бағалай алатын ақылды бала болса екен дегенді көздейміз. Бұл талап өмір қажеттілігін дұрыс өтеуге жол ашатын талап. Соған талпынған талапты жастарға ғана нұр жауатыны ақиқат.
«Тіл мәдениеті» деген ұғымға әдеби тілдің эстетикалық күш- қуаты да, тіл жұмсаушылардың эстетикалық қабілетінің жоғары болуы да енеді. Сондықтан оқушыға тіл және әдебиет сабақтарында тек құрғақ фактілерді, жаттанды ережелерді білдіруді ғана мақсат етпей, тіл мен әдебиеттен эстетикалық тәрбие беруді және оқушылардың оны қабылдай білу қабілетін де тәрбиелеуді екі елі естен шығармауы керек. Оқушының тіл өнеріне деген сөзімін оятып, оны дамыту да оңай емес. Оқушының ондай талғамы – сұлулықты, әсерлілікті, ұнамды, ұнамсыздықты, өмір шындығын дұрыс суреттегендікті т.т., біртіндеп, жүре-бара, өмірді маркстік эстетика тұрғысынан дұрыс тануды оқып үйренеді, қоғамда ала- тын орнына лайық іс-әрекет тәжірибесі арқылы үйренеді. Біз жастарды соған бейімдеуге тиіспіз.
Осыларды қазақ тілі сабақтарымен қалай байланыстыруға болады? Қазіргі тәжірибеде мектеп, жоғары оқу орындарының оқытушылары программада, оқулықта не болса солармен ғана шектеледі. Олардан аттап басып, тіл, әдебиет сабақтарын өмір талабына лайықтап, творчестволық әрекет жасамайды. Мысалы класта лексика, грамматикадан оқушыға талдау жасатқанда, Абайдың жыл мезгілдері тақырыбына жазылған өлеңдері мен жеке да­ра мысалдар іздетеді. Бала мынау сын есім, мынау үстеу деп өте шығады. Ал керемет, көрікті өлең жолдарының эстетикалық әсері туралы жұмған аузын ашпайды. Оқушыларды соған жетектейтін сұрақтар да қойылмайды.
Жастарды жоғары мәдениеттілікке, коллектившілдікке баулып, олардың коммунистік мораль нормаларының ауытқушылыққа қарсы принципті талғам рухында тәрбиелеп, өмірде кездесетін жағымсыз мінез-құлықтарға қарсы жастардың саналы көзқарастарын калыптастыру керек. Олай болса эстетикалық талғам біржақты болмау үшін тек қыз бен жігіттің сұлулығын, табиғаттың әсемділігін, көркем әдебиет тілінің тартымдылығын, киімнің жарасымдылығын айырып тану ғана жеткіліксіз, сонымен қатар моральдық нормаларды уағыздау да елеулі орын алады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
    Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

  2. Горький А. М. Собр. Соч. Т.27. С.170

  3. Правда. 1952. 30 августа

  4. Маркс К., Энгельс Ф. Собр. Соч. Т.3. С. 427.

  5. Балақаев М.Б.

  6. «Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.-265-273 бб.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет