Көркем шығармашылық негізіндегі эстетикалық тәрбие беру
Негізінен, мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын, ой – өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байыту, эстетикалық талғамын арттырып, адамгершілікке баулу ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше екені баршамызға мәлім.
Бірақ қазіргі таңда балалбақшадағы ортаңғы топ балаларының сөздік қоры төмен, тілдері дамымаған, өздігінен оқи алмайтыны анық. Сол себепті, көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу қызметтерінде балалардың ертегіні байланыстыра сөйлеу дағдыларын жетілдіруде, ертегінің мазмұнын дұрыс түсініп, грамматикалық жағынан дұрыс байланыстырып, жүйелі әңгімелеп беруге үйрете отырып, адамгершілікке әрі эстетикаға ұмтылдыра аламыз. Тіл байлықтарын арттыру мақсатында және оқылған ертегінің мазмұнын толық қабылдау негізінде күннің екінші жартысында осы оқыған ертегіні балалармен сахналауға болады.Мысалы: «Ақымақ қасқыр», «Мақта қыз бен мысық», «Түлкі мен арыстан», «Дос іздеген бота», «Шал мен дәу» тағы да басқа ертегілерді балалар қызығушылықпен сахналары анық. Oлар өздерінің қалаған ертегілерін кейіптендірді, сөздерін жатқа айтып отырып, өзі қалап алған кейіпкерлердің көңіл - күйін, іс - әрекетін беруге тырысады. Ертегіні кейіптендіруде баланы дұрыс сөйлеуге, сөйлемді байланыстыра құрастырып айтуға көп назар аудару керек.
Егер халық ертегілеріне педагогикалық - психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ мұның балаларға танымдық əсері жоғары. Xалық ертегілерінің таңдаулы үлгілері ғасырлар бойы жасалған халық шығармашылығы болғандықтан оның ішінен көркем тіл де, терең ой да,тамаша үздік кейіпкерлер де табылады.
Осы ертегілер арқылы балалар айналасындағы өмірді, адамдарды кеңірек танып, ұстанымдылыққа еңбек сүйгіштікке ие болады.
Көркем шығармалар арқылы, оның ішінде ертегі, аңыз-әңгімелер арқылы балаларға эстетикалық тәрбие беруде:
1. Ертегі оқу. Мұнда мұғалім сол ертегі кейіпкерлерінің бейнесіне еніп, соның көңіл-күйін образ арқылы бейнелеуі арқылы, актерлік шеберліктің көркемдігіне баулуы.
2. Пантомима ойыны. Ешқандай сөз айтпай сол кейіпкердің қимылдарын көрсетуі нәтижесінде, адамның тапқырлық атты қасиетіне жетелеуі.
3. Cуретпен жұмыс. Əр түрлі жəндіктер бейнеленген суреттер немесе бір ертегідегі барлық қимылдарды суреттер арқылы көрсетіп, балалардың табиғат туралы білімдерін кеңейтіп, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімдерін оятып, қамқорлыққа тəрбиелеуі, әсемдікке ұмтылдыруы.
Белгілі қазақ жазушысы академик М.Əуезов қазақ фольклористерінің арасында алғашқылардың бірі болып ертегілерге «Ертегі - деп баяғы замандағы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, ия сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін онан соң, елдің белгілі санатын білдіретін арнаулы үлгі айтатын жамандықты жерлеп жақсылықты айтқан, ойдан шығарған көтерме əңгімені айтады. Баланы еңбекке тəрбиелеуде отбасы мүшелері үлкендерінің еңбекке деген көзқарасы,еңбек істеу əрекеті əсер етеді. Бала бойына тамаша қасиеттер мен адалдықты, мейрімділікті, имандылықты ұялататын осы – ертегі» - деп анықтамасын берді.
Осы сөзден-ақ, халық ертегілерінің бала дүниетанымын қалыптастырудағы маңызы аса зор екені айшықталады. Өйткені қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрлардың бірі - ертегілер. Біріншіден, ол ұрпақтан - ұрпаққа ауызша тараған мол мұра. Оның осы дəуірге дейін жетуі ертекшілермен тығыз байланысты. Xалық арасында үлкен беделге ие болған ертекшілер ертегіні шебер орындаған. Жаңадан ертегілік сюжетті тудырып толықтырып отырған. Екіншіден, ертегіден халқымыздың ертеңге деген сенімі мен арман - тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тəжірибесін көреміз. Yшіншіден, ертегінің қай түрін алсақта ол баланың ой - қиял ұшқырлығын күшейтеді, мінез - құлқын, ерік - жігерін қалыптастырады.
Hәтижесінде, балалар айнала қоршаған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, табиғаттың әсемдігіне қайран қалады, халықтың әдемілік және әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіріп, ұлтының сұлулығына тамсанып, ұлттық салт - дәстүр, әдет - ғұрып туралы түсініктері қалыптастырып, ұлттық болмысының қайталанбас көркемдігін жоғалтпайды.
Балабақшадағы балаларды эстетикаға тәрбиелеу барысында ертегіні ұйып, немен аяқталады екен деп ойланып отырған балаларға сол ертегіні өздеріне аяқтауларын сұрап, ұсынуға болады. Бұл әдіс балалардың ұиял әлемінің әсемдігіне жетелейді. Осылайша, олар бір-бірінің ойын құрметтеп, қоғамының көркемдігін сақтап, қиял әлеміне сүңгуді үйреніп-ақ алады.
Одан кейін өскелең ұрпақты жан - жақты жетілген адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде, өлеңдердің де алатын орны ерекше болғандықтан балаларды эстетикаға өлеңдер арқылы тәрбиелеуді жүзеге асыруға болады. Өйткені өлең адамның қиялына қанат бітіріп, көркемдендіреді, білмегенді білгенге сүйрейді.
Мен, қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан қаламгерлер: A. Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, C. Сефуллин, І. Жансүгіров, Ө. Тұрманжанов, М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Б. Cоқпақбаев, М.Төрежанов, Ресей жазушылары: K. Чуковский, В. Oсеева, К.Ушинский, C. Маршак, A. Барто сияқты ақын, жазушылардың шығармалары мен өлеңдерін, өз еңбегімде кеңінен пайдаланып жүрдім. Олардың шығармалары балаларды тәрбиелеудегі ізгі мақсаттарды көздеп, балалардың тілдерін ширатып, ойларын дамытып, Отанды сүюге, рухани - адамгершілікке тәрбиелейді. Сондай – ақ, аталған ғұламалардың шығармалары мен өлеңдері, балалардың түсінуіне жеңіл, ұғымына сай қысқа, тұжырымды, тілі көркем. [9]
Ұйымдастырылған оқу қызметінде: А. Құнанбаевтың «Жаз», «Шегіртке мен құмырсқа» , Ы.Алтынсариннің «Ананың сүюі», «Асыл шөп», М.Әлімбаевтің «Сары жапырақтар жауғанда», К. Чуковскийдің «Мойдодыр», В.Овсееваның «Волшебное слово», К.Ушинскийдің «Два козлика» деген өлең шығармаларын балаларға пайдалануға болады.
Бұл өшпес зор туындылар, балалардың болашағының мәнді мақсатты көзқарасын тудырары сөзсіз.
Көркем шығарманы оқығанда шығарманың мазмұнына байланысты суреттер мен көрнекіліктер қолданып отырған жөн. Өйткені бұл жастағы балалар өз беттерімен оқи алмайды. Ал шығарманың мазмұнын сурет арқылы жылдам түсінеді.
Содан соң әр шығарма балалар бойына бір әсем қасиетті не дағдыны салып кетуін қадағалау керек. Мысалы, Ә. Дүйсенбиевтің « Не деу керек?» деген өлеңінен үзінді оқығанда, балаларды өлең түріндегі шығарманы тыңдай білуге, жатқа айтуға, «рақмет» , «кешіріңіз», тағы басқа ізеттілікті, рухани әсемдікті аңғартатын сөздерді күнделікті қолдана білуге үйретуге жетелеу керек. Нәтижесінде балалар сөздерді анық айтып, есте сақтау қабілеттері дамып, ауызекі сөйлеуге жаттығып, көркем сөздерді қолдана білетін әрі сыпайы да көркем сөйлей білетін болады.
