Тіл білімінің грамматика саласының бірі – синтаксис (грекше "syntaxis"). Синтаксис сөз тіркесі, сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері, сөйлем мүшелері туралы қарастырады. Яғни синтаксис – сөз тіркесін, сөйлемнің грамматикалық сыр-сипатын зерттейтін ілім.
Толық мағыналы кемінде екі сөздің тұлғалық және мағыналық жағынан байланысқан тобы сөз тіркесі деп аталады. Сөз тіркесінің негізгі белгілері:
● сөздердің байланысуы сөйлем ішінде анықталатындықтан, сөз тіркесі сөйлем ішінде танылады;
● толық мағыналы кем дегенде екі сөзден тұрады;
● сөз тіркесінің құрамындағы сөздер бір-бірімен белгілі бір грамматикалық тәсілдер арқылы байланысады;
● сөз тіркесі қандай да бір синтаксистік қатынасты білдіреді.
Сөйлем ішіндегі сөздердің әртүрлі байланысуына қарай сөз тіркесі еркін сөз тіркесі және тұрақты сөз тіркесі болып бөлінеді. Еркін сөз тіркесінің құрамындағы сөздерді өзгертіп айтуға болады. Мысалы, көрікті деген сөзді бірнеше сөзбен тіркестіруге болады: көрікті адам, көрікті жігіт, көрікті қыз, көрікті табиғат, т.б. Еркін сөз тіркесінің құрамындағы сөздер бағыныңқы және басыңқы сыңарға бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |