Байланысты: 1. Абай а ынды ыны ал аш ы кезе дерін к рсеті із
22. «Мәз болады болысың», «Болыс болдым мінеки» өлеңдерін талдаңыз Ұлы ақынның «Болыс болдым мінеки» сатирасының екінші жазылу ерекшелігі — оның бас жағында болысты «үйттім», «бүйттім» дегізіп өзін-өзіне дүрелетіп алады да, соңында елдегі жалпы жағдайды сыпаттатады. Бұл тұста болыс:\\
Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды, -деп өз ісі емес, ел ішінің ісі, үшінші жақтың ісі етіп баяндауға ауысады. «Олай болды», «былай болды» тұрғысынан сөйлейді.
Абай болыстар туралы, өз кезінің билеу системасы туралы осы өлеңіндегі сын-сықағын «Күлембайға», «Мәз болады болысың» атты өлеңдерінде дамыта түседі. Бұларда ақын өз атынан сөйлейді. Алдыңғы өлеңде: «Ел билеген адам жоқ ата менен бабаңда»,- деп Күлембайдың тегін кекетеді. Тұқымын өмірі ел сұраған жоқ еді, сен қалай болыс болып жүрсің? деп өзін келекелейді. «Болыстықтан пайда ғып, шығыныңды алсаң жаман ба?» дейді де, «Оған келе де бермес шамаң да» деп ақымақ қылады. Қолыңнан түк келмейтін бишарасың ғой деп ашық айтады.
Бұл өлеңде болыстардың жалтақтығы да, қорқақтығы да ажуаланған. «Атшабар келсе қышқырып, орныңнан тұра шабасың, айдаһардай ысқырып ояз келсе, қайтер ең?» деген сұрауда осы ажуа жатыр. Онда бұтыңа т…п қояр ең деген емеуірін айтпаса да түсінікті. Күлембайдың тағы бір трагедиясы — үйінде күштімсіп, мықтымсып отырады, ал күштілер түшкіріп жіберсе, ұшып кетеді. Бұл — моральдық, білімдік әлсіздік, болыстықта мықты негіздің жоқтығы.
Абай бұл сатирасында да өзінен бұрынғы әдеби дәстүр көріністерін мол пайдаланған. Оны көптеген ауыз әдебиеті туындыларының үлгісімен «уағалайкуссәләм» деп бастаған. «Болыс, мал-жан аман ба?» деп екі адамның кездесуі, бір-біріне қарата сөйлеп, жөн-жай сұрасуы түрін қолданған.
Абай «Мәз болады болысың» өлеңінде де болыстардың сазайын берген. Отаршыл ұлықтардың шен тағып, шекпен жапқанына, «Жарайсың», «бәрекелді» деп арқаға қаққанына олардың мәз болып, босқа мақтанып, ақымақтанып жүргенін өлтіре сықақтаған. Ақын мұнда да болыстарға тура қарап, көңіліндегісін бүкпей айтады. Ар-ұяттарыңды сатқаннан оқалы тон тола ма, шен, оқа сияқты жылтырауыққа алданатын сендер баласыңдар ма? деп өңменнен өтер орынды сұрақ қояды. Олардың болыс болғанға жас баладай қуанатынына, қой сойып той қылатынына таң қалады.
Көзі барлар ойының
Күлер көтін ашқанға.
Хасиетін бойының
Бекер төгіп шашқанға, – деген шумақпен бұған мен ғана таңқалмаймын, мен ғана күлмеймін, есі дұрыс, көңіл көзі бардың бәрі күледі дейді. Болыстардың әлгі қылығын қасиетті кетіру, арды төгу деп біледі.
Ақын болыстардың осы психологиясын сынап-мінеп келеді де, өлеңнің екінші жартысын дидактикаға, ақыл-кеңеске айналдырады. «Миың болса жолама, бос желігіп шапқанға» деп болыс болма, болыс болмау — жамандықтан қашу, болыс болу, шен, шекпен алу — ар, абыройдан айырылу дегенді айтады. Болыс болып болдым деу, толдым деу қате, өйтіп толғанға тосқан бар дейді. Ақын ақылы — одан да ғылым іздеп,білім ал!
Абайдың сатиралық өлеңдерінің енді бір тобы жеке адамдардың ұнамсыз мінез-қылығын мінеп-шенеуге арналған. Олардың шартты түрде жазылғандарында кей жігіттердің, жастардың жеке басының міні, теріс жүріс-жорығы әшкереленеді. Ұнамсыз да ұсқынсыз кейпі жасалады. Егер ақын жоғарыда талданған саяси сатиралық өлеңдерінде сын объектісінің кім екенін олардың іс-қылығымен аңғартса, мораль, этика тақырыбына жазған сықақтарында сатиралық образды психологиялық детальдармен жасайды. Кейбір жастардың мақтаншақтығын, кеселді іске үйірлігін, шаруаға олақтығын, қияли қыдырымпаздығын әшкерелейтін «Адасқанның алды — жөн, арты — сокпақ» өлеңіндегі:
Керегеге сабауды шаншып қойып
Бөркін іліп қарайды жалтақ-жалтақ,-деген жолдардың біріншісінде есерсоқтың кісі күлерлік кимыл-қылығы көрсетілсе, екіншісінде психологиялық деталь бар. Ақ бөркін ақ сабауға іліп қойып, оған сұқтана қарап, мәз болу адамның санасын, психологиясын аңғартады.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ,-деген жолдарда психологиялық деталь айқынырақ берілген. Бет-әлпетті тыржыңдатып, қас керу сияқты мимикалық, психологиялық детальмен кейбіреулердің кім екені аңғарылған.