4.2 Азаматтық процестегі тараптар түсінігі, олардың процессуалдық құқықтары мен міндеттері
Азаматтық іс жүргізудегі тараптар іске қатысушы тұлғалар қатарына жатады (ҚР АПК-нің 43-бабы). Жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын (кәсіпорын, мекеме, ұйымдар) өздеріне келтірілген зиянды сот арқылы өндіріп алуға хақысы бар.
Тараптар - сотта субьективтік құқықтары немесе заңмен қорғалатын жеке мүддесі туралы даулары қаралып және шешілуге тиіс іске қатысушы тұлғалар (Кесте 10).
Тараптар деп талап қоюшы мен жауапкерді атайды. Талап қоюшы мен жауапкер ретінде жеке тұлғалар (ҚР-ның азаматы, шетел азаматы және азаматтығы жоқ адам) мен заңды тұлғалар (мекемелер, ұйымдар және кәсіпорындар) болып табылады.
Талап қоюшы - сотқа талап арыз беру арқылы өзінің субьективтік құқықтары мен заңмен қорғалатын мүддесін қорғаушы тұлға. Қазіргі азаматтық іс жүргізу заңында талап қоюшының азаматтық процеске қатысуының 2 негізі көрсетіледі:
- талап қоюшы өз мүдделері және құқықтарын көздеп талап қою арқылы қатысады;
- басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінеді. Бірінші жағдайда талап қоюшы іс жүргізуін өзі бастайды, ал екінші жағдайда ол іске қатысуға соттан рұқсат сұрайды.
Жауапкер - талап қоюшының талабы бойынша сот алдында жауап беретін тұлға. Талап қоюшының айтуынша жауапкер оның субьективтік құқығын немесе заңмен қорғалатын мүддесін бұзып не дауға салып отыр. Талап қоюшы мен жауапкер – сотта қаралуға жататын даулы құқық қатынасының немесе заңмен қорғалатын мүдденің субьектілері.
Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттері (Кесте 11). ҚР АПК 46-бабына сәйкес: тараптар іс жүргізу құқықтарын тең пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндетін мойнына алады деген.
Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтарын: жалпы және арнайы деп бөліп қарастырса болады.
Жалпы – бұл тараптардан басқа да іске қатысушы тұлғаларға тән құқықтар: іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге, қарслықтарын мәлімдеуге, дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға және т.б. (ҚР АПК-нің 46-бабы).
Арнайы – мысалы, талап қоюшы талаптың негіздемесін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талабының мөлшерін ұлғайтуға не азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы. Жауапкер талап қоюды толық не жартылай тануға, немесе талаптан бас тартуға құқылы.
Тараптардың азаматтық іс жүргізу міндеттерін: жалпы және арнайы деп бөлініп қарастырса болады. Жалпы – тараптар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға, сот отырысындағы тәртіпті сақтау, сотта төрағалық етушінің қаулыларына бағынуға тиіс. Арнайы – ол азаматтық іс жүргізудің сатыларына және нақты іс жүргізу әрекеттердің мінезіне байланысты.