Түрікшелердің 1-нші құрылтайы февральдың 26-нда басталып, марттың 6-да жабылды. Түрік нәсілді жұрттардың өкілін жібермегені аз болар. Қалмақтар да адамын жіберген
Түрікшелердің 1-нші құрылтайы февральдың 26-нда басталып, марттың 6-да жабылды. Түрік нәсілді жұрттардың өкілін жібермегені аз болар. Қалмақтар да адамын жіберген. Түрікшелердің бірінші құрылтайы февральдың 26-нда басталып, марттың 6-да жабылды. Түрік нәсілді жұрттардың өкілін жібермегені аз болар. Қалмақтар да адамын жіберген. Бір шеті Стамбул, екінші шеті Қиыр Күншығыстағы Жақыт – сол екі арадағы түрік нәсілді жұрттардың көбінің-ақ өкілдері болды. Бұрын қағаз жүзінде білісу болмаса, көрісуі жоқ түрік жұрттары бірін-бірі жүзбе-жүз көріп танысты.
Түрікше ілімдерден академия мүшелері: Бартольд, Олденбург, Крымский, толып жатқан жана тағы профессорлар болды. Бөтен мемлекеттерден неміс профессоры Менсель, мажар профессоры Майсереш, анатол түрік профессоры Көпірлі-зада мен Құсайын-зада болды.
Құрылтай қарауына арналған 14 бапты мәселе еді. Соның әрбірінен 4-5, қатта 8-9 баяндамалар жасалды. Бірақ мәселе көп болғанмен, құрылтай шақырушылардың көбінесе көздегені латын қарпы екендігі құрылтайды ашушылардың да, үкімет тарапынан құттықтаушылардың да сөзінен көрініп тұрды.
Солай болған соң қарыпқа қатысы бар мәселелерге көбірек зер салынып, солар көбірек талқыға түсіп, басқалары ат үстінен айта өткен сияқты болды.
Құрылтай програмындағы мәселелер мыналар еді:
1) Түрік жұрттарының тариқын тану жүзіндегі істердің кәзіргі күй мен келешектегісі. Баяндамашылар: Бартольд, Баруздин деген профессор, татар тариқшысы Убайдуллин Әзиз.
2) Түрік жұрттарының мәдениетін зерттеу ісінің кәзіргі күйі мен келешектегісі. Баяндамашылар: Руденко, Майсереш, Миллер профессорлар мен Шурсен деген.
3) Түрік тілдерінің өзара жана мұғал (монғол), тунгуз, пин угор, жапон тілдерімен тұқымдастығы. Баяндамашылар: Шобан-зада мен Кинко деген профессорлар.
4) Түрік тілдерін тану жүзіндегі істің кәзіргі күйі мен келешектегісі: Баяндамашылар: Самойлович, Малов, Ашмарин деген прфессорлар.
5) Емле [нің] жалпы негізі. Баяндамашы: Щерба профессор. Түрік емлелері. Баяндамашылар: татар қалам қайраткері Ибрайым ұлы Әлімжан, әзірбайжандық Аға-зада деген.
6) Пән сөздерінің жүйесі туралы. Баяндамашылар: Шобан-зада профессор мен Зиенат деген. Түрік тілінің пән сөздері туралы. Баяндамашылар: Зайналы, Одабаш, Байтұрсынұлы.
7) Әліп-би сыны пән жағынан, әліп-би сыны іс жағынан. Баяндамашылар: Яковлев, пен Жирков профессорлар. Түрік әліп-билері туралы. Бандамашылар: Мамет-зада, Шарапұлы Әлімжан, Алпарұлы, Төреқұлұлы, Бердіұлы, Омарұлы.
8) Ана тілін үйрету әдісіндегі жаңа ағымдар туралы баяндамашы Щерба профессор. Түрік тілін оқыту әдістері туралы баяндамашы Епенді- зада.
9) Түрік әдебиет тілдерінің жетілуі туралы. Баяндамашы: Көпірлі-зада профессор мен Әкімұлы Нығымет.
10) Түрік әдебиет тілдерін тану жүзіндегі істің кәзіргісі, алдағысы. Баяндамашылар: Көпірлі-зада, Менсель профессор, Сағадиұлы Абдырақман.