Сондай-ақ, балаларға жұмбақ, жаңылтпаш, мақал - мәтелдерді жаттатқызып, өмірде қолдандыруға баулыған да дұрыс. Бұл балалардың орынды сөйлеуіне, сөздік қорларының әсемденуіне әкеледі. Түрлі заттармен іс - әрекетке байланысты мен балаларға өздігінен жұмбақ құратып айтуға талпындыруға да болады. Осы арқылы балалардың дүниетану қабілетін дамытып, тапқырлық әсемдігіне баулимыз. Аталған эстетикалық тәрбие беру тәсілдерін тек бөлмеде отырғанда емес, серуенге шыққанда, жаттығу барысында, жазып-сызу не сурет салар кезде сергіту сәті ретінде өткізуге болады. Осылайша, мектеп жасына дейінгі балалардың әлемді тануын жылдамдата түсеріміз анық. Мысалы, жаз мезгілінде серуенге шыққан кезде
Өсіп тұрған бұл не? Ағайынды бәрі.
Жаз болса жайнап, Шықса жасыл,
Cаясына ән салып, Түссе сары (жапырақ).
Құстар жүрген сайрап (ағаш).
деген жұмбақтарды жасырып ағаштарды, жапырақтарды, шөптерді, гүлдерді бақылатуға болады.
Балалардың сөздік қорын молайтып, тілдерін жаттықтыру мақсатында өз жұмысымда жаңылтпаштарды да қолдану керек. Cебебі, жаңылтпаш, баланың тілін ширатып, әсем ету үшін, оған сөз үйретіп, сөздіқ қорын молайтып, дүниетанымын дамытып, кейбір айта алмайтын дыбыстарды айту үшін қолайлы. Tілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеу үшін, қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі-жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса, сөйлегенде де мүдірмей, өз ойын толық жеткізетін болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамиды, сөздік қоры молаяды.
Бүгінде «р» дыбысын, «л» дыбысын, «ш» дыбысы мен «с» дыбысына тілдері келмейтін балалар біршама, келесідей жаңылтпаштарды балаларға үйрету арқылы, тілдік кемшіліктерін түзеуге болады.
Aра, ара, аралар, Ұшқыш жақсы ма?
Oрманның бойын аралар. Yш құс жақсы ма?
Гүлдерден сорып бал алар, Ұшқыш та жақсы.
Бал тәтті ғой балалар. Үш құс та жақсы.
Мақал – мәтел, нақыл сөздер - халықтың ұзақ уақыт бойы адамдардың іс - әрекеті, мінез – құлқы жасалған байқауларынан туған дана сөздері. Бұлар баланың тілін дамытып қана қоймай, ақылды, мағыналы, тәрбиелі сөздерді еске сақтауға, сөздің мағынасын түсініп оны жатқа айтуға және үйренген сөздерді күнделікті өмірде қолдана білуге қалыптастырады. Мақал – мәтелдің әр сөзін түсінетіндей етіп мәнерлеп, сөз ырғағына салып айтқан жөн.
Мақал – мәтелді барлық ұйымдастырылған оқу қызметтерінде және одан тыс уақытта тәрбие ішінде қолданған тиімді. Сол себепті мақал – мәтелдерді барлық ұйымдастырылған оқу қызметтерінде пайдаланып, балаларға оның мағынасын түсіндіріп жаттату керек.
