Темперамент туралы жалпы ұғым Темперамент — жүйке жүйесiнiң тума қасиеттерiнен, туындайтын адамның жеке өзгешелiктерiнiң бiрi. Ол адамдардың эмоциялық қозғыштығынан, қимыл-қозғалысынан, жалпы белсендiлiгiнен жақсы байқалады. Темперамент — организмнiң физиологиялық өзгешелiктерiмен, әсiресе, жоғары жүйке қызметiнiң тума қасиеттерiмен шарттас психикалық құбылыс. Темперамент адамның жалпы қозғалысынан да (мәселен, бiреулер шапшаң қозғалады, тез қимылдайды, ендi бiреулер жай қимылдап, асықпай iстейдi), психиканың күшi мен тереңдiгiнен де (мәселен, бiреу өжет, алғыр болса, екiншi бiреу керiсiнше, сылбыр, жiгерсiз болады), адамның көңiл-күйiнiң ерекшелiктерiнен де (салмақты, тұрақты, жеңiл, тұрақсыз т. б.) эмоция сезiмдерiнен де (бiреу сабырлы, екiншi бiреу күйгелек т. б.) жақсы байқалып отырады.
Темперамент туралы алғашқы ой-пiкiрлер ғылымда өте ерте кездiң өзiнде-ақ айтыла бастады. Ежелгi Грецияның белгiлi ғалымы, дәрiгер Гиппократтың (б. э. д, 460—356) еңбектерiнде бұл жөнiнде бiраз пiкiрлер айтылған. Гиппократтың ойынша, әр түрлi темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесiнде төрт түрлi сұйық заттарға байланысты болмақ. Олар: дененi жылытып тұратын — қан, салқындататын — шырын (слизь), құрғататын — бауырдағы сары өт және оған дымқылдық беретiн қара өт (талақ). Осы төрт түрлi сұйықтың, араласуының пропорциясын грекше “красис” деп атаған. Ал латын тiлiнде бұл терминдi темпераментум деп атап кеткен.
Сөйтiп, Гиппократ және оның шәкiрттерi адамдағы темпераменттердiң әр түрлiлiгi организмдегi осы төрт түрлi сұйық заттың бiр-бiрiнен аз-көптiгiне байланысты деп түсiнген. Мәселен, организмде қанның пропорцисы артық болса, ол сангвиникалық (латынша “сангиус”-қан), ал шырын басым болса (грекше “флегма”—шырын), флегматик темперамент деп; ал организмде қара өт басым болса меланхолик (грекше “мелай-нехоле”— қара өт), организмде сары өт басым болса, холерик (грекше холе — өт) темпераментi деп аталған.
Гиппократ организмдегi сұйықтардың бiрiнен екiншiсiнiң басым болуы кейбiр аурулардың шығу тарихын түсiндiруге де жарайды дедi, ол мидың ролiн түсiне бiлдi, оны бездердiң бiрi деп санады. Бұл — адамның жеке ерекшелiктерiн жаратылыстық ғылыми зерттеудiң алғашқы қадамы едi.
Рим дәрiгерi Гален (129—199) темпераменттiң санын он үшке жеткiздi. Гален организмде жылылық неғұрлым басым болса, адамның темпераментi күштi болатынын, денесi салқын болса, темпераментi баяулайтынын айтты. Бұл секiлдi түсiнiктердiң прогрессивтiк маңызы зор. Өйткенi адамның тәнiн зерттеу, тәжiрибеге көңiл аудара бастау — сол кезде кең жайылған, жан тәнге байланыссыз нәрсе дейтiн терiс пiкiрге берiлген үлкен соққы едi.
Орта ғасырдағы ғалымдар темпераменттi организмдегi химиялық заттардың құрамына байланысты түсiндiруге тырысты. Кейiннен темперамент организмнiң түрлiше физиологиялық өзгешелiктерiне, атап айтқанда, қан жолы жүйесiнiң құрылысына, зат алмасуға, iшкi секреция бездерiне т. б. байланысты деген пiкiрлер де тарады. Немiс философы И. Кант (1724—1804) өзiнiң “Антропология” деген еңбегiнде темпераменттiң төрт түрi туралы толық психологиялық сипаттама бердi. Бiрақ ол темперамент пен мiнез ұғымдарын бiр-бiрiне балама ретiнде (бұлай деп ұғыну қате) қарастырды.
Темперамент туралы теориялар XIX ғасырдың аяқ кезiнде де кең өрiс алады. Мәселен, немiс анатомы Гейне темпераменттердiң түрлiше болуы жүйке жүйесiнiң тонусына байланысты десе, орыс антропологы Зеланд Н. Л. (1833—1902) ми қабықшасындағы молекулярлық қозғалыстың жылдамдығы мен бiркелкiлiгiне байланысты дедi. Көрнектi орыс педагогы П. Ф. Лесгафт (1837— 1909) темпераменттердi қан сауыттарының жуандығы мен кеңдiгiне байланысты деп тұжырымдады. Темпераменттердiң физиологиялық негiздерiн ғылыми тұрғыдан дәйектi етiп түсiндiрген академик И. П. Павловтың iлiмi темперамент туралы түсiнiктi ғылыми сара жолға түсiрдi.