11) Түрікші мекемелердің қәзіргі құрылған түрлерімен жақында істейтін істері туралы.
12) Өлке тану ісінің әдістері. Баяндамашы: Ольденбург.
13) Түрік жұрттарының мәдениет жүзінде соңғы кездегі жетілісі. Баяндамашы: Павлович.
14) Ұйымдасу мәселесі.
Осыншама толып жатқан мәселелер туралы толып жатқан баяндамалар қайсысы қай түрде жасалып, қалай қаралып, өткенін бейнелеп айтуға орын тар болғандықтан жана да құрылтайда не болып, не қойғаны турасындағы барша мағлұматтар түгелімен бәрі басылып шығатын болғандықтан, құрылтай қабарын түгел сөйлеймін демей, оқуға қатысы көбірек мәселелер ғана турасынан азырақ айтып өтпекпін.
Ол мәселелер: 1) емле; 2) пән сөз; 3) әліп-би; 4) ана тілін оқыту әдісі турасындағылары.
Бұл мәселелер туралы әуелі орыс ілімдерінің пән пәтуасы түріндегі баяндамалары болып, сонан кейін басқалардың баяндамалары болып отырды.
Емле туралы пән пәтуасын сөйлеген Щерба профессоррдың сөзі қысқалап айтқанда мынау болды.
Төрт жүйелі емле бар: 1) дыбыс жүйелі; 2) туыс жүйелі; 3) тариқ жүйелі; 4) таңба жүйелі;
Дыбыс жүйелі емле – сөзді айтылуынша жазу (қазақ пен қырғыз емлесі дыбыс жүйелі болады). Туыс жүйелі емле – сөздің тек айтылуына қарамай, тегіне де қарай жазу (орыстікі туыс жүйелі емле). Тариқ жүйелі емле – қашаннан жазып келе жатқан қалыпша жазу (арабтікі, араб емлесін өзгертпей қолданушылардікі, ағылшын, француз, немістердікі тариқ жүйелі емле болады). Таңба жүйелі емле – сөз орнына таңба салу (қытай жазуы, бұрынғы екі сулықта болған аққаттардың, шумерлердің сүйір жазулары).
Бұл емлелердің ең жақсысы – дыбыс жүйелісі; үйткені бұ жүйелі емле үйренуге жеңіл. Емле жеңіл болуы тәрбиешілік жағынан да, бұқарашылық жағынан да артық. Жақсы емленің қасиеті үйренуге жеңілдігі мен ойды дұрыс ұқтыруы.
Онан соңғы жақсы емле – туыс жүйелісі. Ең қиыны тариқ жүйелісі мен таңба жүйелісі деді.
Ибрайымұлы Әлімжан жасаған баяндамасында емле жеңілдету жүзінде түрік жұрттарында не істелгенін, қайсысының емлесі қай күйде тұрғанын, емле қай түрде болуы керектігінайтып өтті. Емле түзету жүзінде түрік жұрттарының алдағысы қазақ, арттағысы әзірбайжан, анатоли түркі болып шықты. Басқалары соның екі аралығында болды. Құрылтай дыбыс жүйелі емлені, керегіне қарай туыс жүйесімен үйлестіріп алуды қабыл етті. Әзірбайжандықтар араб қарпымен дыбыс жүйеліемле жасауға болмайды деп ойлайтын көрінеді. Сондықтан олар дыбыс жүйелі болған соң, латын қарпысыз болмайды деп, дыбыс жүйелі, латын негізді деген сөзді керек емес десек те болмайды, көпшілік қолында болған соң қыстырып өткізді. Ол жерде пікіріміз айырылатынын мәлім еттік те қойдық.
Пән сөздері туралы баяндаманың бірі менікі болғандықтан, өз баяндамамның да мазмұнын қысқасынан айта өтейін. Баяндамамдағы айтқаным: пән сөздері жағынан да басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жол тұтынды, басқа түріктер әдебиет тілі араб, парсы сөздерімен шұбарланса көркем болады дегендіктен, екінші, өз тілдерінен пән сөзіне лайық сөздер іздеуге ерініп, дайын пән сөздерді ала бергендіктен, түпкі ана тілі мен әдебиет тілі бөлектеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып, жойып жіберу даражаға жеткен.
Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың қат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді. Тіл арасына жік түсіп айырылмас үшін, жат сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды. Ол тәртіп қазақ білімпаздарының тұңғыш тобында қабылданғаны айтылды.
Сол жол басқа түріктер қолдануына да теріс болмас делінді.
Құрылтай қарары да осы негізді болды. Бірақ жалғыз қазақ емес, басқалар да қолданатын болғандықтан, біздің қолданған тәртібімізге қосқандары мынау болды: түрік жұрттары тілдерінің жақындығына қарай топталып бөлінсін, пән сөз топ ішіндегі жұрттардың бәріне ортақ түрде алынсын.
1-інші басқыштағы мектептерде қолданатын пән сөздер әр жұрттың өз тілінен алынуы абзал; 2-нші басқыштағы мектептерде қолданатын топқа ортақтастырып алған пән сөздер болсын. Жоғары мектептерде әлемге жайылған Европа пән сөздері қолдансын делінді.
Латын қарпын қолдаушы 7 баяндаманың екеуін ілім пәтуасы түрінде екі профессор жасады. Яковлев профессор әліп-би қандай қасиеттерімен жақсы болатынын, не үшін латын қарпын қолдайтынын айтты. Оның айтуынша, жақсы әліп-би тіл дыбысына түгел жету керек, қарып белгісі аз болу керек. Бұл екі қасиет – қазақ әліп-биінен табылатын қасиет. Қазақтан басқа да ондай әліп-би бар деп айтпады. Дәйекші қойып қарып белгісін азайту – бұл табылған ақыл деп. Латын қарпын жақтайтыны латын қарпы – жайылып келе жатқан қарып, арабтікі тоқталып қалған қарып деді. Онан басқа латын қарпының араб қарпынан пәлендей артықшылығы бар деп айтқан жоқ.
Жирков профессор араб қарпының сұлулығын, бірақ баспа істері жағынан қолайсыз жағын, қәзіргі жеңілдетуге жасап жатқан өзгертулер араб қарпының сұлулығын бұзатындығын сөйледі. Мұның сөзінше баспаға жеңілдету мақсатпен араб қарпының сұлулығын бұзудан да өзінен безу артық деген пікір ұғылды. Латын қарпымен араб қарпын салыстырған жерінде арабтың ескі қарыптарын алып салыстырғандықтан, айтқан сөздері дәлелді бола алмай шықты.
Бұлардан кейін баяндама жасаған латыншыл бес кісінің бесеуі латын қарпы мен араб қарпын салыстырғанда (тістеріне жұмсағырақ болған соң) арабтың ескі қарпын алып салыстырумен болды. Көбі түк дәлелсіз болды. Араб әліп-биінің кемшілігі деп көрсетуге алған нәрселері біздің мұнан 15-16 жыл бұрын басын ауыртқан араб емлесінің кемшіліктері болып шықты.
Біздің 10-шы жылдарда шығарып ескі ұсқы қоймасына тастаған нәрселерімізді кейбіреулер 26-ншы жылдарға дейін тұтынып келіп отырып, соны өзгерту ниетке жаңа ғана кіргенін өздерінше бір артықша жаңашылдық деп біліп, өздерін әлдеқандай өзгерісшіл көріп жүр екен. Тариқ жүйелі араб емлесінің тас талқанын шығарып бұзып-жарып, араб қарпымен-ақ дыбысжүйелі қазақ емлесін жасап алғанымыздан қабарсыз екен. Олар арабтың емлесін бұзудан қарпын тастау оңай; қарпын тастамай, емлесін бұзуға болмайды деп ойлайды екен. Араб қарпынан латын қарпына көшеміз деуінің ең негізгі себебі осы екен. Қазақ, қырғыз, башқұрт, татар араб емлесін бұзғаннан араб қарыптары қираған жоқ, қайта түзеліп жақсы бола бермекші. Бұл басқаларға мүмкін емес нәрсе сияқты көрінеді. Мәселен арабтың « ﺨﺑﺩ » деген сөзін арабтың бес қарпымен « ﺠﺎﺇﺩ » деп жазуға болмайды. Латынның ғана бес қарпымен жазуға болады.
