Жылыжай эффектісі (әсері) дегеніміз не? Ол не үшін қауіпті? Оны қандай заттардың шығарындылары туындатады? Төрт ғаламдық экологиялық проблема: атмосфераның ластануы, жылыжай эффектісі, озон тесігі және климаттың ғаламдық жылынуы қалай байланысты?
Ғаламдық антропогендік әсердің сипаттамасы. Адамның қоршаған ортаға әсері, негізінен, кері сипатқа ие. Адам өнеркәсіптік технологияларды пайдаланбай тұрып, оны білген де жоқ. Себебі табиғи экожүйелердің өздігінен қалпына келуі есебінен орны толып отырды. Ғылыми-техникалық прогресс (ҒТП) заманы басталғанда ғаламшардағы жағдайлардың өзгеруінде антропогендік факторлардың рөлі басым бола бастады.
Халық санының артуы қалпына келетін әрі қалпына келмейтін табиғат ресурстарын пайдалану ауқымын арттырады. Мысалы, неолит заманында жерде өмір сүретін адам санын екі есеге көбейту үшін 2500 жыл, 1900 ж. – 100, ал 1960 ж. – бар-жоғы 35 жыл кетті. Нәтижесінде 2/3 африкалық тропиктік орман жойылды, Солтүстік Америка аумағындағы орман ауданы едәуір қысқарды. Еуропа мен Жерорта теңізі елдерінде топырақты эрозиядан қорғайтын өсімдік жамылғысы жойылып жатыр. Еуропаның халық тығыз қоныстанған, бұрын осындай құбылыстар байқалмаған аудандарында да күшті су тасқыны жиілеп кетті. Көптеген елдерде кесілген орманды қалпына келтіру оларды кесуге қарағанда бірнеше есе баяу жүріп жатыр.
Мамандар кесілген жапырақты ормандардың орнына қылқанжапырақты орман отырғызудың келешегі жоқ деп есептейді. Себебі қылқанжапырақты түрлер топырақты қышқыл әрі құнарсыз етеді, оның үстіне олар едәуір өртке ұшырағыш, фаунасы да жапырақты орманға қарағанда кедей болады.
Экологтардың есебі бойынша, орман өрті жыл сайын шамамен 2 млн т органикалық заттарды жояды. Бұл кезде атмосфераға жану өнімдері: күйе, ыс, көмірқышқыл газы шығарылатынын түсіну керек. Орман ағаштарын қағаз өндіруде пайдалану шығынды күшейтеді. Тропиктік орманда дара дақылдарды (қант қамысы, кофе ағашы және т.б.) пайдалану топырақты тоздырады, кейін бұл жерлер шаруашылық айналымнан көп жылға шығып қалады. Мадагаскар аралында, мысалы, табиғатты жабайылықпен пайдалану нәтижесінде 9/10 аумақ ауылшаруашылығы үшін жарамсыз болып қалды.
Адамзаттың қателігі – ХХ ғасырда Солтүстік жартышардың қоңыржай зонасында батпақты жаппай құрғату болды. Грунт суын реттегіш ретінде батпақтың рөлі салыстырмалы түрде жақында анықталды. Сөйтсе, батпақ қатты жауыннан кейін суды «губка» сияқты сіңіреді екен. Осылай тасқынның алдын алады, ал жазда күн ыстық кезде ылғалды біртіндеп қоршаған кеңістікке қайтарады. Оның үстіне экожүйе ретінде батпақ өнімділігі жеткілікті жоғары, ал батпақты құрғату өте қымбат әрі экономикалық тұрғыда ақталмайды.
Экологиялық көзқарас тұрғысынан тағы бір күмән туғызатын шараға АҚШ-та жүйелі жүргізілетін жасанды өрт арқылы «орманды жасарту» жатады. Өрт бақыланып, белгіленген үлескіден шығып кетпесе де, ондай шараның пайдасынан келтіретін зияны көп.