Жүйке жүйесiнiң типтерi ми қабығындағы қозу, тежелу процестерiнiң үш негiзгi белгiсiнiң (күшi, тепе-теңдiгi, қозғалғыштығы) жиынтығынан құрастырылады.
Жүйке процестерiнiң күшiне — ми қабығының жұмыс iстеу қабiлеттiлiгi, яғни сыртқы ортаның түрлi тiтiркендiргiштерiне мидың, төзiмдiлiгi жатады. Жүйке процестерiнiң тепе-теңдiгi деп қозу мен тежелудiң бiр-бiрiне тең келуiн айтады. Жүйке процестерiнiң қозғалғыштығы деп олардың бiрiнiң екiншiсiне алмаса алу қабiлеттiлiгiн айтады.
Сөйтiп, И. П. Павлов iлiмiнiң айтуынша, жүйке жүйесiнiң әрбiр типiнiң үш белгiсi болады. Мәселен, күштi типтердiң бiрi — ұстамсыз тип. Ұстамсыз тип — жұмыс iстеу қабiлетi күштi, қозу, тежелу процестерi бiр-бiрiмен сәйкес келмейтiн (қозуы ылғи да басым келiп отыратын) ерекше қозғалыстағы тип. Күштi типтердiң екiншiсi — ширақ типтер деп аталынады. Мұнда қозу мен тежелу процестерi бiр-бiрiне тең келiп, тез алмасып отырады. Күштi типтiң үшiншiсi — қозу мен тежелу бiр-бiрiне, тең, бiрақ алмасуы сараң, баяу қозғалатын тип. Әлсiз типте қозу мен тежелу процестерi баяу көрiнiп отырады. Күштi тiтiркендiргiштердiң әсерiнен туатын шектен тыс тежелулер де әлсiз типте жиi болып отырады. Мұндайда кейде күштi типтер сыртқы дүниеден келетiн түрлi әсерлерге төзiмдi келсе, әлсiз тип морт сынып кететiн болады. Павлов ашқан жүйке жүйесiнiң негiзгi типтерi темпераменттердiң физиологиялық негiздерiн жақсы түсiндiредi. Павлов сангвиниктердi — ширақ, жүйке жүйесi күштi, қозуы мен тежелуi тең, қозғалғыш адам; холериктердi—ұстамсыз, жүйке жүйесi күштi, қозуы тежелуiнен басым; флегматиктердi жүйке жүйесi күштi, қозуы мен тежелуi бiр-бiрiне тең болғанмен, қозғалысы баяу адамдар десе; меланхоликтердi — жүйке жүйесi әлсiз типтi адамдар деп сипаттады.
И. П. Павлов осы айтылған негiзгi типтерден басқа да аралас, көшпелi типтердiң кездесетiндiгiн айтты. Мәселен, ұстамсыз типтiң өзiнен қозуы ерекше күштi, тежелуi әлсiз және қозуы мен тежелуi бiрдей күштi (бiрақ аз да болса қозуы басымдау тұратын), сонымен қатар, қозу мен тежелудiң күшi тепе-тең келетiн вари-анттары байқалған. И. П. Павлов жануарлардың жүйке жүйесiнiң типiн айыру үшiн жасаған тәжiрибесiнiң кейбiр қорытындылары адам темпераменттерiнiң физиологиялық негiздерiн түсiнуге толық жарайтындығын көрсете келiп, темпераментке мынадай анықтама бередi: “Темперамент жануарлар мен жеке адамның жалпы си-паттамасы, әрбiр индивидиумның барлық әрекетiне белгiлi кейiп беретiн жүйке жүйесiнiң жалпы сипаттамасы”.
Соңғы жылдары көрнектi орыс психологы Б. М. Тепловтың (1896—1965) лабораториясында жүйке жүйесiнiң типтерi одан ары зерттеле түстi. Егер И. П. Павлов өзiнiң тәжiрибесiн жануарларға жасаған болса, Б. М. Теплов пен оның шәкiрттерi осындай тәжiрибенi адамдарға жасады. Бұл зерттеулерде И. П. Павловтың нерв жүйесiнiң төрт түрлi типi туралы iлiмi адамдардың жеке өзгешелiктерiн, әсiресе, оның темпераменттерiн анықтауда ерекше маңыз алатын бiрден-бiр ғылыми теория екенi тағы да дәлелдене түстi. Б. М. Тепловтың шәкiрттерiнiң бiрi В. Д. Небылицин (1930—1972) осындай зерттеулердiң бiрiнде жүйке жүйесiнiң әлсiз типiнiң өзi бiрнеше варианттарға бөлiнетiнiн анықтап бердi. Бұрын өмiр сүруге икемсiздеу деп саналатын осы әлсiз типтiң өзi ендi қозғалғыш, баяу, қозу мен тежелуi теңгерiлмеген типтер деп бөлiнетiн болды. Әлсiз типтiң де сезiмталдығы күштi екендiгi, осыған орай оның сыртқы ортаға бейiмделе алу қабiлетi мол екендiгi зерттелдi.