Араб қарпын қолдаушы екі баяндама болды. Оның да бірі, мәселен, Алпар ұлының баяндамасы, араб пен латын қарыптарының жақсы-жамандығын сөз қылмай, араб қарыптарына баспа жағынан жеңілдету мақсатпен жасалып жатқан өзгерістер туралы. Ол өзгерістермен жасалған тәжірибелер араб қарыптарын түбінен қопармай-ақ түрін азырақ өзгертумен да баспа жағының кемшілігі жоғалып, басқалардан артық болмаса, кем болмайтынын айтып, қандай өзгеріс жасалғандарын көрсетті. Өзгерткен қарыптардың ірілері осы күнде қолданылып, ұсақтары құйылып жатқандығын мәлім етті.
Араб пен латын қарыптарын таразыға тартқандай салыстырып, артық-кем жақтарын ыспаттап көрсетіп, арабтікін тастап, латындікін алуда түк мағына жоқтығын айтып сөйлеген баяндама асылында жалғыз Шарап ұлы Әлімжандікі болды. Латынға қарсы баяндама, сөйтіп, біреу-ақ десек те болады. Бірақ бір де болса, бірегей болды. 2 сағаттан астам айтылған баяндаманың мұнда жүзден бірін сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан тек ұшығын ғана көрсетіп өтемін.
Баяндамашы мәселені асылынан алып, алшысынан қойып бастады. Ол айтты: біздер сөз қылып отырғанымыз – «әліп-би қалау» мәселесі емес, «әліп-би алмастыру» мәселесі, «әліп-би қалау» деген мен «әліп-би алмастыру» деген – екеуі бір емес. Түрік жұрттары әліп-биі жоқ жұрттар болса, алдына салған әліп-билерді қарап-қарап, ұнатқан біреуін алар еді. Түрік жұрттары – тұтынып отырған әліп-биі бар жұрттар. Көбінің әліп-бимен байласқан әдебиеті, мәдениеті бар. Тұтынып отырған әліп-биді тастап, бөтен әліп-биге көшкенде, қанша сауатты адамдар сауатсызға айналмақшы, қанша мұғалімдер қайтадан қат үйренбекші, қанша баспақаналардың қарыптары жаңадан жасалып, жаңадан құйылмақшы, қанша қарып тізушілер қайтадан үйренбекші, қанша қаржы шықпақшы, қанша еңбек сарп етілмекші. Осыншама құрбандықтың бәрін өтегендейалмастырып алатын әліп-биде бұрынғымыздан анағұрлым артықшылық болу керек. Сондай артықтық алатын әліп-биде бар ма екен деп алып, екі әліп-биді түрлі жағынан салыстыруға түсті.
Екі әліп-бидің де артық-кем жерлерін әншейін сөйлемей, әр түрлі ілім тәжірибелерімен ыспаттап, даусыз дәлелдер келтіріп баяндады. Ақтығында латын әліп-биінде көп құрбандықты өтерлік аса артықтық болмақ түгіл, араб әліп-биінен де көрі кемшіліктері көбірек болып шықты, бірақ құрылтай дүкені жасаушылардың қолында болғандықтан, күн бұрын қолайлап бәрін икемдеп қойғандықтан, қазанның құлағы қазаншының қалаған жерінен шықты: «Латын әліп-биінің артықтығына құрылтайдың көзі жетті. Енді алу-алмау әр жұрттың, әр мемлекеттің ықтиярында» деген қарар көпшілікпен өтті.
Қанша ыспат, дәлелдер болғанын түбінде құрылтай жұмысының мағлұматтары басылып шыққанда, әркім өзі көре жатар. Қарып мәселесі турасында қазақ тарабынан айтқанымыз мынау болды: біздер мәдениет жүзінде кейін қалған жұрт болғандықтан, мәдениет қуатымыз да, мал қуатымыз да шағын, сол шағын қуатымызды қазірде өте-мөте керек нәрселерге ғана жұмсап жатырмыз. Қәзіргі бізге өте-мөте керек нәрсе – оқу кітаптары. Бар күшімізді соған салып жатырмыз. Басқа керек нәрселер де толып жатыр; оларды қоя тұрып, өте керегін істеп жатырмыз. Қарып жағынан өте-мөте керек болып қысып тұрған мұқтаждық жоқ. Осы құрылтайда айтылған пән пәтуаларынша ең жақсы емле де, ең жақсы әліп-би де біздікі болып шықты. Емле мен әліп-би жағына келгенде, біз орыстан да, немістен де, француздан да, ағылшындардан да алда тұрғанымыз мәлім болды. Азғана күшімзді озған үстіне озамыз деп, озып тұрған жерімізге жұмсауымыз керек. Бізге жаны ашитындар қарып тауып береміз демей, мектептерімізді бұзау мен қозы алатын үйлерде пысынатпай, соларға үй салып берсе екен делінді.
