Тәтіқара ақын жырларының тақырыптық-көркемдік ерекшеліктері Жыраулар поэзиясынан ізін жалғап, ақындық поэзияның тууына сара жол салған ізашар тұлғалардың бірі ретінде – XVIII ғасырда өмір сүрген Тәтіқара ақынды айта аламыз. Тәтіқара 1705 жылы қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданында дүниеге келіп,1780 жылы қайтыс болған. Ол кезінде Абылай ханның ақылшысы ретінде біршама уақыт хан сарайында тұрған. Сонымен қатар, Олжабай, Бөгенбай батырлардың қалмаққа қарсы жорықтарына қатысып, олардың ерлік істерін мадақтаған, толғауларында жауынгерлерді табандылыққа, төзімділікке үндеген. 1756 жылғы Цин империясы басқыншылары мен Абылай сарбаздары арасында өткен соғысты сипаттаған жалынды жырлары, мысалы “Қамыстың басы майда, түбі сайда”, “Кебеже қарын, кең құрсақ” сынды туындылары Тәтіқара есімін дүйім жұртқа әйгілі етті. Өткір мінезді Тәтіқара ел билеген ханның осал жақтарын сынап, батыр-бектердің кемшін тұстарын беттеріне айтып отырған. “Кеше тоқыраулы судың бойында” атты толғауында ол “Ат құйрығын күзеңдер, Аллалап атқа мініңдер, Ханталау қылып алыңдар” деп халықты күреске шақырады. Бұдан кейін Абылай мен ақын арасы алшақтап, Тәтіқара сарайдан біржола қуылады. Жасы ұлғая келе жағдайы ауырлап, жоқшылық көреді. Алайда ақын қиыншылыққа мойымаған, ханға бас имеген. Бұған көңілін сұрай келген билерге айтқан “Ассалаумағалейкум, жайсаңдар мен қасқалар” дейтін жыры дәлел. Ақындық өнеріне әйгілі Шоқан Уәлиханов жоғары баға берген Тәтіқара ақын Қостанай жеріндегі Сарыкөл бойында дүниеге келіп, балалық, жастық шағын сол төңіректе өткерген. Ақынның «Кебеже қарын, кең құрсақ, Артық туған Абылай…» деп басталатын өлеңін дәлелге ала отырып, Ш.Уәлиханов Тәтіқараның Абылай жанындағы ақын-жыраулардың бірі болғанын айтады. Алайда бала кезінен бастап кедейлік, жоқшылық ауыртпалықтарын көріп өскен ақынның тұрмыстық жағдайы кейіннен де оңалып кетпесе керек. Оның дәлелін де ақынның өз шығармасынан табуға болады. Белгілі ғалым Е.Ысмайылов та өзінің «Ақындар» деп аталатын еңбегінде Тәтіқара ақынның шығармашылығына назар аударып, оны қазақ пен жоңғар арасындағы ұрыс-шайқастарды суреттейтін көптеген жырлар шығарған эпик ақын ретінде жоғары бағалайды. Зерделей назар аударуды қажет ететін пікірді академик Ә. Марғұлан айтады. Оның пікірінше, Тәтіқара жырау – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады. Ә.Марғұлан пікіріне ден қойсақ, Тәтіқараның әрі ақын, әрі жырау болғанын бағамдаймыз. Сондай-ақ, оның Абылай тұсында ат жалын тартып мінген азамат жасында болғанын байқаймыз. Ал ақынның да, жыраудың да өзі көрген оқиғалар жайында сөз айтпай қалуы мүмкін еместігін ескерсек, онда Е.Ысмайыловтың Тәтіқараны қазақ-жоңғар соғыстары жайында ауқымды жырлар шығарған эпик ақын ретінде бағалауы да орынды екенін аңдаймыз. Сол сияқты, жыраулар поэзиясын кеңінен зерттеген М.Мағауиннің: «Тәтіқара, әсіресе, 1756 жылы қазақ жерінің шегіне кірген Цин басқыншыларына қарсы күрес күндерінде туған өлеңдері арқылы мәшһүр болады», – деген пікірінің негізділігіне ден қою абзал. Осы пікірлерді назарға ала отырып, ақын өміріне қатысты ой болжамын жасасақ, онда Тәтіқараны XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдары дүниеге келіп, сексенінші-тоқсаныншы жылдары дүниеден озған деп шамалауға болар еді. Өйткені ақынның «Ассалаумағалейкүм, жайсаңдар мен қасқалар…» деп басталатын өлеңінің