Мінездің физиологиялық негіздері
Жүйке жүйесінің типі жоғары жүйке қызметінің туа біткен ерекшеліктеріне байланысты. Бірақ адамның физиологиялық табиғаты өзгермей қала алмайды. Жүйке жүйесінің темпераменті мен мінезді ара қатынасы туралы айта келіп, И.П.Павлов былай деп жазды: «тип дегеніміз жануардың жүйе қызметінің туа біткен, конституционалдық түрі – генотип. Бірақ, жануар туған күнінен бастап қоршаған жағдайдың саналуан ықпалына ұшырайтындықтан, бұларға ол ақырында бүкіл өмір бойына жиі бекіп қалатын, белгілі бір іс-әрекеттермен сөзсіз жауап беруге тиес, сонда жануардың түпкілікті жүйке қызметі дегеніміз типтік белгілері мен сыртқы орта әсеріне өзгерістірдің кірігуі – фонтип, мінез болып табылады».
И.П.Павлов жануар туралы айтып отыр, ортаның осы сықылды ықпалдарын адам да басынан өткереді. Адамда жүйке қызметінің қалыптасуына бірінші ғана емес, сондай-ақ екінші сигнал системасы да үлкен ықпал жасайтынын есте ұстаған жөн.
Сонымен жүйке жүйесінің туа біткен қасиеті – темперамент – мінездің негізі болып саналғанымен, алайда оны адамның өмір мен қызмет процесінде алған, уақытша жүйке байланыстарының ерекшеліктері мен олардың күрделі жүйелері анықтайды.
Сайып келгенде, туа біткен қасиеттер емес, әлеуметтік шарттылық, яғни ортаның, тәрбиенің ықпалы адамда қандай да мінез қалыптасуының басты себебі. Темпераментке, негізінен, сезімнің пайда болуы мен психикалық процестер мен әрекеттердің өте жылдамдығы байланысты келеді, бұл, әрине, адамның мінезінде де көрінеді.
Адамның өз мінез-құлқын жөндеуі
Адамның бойындағы мінез бітістерінің оның өзі үшін де, сондай-ақ төңірегіндегі адамдар үшін де орасан зор маңызы бар. Егер біреу туралы: «Оның мінезі қандай жаман» десе, онда әлеумет мұндай адамнан қашқақтайды, ұжымда оның достары болмайды, отбасында онымен бірге өмір сүру көбінесе үлкен азап. Мінезі жақсы адамдар, әдетте, йналасындағылардың, туған-туысқандары мен достарының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленеді.
Кейбіреулер мінезді жақсарту мүмкін емес деп санайды. Кейде теріс мінезді адам өзі туралы: «Менің мінезім осылай, не істеймін? Менің өзім де өзіме разы емеспін, бірақ ештеңе істей алмаймын» - дейді. Бұл дұрыс емес. Рас, өз мінезін өзгерту, оның теріс жақтарынан арылу және бойындағы мінездің оңды жақтарын баулу – күрделі міндет, бірақ мүмкін нәрсе. Бұл үшін, ең алдымен, өз мінез-құлқымен жұмыс жасау, оны тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу мақсатын қайта қолға алып, батыл алға қою керек; тым дандайсудан арылу, өзіне сын көзімен қарауға тырысу, өзінің кемшіліктерін айқын көру үшін, мінез-құлқына қаталырақ қарау қажет. Бұларды байқамайтын, немесе байқағысы келмейтін адам ешқашан да өзін ойдағыдай жөндей алмайды.
Өз қасиеттерін объективті бағалау кейде адамның өзіне де қиынға түседі. Сондықтан да басқалардың пікіріне құлақ асып, сырттан көп нәрсе айқынырақ көрінетінін еске ұстап, әділ сынға өкпелемеу керек. Мінезді тәрбиелеуде адамға жақсы, тату ұжым көмектесе алады.
Адамда мінез белгілерін қалыптастырудың аса маңызды шарттарының бірі – еңбек, белсенді іс-әрекет.
Өзін-өзі баулуды айта отырып, бұл, әсіресе, жастық шақта жемісті болатынын ескерген жөн. Нақ осы кезде адам бойында өзін-өзі ұғып, түсіну қабілеті дамиды. Жастар өмір мәні, мақсаты туралы ойлай бастайды, өздеріне және басқаларға сын көзімен қарай алады, оларда қоғамның пайдалы мүшесі болу үшін өзіндік тірбие ниет пайда болады. Бірақ бұл егде адам өзін жақсы жаққа өзгерте алмайды деген сөз емес. Әдетке айналып кеткен өзінің қылықтарымен, іс-әрекеттерімен ол бүкіл өмір бойына күресе отырып өзінің мінез-құлқын ұнамды арнаға ұйымдастыру мүмкіншілігіне бірде арылмайды. Тек ниет керек.
Достарыңызбен бөлісу: |