Байланысты: 1. Абай а ынды ыны ал аш ы кезе дерін к рсеті із
14. Абайдың қара сөздерінің ерекшеліктерін көрсетіңіз. Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздерінің тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.
Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Абайдың толық жинағында 1890 жыл мен 1898 жыл арасында жазылған бір алуан шығармалары – қарасөз деп аталады. Жалпы саны – қырық алты бөлек шығарма. Оның алты-жеті үлгісі қысқа келеді. Бұл қатарға қосылатындар Он алтыншы, Он сегізінші, Он тоғызыншы, Жиырмасыншы, Жиырма төртінші, Отыз бірінші, Қырық бесінші сөздері. Жалпы қарасөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек тұратын – Қырық алтыншы сөз. Ол тарихтық мақала – очерк тәрізді. Қазақ халқының қайдан шыққандығына арналған дәлелді, деректі қысқа зерттеу сияқты. Өзге қырық бес сөздің ішінде көлем жағынан мол шығарма бұрын Абайдың қолжазбаларында Ғақлиат тасдиқат деген атпен бөлекше көшіріліп жүретін дін, мораль мәселелеріндегі Абайдың бір үлкен ой-толғауы болады. Бұл – Отыз сегізінші сөз. Осыдан соң қарасөзбен жазылған мысал, өсиет есебіндегі Сократ пен оның шәкірті Аристодим әңгімесі. Бұл – Жиырма бесінші сөз. Көпшілік қарасөздерден және де өзгешерек қалыптасқан - Абайдың Отыз жетінші сөзі. Бұл бөлімше өзге қарасөздерше тұтас құрылған бүтін шығарма емес. Шартты түрде Отыз жетінші сөз деп бір араға бастары құрылған афоризмдер саналады.
Түр өзгешелігі бойынша Отыз жетінші сөз афоризмдер жайын жеке қарадық және Отыз сегізінші сөз – Ғақлиат тасдиқатты бұрынғы барлық қолжазбаларда бөлініп жүрген ретімен жалпы қарасөздерден бөлекше атадық. Тағы да тақырыбы ғылымдық мәселе болғандықтан, Қырық алтыншы сөз – тарихтық очеркті де бөліп атадық. Осымен жиыны он бір сөз, қарасөздер көпшілігінің қалпынан бізге басқарақ саналды. Содан ары қалатын Абайдың анық қарасөз атты мұрасын алғанымызда, олар отыз бес сөзден құралған болады. Енді, ең алдымен, осы қарасөздің қалың тобын тақырып мазмұндарына қарай арнаулы жіктерге бөле отырып тексеріп, танып көрейік. Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның өзінше бір бөлек, бір алуаны болып саналады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар - Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі.