Іс жүргізу құқық мирасқорлығы – бұл даулы не сот шешімімен анықталатын құқықтық қатынасының іс жүргізуінен жақтардың біреуінің шығуына байланысты істе тарап немесе үшінші тұлға болып танылатын тұлғаны ауыстыру (Кесте 14).
Іс жүргізу құқық мирасқорлығы материалдық құқық бойынша мынадай жағдайларда болады:
1. Жалпы (универсалды) мирасқорлық (мұрагерлік, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы);
2. Сингулярлы мирасқорлық, яғни жеке субъективтік құқық мирасқорлығы (талапқа жол беру немесе басқа тұлғаның қарызын өзіне аудару).
Материалдық құқық бойынша мирасқорлыққа жол берілмейтін жағдайда онда іс жүргізу құқық мирасқорлығы да болмайды, мәселен талап ету құқық талап қоюшы немесе жауапкер тұлғаларымен тығыз байланыста болса (неке бұзу, алименттер өндіріп алу, жұмыс орнына қайта тұрғызу туралы талаптар бойынша), сондай-ақ мирасқорлық заңға не шартқа қайшы болса.
Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады. Құқық мирасқордың процеске кіруі соттың ұйғарым шығарумен белгіленеді. Құқық мирасқоры процеске кіру кезінде өзінің мирасқорлығын негіздеуге тиіс, мысалы, мұрагерлікте мұрагерлік құқығы туралы куәлік, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуында сол туралы құжат, талапқа жол беру немесе борышты ауыстыру туралы сәйкесті шарттар.
Құқық мирасқоры процеске кіргенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқоры үшін бұл әрекеттер құқық мирасқоры ауыстырған тұлғаға қаншалықты міндетті болса, сондай шамада міндетті.
Азаматтық іс жүргізудегі үшінші тұлғалар (Кесте 15). Іске қатысқан тұлғалар ішінде үшінші тұлғалар ең түсініксіз тұлғалар.
Үшінші тұлғалар - өздерінің субъективті құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін басталып кеткен азаматтық процеске қатысатын және тараптардың (талап қоюшы мен жауапкердің) құқықтары мен мүдделерімен сәйкес келмейтін тұлғалар. Үшінші тұлғалардың азаматтың процеске қатысудың негізгі себебі - олардың қаралып жатқан азаматтық істе өздерінің жеке мүдделері бар. Іс бойынша сот шешімі олардың материалдық құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін. Бұрын қоса үшінші тұлғалар институты нақты бір іс бойынша бірнеше әр түрлі талаптарды біріктіруге мүмкіндік етеді, істің бүкіл мән-жайларын сотпен толық зерттеуді қамтамасыз етеді және негізсіз сот шешімдерін шығарудан сақтайды деуге болады.
Үшінші тұлғалардың ісі бойынша мүдделерінің деңгейі әр түрлі болуы мүмкін, сондықтан олардың 2 (екі) түрі болады:
1-мәлімдейтін;
2-мәлімдемейтін.
1) ҚР АПК 51 бабына сәйкес даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа
да талап қою арқылы істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін процеске кірісе алады. Олар барлық құқықтарды пайдаланады және талап қоюшының барлық міндеттерін орындайды.
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші түлғалар - бұл талап қоюшы мен жауапкер арасында басталып кеткен процеске даудың нысанасына өздерінің дербес құқықтарын қорғау үшін қатысатын тұлғалар. Бұл тұлғалардың қатысу себебі, олар құқық жөнінде дау талап қоюшы мен жауапкерге емес өзіне берілген деп ойлайды. Олар жалпы тәртіп бойынша бірінші сатыдағы сот шешімін шығарғанша талап қою арқылы қатыса алады (мысалы: екі жас некеге тұрған соң олар 120000 мың теңге тұратын жеке пәтер алмақшы болады, ал пәтерді сатып алу үшін 80000 мың теңге ақша соманы ер жігіт өзінің туған анасынан алады, ал 40000 мың теңге ақшаны үйленер алдында өзі жұмыс істеп тапқанынан қосады. Бір жыл бірге сол пәтерде тұрған соң жастар некелерін сот арқылы қияды, себебі ортақ мүлік бөлуде араларында дау болған. Сотта іс қарағанда ер жігіттің туған анасы өзінің дербес талабын қоюы мүмкін, яғни ол осы іс бойынша дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлға болып танылады). Бұл үшінші тұлғалар өз талаптарын тараптың біреуіне не екеуіне бірден қоюы мүмкін.
Іс бойынша үшінші тұлғаларды қатыстыру мәселесі, соттың сәйкесті ұйғарым шығаруымен белгіленеді.
Осы үшінші тұлғаның талап қоюшыдан бір ғана айырмашылығы бар - бұл процеске кіру кезеңі.
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар сипаттамасы:
- процеске талап қою арқылы қатысады, талап қоюшының барлық құқықтарын пайдаланады жөне оның барлық міндеттерін атқарады;
- үшінші тұлғалардың талап қою пәні талап қоюшының талап қою пәнімен толық көлемде немесе жарым-жартылай толық сәйкес келуі керек, сондықтан талап қоюшының талабын қанағаттандырса әлбетте, үшінші тұлғаның талап арызын қабылдаудан бас тартады (толық немесе жарым-жартылай). Іске қатыса алмаған дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар жеке талап қоюға хақы бар.
- іске қатысу ықыласы көбінесе үшінші тұлғалардың өздерінен болады.
2) Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші түлғалар - бұл бірінші сатыдағы қаралатын іс бойынша қабылданатын шешім тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін болғанда, талап қоюшы не жауапкер жағында іске қатысатын тұлғалар (ҚР АПК 52 бабы)