Қарыптан соңғы жасалған баяндамалар талқыға түсіп сөз болмастан комиссияға жіберіле берді. Ана тілін оқыту әдісі ғана сөз болыңқырады, басқалары тіпті айтыс ашылмастан комиссияға кетіп отырды. Ана тілін оқыту әдісі туралы баяндама жасаған Щерба профессордың айтқан сөзінің қысқаша мазмұны мынау болды: осы кезде ана тілін оқытуға қолданатын әдіс мынау: дыбыс негізді әдіс, тұтас тұлғалы әдіс (америка әдісі дейтін). Қай әдісті қолдану қолайлы болуы емле жүйесіне қарай: дыбыс жүйелі емлені қолданушыларға дыбыс негізді әдіспен оқыту оңай, тариқ жүйелі емлені қолданушыларға тұтас тұлғалы әдіспен оқыту оңай. Тұтас тұлғалы әдіс – ағылшын емлесінің ауырлығынан туған әдіс, Ағылшын емлесі тариқ жүйелі. Дыбыс негізді әдіспен ағылшын емлесін үйрену азап, қатта мүмкін де емес. Дыбыс негізді әдіс дыбыс жүйелі емлеге өте қолайлы. Емлесі дыбыс негізді құрттар қолданған жерде үйретуге ең жеңіл, жемісі тез пісетін дыбыс негізді әдіс екені ақиқат.
Тұтас тұлғалы әдістің өзін оңаша алып, дыбыс негізді әдіспен салыстырғанда, түк артықтығы жоқ. Жазылуы мен айтылуы – екеуі екі басқа, ағылшын емлесіне дегенде ғана тұтас тұлғалы әдістің артықтығы бар. Біздің орыс әдісшілерінің тұтас тұлғалы әдіске әуестенетіндері дыбыс негізді әдістен көрі оны көрнекірек дейді. Асылында, дыбыс негізді әдіс тариқ жүйелі ағылшын емлесіне қандай қолайсыз болса, тұтас тұлғалы әдіс дыбыс жүйелі емлесі бар жұрттардың қолданылуына да сондай қолайсыз болады деді.
Құрылтай түрік жұрттары үшін дыбыс жүйелі емлені қабыл алған соң, оған қолайлысы дыбыс негізді әдіс болған соң, осы әдісті қабылдап қарар шығарды.
Ана тілін оқыту турасынан шығарған қарарға тағы да кірген баптар болды. Оның өте-мөте ескерерлігі мынау болды:
Ана тілін үйрену жағын жақсылау үшін түрік жұрттарының әр тілі анық танылуы керек. Тіл іліміне жетік білімпаздар шығару үшін оқытушы даярлайтын орта мектеп пен жоғарғы мектептерде тіл сабақтары мектептерде тіл сабақтары елеулі орын алу керек.
Бірінші басқыштағы мектептерде тіл сабағы жүзінде қалық әдебпеті басым боларға керек.
Екінші басқыштағы мектептерде тіл сабағы жүйелі ілім түрінде өз алдына оқытыларға керек.
Әдебиет 2-нші басқышта әлеумет тану ілімімен бірге кез келген түрде де, жүйеленіп әдебиет траиқы түрде де оқытылу керек. Тариқ түрінде оқытылғанда ана тілінің әдебиетінен басқа ағайын жұрттардың әдебиеттерімен таныстыру керек.
Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағана, қисын жағын тану түрде үйрету керек. Сөздің тұлға, мағана жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс.
Оқуға қатысты көбірек осы төрт мәселе сөзімен құрылтай әңгімесін тоқтатамын.
Тегтер: Ахмет, түрікше ілім, түрікше құрылтай
Авторы: Ахмет Байтұрсынұлы