Мысалы, тамақ ішер кезде де балаларға мынандай: «Ас адамның арқауы», «Ас қадірін тоқ білмес», «Асың болса, дос көп, атың болса, той көп» деген мақалдар айтып, асқа отырғызу. Сонда балалар астың қадірін біліп, түсіне бастайды. [10]
Сондай-ақ, қазір бүлдіршіндерге түрлі мультхикаяларды көрсету барысында эстетикалық тәрбие беруге болады. Балаларға, бейнетаспадан көркем әдебиет шығармаларын, ертегілерін көрсеткен кезде, балалар, адамға тән сезімдер дүниесін ашып, жеке адамға, кейіпкерлердің жан дүниесіне деген қызығушылықтары арта түсері сөзсіз.
Көркем шығарма кейіпкерлерімен бірге қуану – қайғыруды үйрене отырып, балалар өзінің достарының, жақын адамдарының көңіл күйін байқай бастайды. Оларда адамгершілік сезім, қайырымдылық қасиет, әділетсіздікке қарсы тұру қабілеті ояна бастады. Осы арқылы балаларды мінез-құлықтың эстетикасына, өзіндік көркемдігіне жетелейміз.
Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді өнерге баулып, оларға эстетикалық тәрбие беруде би өнерінің де маңызы аса зор. Би баланы музыка тыңдауға, ырғақты сезініп, мәнерлі қимыл-қозғалыс жасай білуге тәрбиелеп, дене бітімінің сымбатты болып өсуіне жол ашады. Ғалымдардың айтуынша, мектеп жасына дейін хореографиялық негіз алған балалар жеткілікті түрде мықты қимыл-қозғалыс дағдысы мен қабілетін меңгерумен қатар, жақсы есте сақтау, зейін, ұшқыр қиялмен ерекшеленеді. Баланың эстетикалық, физикалық және рухани ойлау қабілеттерін тәрбиелеуге би өнері қомақты әсерін тигізеді. Би тек сұлулыққа ғана қызмет етпейді. Ол дененің физикалық дамуына да ықпал етіп, дене иілгіштік қасиеті дамытып, энергетикалық әл-ауқатын арттырады. Хореографиямен айналыса жүріп, балаларға эстетикалық тәрбие берудің тағы бір тиімді тұсы - әлеммен әрекеттесуді енді ғана үйреніп келе жатқан, жинақталған эмоцияларын қалай шығаруды толыққанды білмейтін бала би өнерімен айналысу арқылы бойындағы бар негативті шығарып, өз энергиясын дұрыс бағытта сублимациялауды үйренеді. Би іс-әрекеті осындай кедергілерден құтылуға көмектесіп қана қоймай, сонымен бірге сау психиканың қалыптасуын қамтамасыз ете отырып, күйзеліске деген төзімділікті арттырады. Осы арқылы баланы ашкөздік, шыдамсыздық секілді, жалпылама жаман мінез-құлықтан сақтандырып, көркем мінезді болуға жетелей аламыз. Балалардың би өнеріне деген қызығушылықтарын арттырып, ұлттық нақыштағы халық билерін, балаларға арналған сюжеттік билерді, жеке орындаушыларға арналған арнайы қойылатын жеке билерді үйрете отырып, олардың әсемдікке деген сүйіспеншіліктерін арттырып, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға үлес қосамыз. Сондай-ақ, хореографиямен іс-әрекеттері баланы көтеріңкі көңіл-күйде, әрдайым шаттанып жүруге жетелейді. Би өнері сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, балаларды еңбектенуге баулиды. Ол этика мен эстетикалық тәрбие беріп қана қоймай, жанға қуат береді. Би өнерімен айналысатын балалар ұқыпты болуға ынта-шынтасымен ұмтылады. Кішкентай бишілер келешекте де әсем де көркем, ұқыпты киінетін стильді талғампаз адамдар болып өседі. Хореографиямен айналысу балалардың көркемдік талғамын дамытады, олардың орындаушылығының сұлулығы мен байсалдылығын тәрбиелейді, жалпы мәдениетін қалыптастырады, көркемдік-эстетикалық дамуын қамтамасыз етеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың би үйірмесі — өскелең бүлдіршіндерді әсемдік пен дене сымбатының дұрыс өсуіне, өз-өзіне сенімділігі мен ерекшелігін сезініп, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. [11]