жалпы мазмұнына қарасақ, бұл өлең айтылған кезде ақынның бірталай жасқа келгенін байқаймыз, сонымен қатар бұл уақытта басқыншылардың бетін қайырған елдің біршама тыныш тірлікке бет түзегенін аңғарамыз. Ақынның «Кеше тоқыраулы судың бойынан…» деп басталатын өлеңінен сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастардың бір қыры аңғарылады. Хан мен халық арасындағы байланыстың сол замандағы қазақ жұртында орныққан ерекше үлгісін аңдау үшін Абылай ханға арнала айтылғаны анық танылатын осы өлеңді саралай зерделеп көрелік. Өлеңнің мазмұнын құрайтын жағдайларды рет-ретімен топтастыра, бөлікке бөлер болсақ, олардың жалпы жүйесі былай түзіледі: Абылайдың дүниеге келу ерекшелігі, бала кезінің көрінісі, ерлігі, ерлікті елдің бағалауы, құрметтеген елге хан көзқарасының өзгеруі, ел жауабы. Өлеңнің алғашқы бөліктерінде, яғни «Кеше тоқыраулы судың бойынан…» деген тармақтан «…Хан көтеріп еді» деп аяқталатын тармаққа дейінгі аралықта айтылатын жәйттер өзге де жырауларда кездесетіндіктен және олардың бейнелеу тәсілдеріндегі ерекшеліктер болмаса, жалпы мазмұндарында үлкен айырмашылық жоқ болғандықтан, соңғы екі бөлікке қатысты ой тарқатқан абзал. Бұл бөлік: «…Үш жүздің баласын Бір баласындай көрмеді» және «Ат құйрығын сүзіңдер, Аллалап атқа мініңдер, Хан-талау қылып алыңдар!» – деген жолдардан тұрады. «Әдебиет – дәуірдің көркем бейнесі», «Ақын – өз дәуірінің өкілі» деген қағидаларды басшылыққа ала отырып, осы үзіндіден танылатын сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік қырым-қатынастардың көрінісіне назар аударсақ, хандық дәуірдегі Дала демократиясын көреміз. Ал «Дала демократиясының көрінісі» дегенде, бұл өлеңнен нені көреміз? Көретініміз – өз билеушісін елдің өзінің таңдайтыны, оның әрбір әрекетін ұдайы қадағалап отыратыны, бұра тартқан жағдайда ел болып дұрыс жолға бағыттайтыны және билеуші ақылға жүгінбесе, елдің айбат танытудан да тайынбайтыны. Хандық дәуірдегі қазақ қоғамында осы мазмұндағы Дала демократиясының салтанат құрғанын басқа жыраулардың жыр-толғауларынан да кезіктіреміз. «Осы үзіндіден танылатын өмірлік шындық қандай?» деген сұраққа жауап іздесек, мәтінде бейнеленген өмір шындығы төмендегідей: қазақ-жоңғар соғысында елдің даңқын асырып, жеңіске жетелеген Абылай хан көңілінде масаттану, даңққа масайрау сезімі бел алғандықтан, елдің сөзін елемей, өктемдікке жол бере бастаған (яғни, Үш жүздің баласын өзінің бір баласындай көрмеу); сол себепті ел де ханды әділдік жолына шақыруға ниетті. Ал бұл тұста ақын – осы шындықты бейнелеуші.
Жалпы, Тәтіқараның «жырау» емес, «ақын» деп аталуының сыры оның шығармаларында өмірлік шындықтың басымдық алуында жатыр және соған сәйкес реалистік көзқарастың жетекші әдіске айналуына байланысты. Өз кезегінде бұл жағдай ақын шығармаларындағы сюжет динамикасының сипатына әсер еткен. Салыстыра айтар болсақ, жыраулар поэзиясында елдің рухын қайрау, намысқа шабу, жігерлендіру сияқты әрекеттер мақсатты түрде алдыңғы планға шығып, жыр-толғауларына серпінділік, екпінділік етене болып келсе, Тәтіқара шығармаларында бейнеленіп отырған жағдайға байыппен баға беру әрекеті басым түседі.
Қорыта айтқанда, өлең-жырларында өмірлік шындықтың аясынан асып кетпей, мейлінше шынайы бейнелеуді құп көрген Тәтіқара ақын – қазақ әдебиетінде реалистік ақындар поэзиясының тууына із салған ХVІІІ ғасырдағы көрнекті тұлғалардың бірі.