Эстетикалық тәрбие берудің келесі құралы - бейнелеу өнері. Мектеп жасына дейінгі балалардың көп бөлігінің ең сүйікті әрекеттері сурет салу, мүсіндеу болып табылады. Осы әрекеттердің кезінде балалардың заттар мен құбылыстар туралы түсінігі қалыптасып, көркемдеп бейнелеуге және өзінің сол затқа қатынасын жаңа оймен бере білуге дағдыланады. Бейнелеу өнері және де басқа да көркемдік шығармашылық әрекет баланы көңілсіз жағдайдан шығарып, жүйкесіне түскен салмақты түсіріп, эмоциональды жағымды көңіл-күй туғызады. Бейнелеу өнерімен айналысу бүлдіршіндердің дүниетанымын кеңейте отырып, олардың эстетикалық көзқарасына дұрыс бағыт беріп, эстетикалық талғамын дамыта түседі. Сонымен қоса, балаларға қоршаған ортаны тануға жәрдемдесіп, олардың байқампаздығын дамытып, логикалық ойлауға үйретіп, көргендерін саналы ой елегінен өткізе білуге дағдыландырады. Сурет өнері баланың кеңістіктегі ойлау қабілетін дамытып, елестету қабілетін арттырады. Ол нақты есептеуге, табиғат әсемдігін тануға үйретеді, ойлау мен сезу икемділігін арттырады. Балалар бейнелеу өнерінің аясында, тек сурет салып қана қоймай, ою-өрнектерді көркем конструкциялауды, ою-өрнек элементтерін құрастыруды үйренеді. Кескіндеме, графика, мүсін, сәулет ескерткіштерімен және сәндік қолданбалы өнер шығармаларымен танысады. Көрген әрбір туындысы баланың эстетикалық тәрбиесіне, шығармашылық қабілеттерінің дамуына, дүниетанымына, жан жақты дамуына ықпал етеді. Бұл балаларды адамзат мәдениетінің даму тарихымен, өнердің даңықты шығармалармен, ұлы суретшілердің өмірі мен шығармашылығымен, белгілі кезеңнің стилімен, бұрынғы және қазіргі даңықты өнер адамдарымен таныстырып, дүниетанымын кеңейте түседі. Мектепке дейінгі бейнелеу өнерін оқытудың теориясы философия, мен эстетикаға, педагогика мен психологияға, және бейнелеу өнерінің теориясы мен практикасына сүйенеді. Бейнелеу өнерінің көмегімен балада өмірге деген эстетикалық көзқарас пайда болып, өзіндік сезімі, талғамы және идеалы қалыптасады. Бейнелеу өнері балаға әсемдіктің қыр-сырын түсінуге мен сүйе білуге, еңбекте де жаңа жетістекке жетуге жетелейді. Бала болашақта қандай мамандық иесі болмасын ол әсемдіктің нәзіктігін түсіне де, көре де біледі. Бейнелеу өнері баланың жеке қабілеттерін дамытуға, әсемдік заңдылықтары арқылы өмір сүріп, жаңаны жасауға үйренуіне жәрдемдеседі. Сондай-ақ, бейнелеу өнері бала қиялының дамуына негіз болады. Себебі, әр бүлдіршін кез келген бейнені өз қалауынша суреттейді, құрастырады, бояйды не мүсіндейді.
Табиғат-Анаға қамқорлық жайлы шығарманы оқыту негізінде балаларды табиғатты аялауға, оның әсемдігіне өз залалын келтірмеулеріне тәрбиелеуге болады. Сондай-ақ, табиғат адамды қуанышқа бөлейтініне, эстетикалық түсінігін байытатынына куәландырамыз. Адам табиғаттағы бақылаушы ғана емес, ол тұтынушы, сұлулықты жасаушы шығармашылық тұлға екенін ұқтырамыз. Сол арқылы, табиғатты сақтау іс-шараларын өткізе аламыз. Мысалы, балабақша айналасын көгалдандыруға жұмылдырамыз, бақтағы гүлдерді баптап, суаруды үйретеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |