1 Қазақ тіліндегі жай сөйлем құрылымды мақал мәтелдер


Мақал-мәтелдердің сөйлемде қолданылу ерекшеліктері



бет4/8
Дата06.01.2022
өлшемі452 Kb.
#13960
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
1. Шадманова Дилфуза

1.2 Мақал-мәтелдердің сөйлемде қолданылу ерекшеліктері

Салалас құрмалас сөйлемдердiң iшiнде салыстырмалы түрi қазақ тiлiнiң табиғатынан мақал-мәтелдерден жасалады. Мұның өзi мақал-мәтелдiң өзiндiк ерекшелiгiнен екенiн Қ.Есенов атап көрсетедi. «Мақал-мәтел синтаксисiнде жай сөйлемнен гөрi құрмалас сөйлем көбiрек. Оның себебi де жоқ емес, өйткенi мақалда жатқы iс, жақсы әдет, жағымды мiнез-құлық немесе жиренiштi, жексұрын қылықтар жалаң айтылмайды, басқа бiр жайттармен салғастырыла, теңдестiрiле, соған қарама-қарсы қоя берiледi». Соның арқасында оның тыңдаушыға тигiзетiн әсерi ерекше болады.[13]



Ит тойған жерiне, е тұған жерiне. Адал еңбек елге жеткiзер, арам құлық елден кеткізер. Ұрыс ырысыты қашырар, ынтымақ халықты асырар. Бірлiгi жоқ тозады, бiлiгі күштi ел озады. Кеңестi жерде кемдік жоқ, кеңессiз жерде теңдiк жоқ. Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледi.

Көрсетiлген құрмаластың бiр компонентiнде жақсы қасиет айтылса, баска компонентiнде жағымсыз қылық қатар берiледi. Осындай қарама-қарсы қоюдың арқасында, бiрiншi жағынан, жақсылықтың жақсылық, тартымды қасиетi күшейе түссе, екiншi жағынан жамандықтың жексұрын, жиренiштi бейнесi ашыла, күшейе түскен

Мақал-мәтел синтаксисiнде құрмалас сөйлемнiң барлық түрлерi бiрдей кездесе бермейдi. Құрмалас сөйлемнiң кездесетiн түрлерiнiң өздерi де әдеби шығармалардың басқа жанрларында кездесетiн құрмалас сөйлемдермен салыстырғанда, олардан әлдеқайда ықшамды, жинақы болып келедi. Мұнда құрмалас сөйлем компоненттерi жалаң я толымсыз түрде жиi кездесiп отырады:

Орайы келсе, орақ ор, кезi келсе, кетпен шап. Берсең, аласың, ексең, орасың - дегендердiң әрқайсысында екiден құрмалас сөйлем бар. Олардағы құрмалас сөйлем компонентi болып тұрған жай сөйлемдердiң кейбiреулерi жалаң бiр ғана сөзден (баяндауыштан) болғандар. Бұлар тәрiздес құрмалас сөйлемдер мақалда жиi кездеседi.

Құрмалас сөйлемнiң мақалдар синтаксисiнде ең көп кездесетiн түрi - салаласа құрмаласатын сөйлемдер. Салаласа құрмаласқан сөйлемдердiң әдеби шығармалардың қай жанрларында болса да, қай дәуiрдегiсiнде болса да кездесетiнi белгiлi. Бiрақ мақалдарда кездесетiн салалас сөйлемдердiң олардан құрмаласу тәсiлдерi жағынан да, компоненттерiнiң бiр-бiрiмен мағыналық қатынастары жағынан да өзiндiк бiрсыпыра өзгешелiктерi бар.[14]

Әдебиет жанрларының мақалдан басқа түрлерiнде жалғаулықты салалас сөйлемнiң жалғаулықсыз салалас сөйлемге қарағанда көбiрек, жиiрек қолданылатыны даусыз. Ал мақалда салалас құрмаластың жалғаулықты түрi тiптi қолданылмайды.

Ат айналып үйірін табар, ер айналып елiн табар. Сағынған ер елiн аңсайды, сары ала қаз көлiн аңсайды. Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйiрiнен қаңқыған тұлпар оңбас. Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар. Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлiнген үй оңбас, т. б.[13]

Бұлардың барлығы да жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Бiрақ олардың компоненттерi баяндап тұрған жағдайлар арасында ешқандай мағыналық байланыс, мағыналық жақындық жоқ. Бiрi ойдан, бiрi қырдан деген сияқты әрқайсысы әр түрлi жайды хабарлайды. Мұндағы жай сөйлемдер мағыналары арасындағы болар-болмас iлiктестiк компоненттерде баяндалатын әрекеттердiң, жағдайлардың, оқиғалардың бiр-бiрiне аналогия ретiнде немесе контраст ретiнде алынатындығында. Мысалы: Арықтың сорпасында дәм болмайды, ақылсыздың сөзiнде мән болмайды. Еңбек мұратқа жеткізер, жалқаулық абыройды кеткiзер, - деген сөйлемдердiң алдыңғысында арық аттың сорпасы мен ақылсыз адамның сөзi бiр-бiрiне аналогия ретiнде алынса, соңғысында еңбектiң нәтижесi мен жалқаулықтың нәтижесi бiр-бiрiмен контраст ретiнде келтiрiлген. Бұлардан басқа мағыналық байланыс бұл компоненттер арасында жоқ. Сондықтан да мақалдарда кездесетiн салалас құрмалас сөйлемдердi компоненттерiнiң бiр-бiрiмен мағыналық қатынастарына қарай жiктеуге болмайды. Өйткенi ондай жiктеуге негiз боларлық мағыналық қатынас мұндағы компоненттер арасында жоқ. Әйтсе де, құрмалас сөйлемге қатысты оқулықтарда мундай мақал-мәтелдi құрмалас сөйлемдердi көбiнесе салыстырмалы, кейде қарсылықты салалас құрмаластар қатарына жатқызу басым. Қ.Есенов оқулығында: «Жалғаулықсыз келген салыстырмалы салалас сөйлемдер көбiнесе мақал-мәтелдерден жасалады. Мұның өзi мақал-мәтелдi сөйлемдердiң табиғатынан шығып жатады: Бiлген адам қауып айтады, бiлмеген адам қауып айтады. Тозар елдің жанжалы бітпес, озар елдің арманы бiтпес.

Келтiрiлген сөйлемдердегi салыстырмалық мән олардағы жеке сөздердiң өзара үйлесе, салғастырыла жұмсалуы арқылы туындап тұр: 1. Білген адам — бiлмеген адам, тауып айтады — қауып айтады. Тозар елдiң — озар елдiң, жанжалы бiтпес — арманы бiтпес.

Бұл айтылғандардан, не мағыналық бiрлiгi, не байлаушы дәнекер формасы болмаса, мақалдағы жай сөйлемдердiң қалайша бастары бiрiгiп, құрмалас сөйлем бола алады деп Т.Қордабаев төмендегiше талдайды:

«Мақалда жай сөйлемдердi бiр-бiрлеп құрмаластыратын байлауыш дәнекер жоқ деуге болмайды. Ол, әрине, бар, бiрақ басқа жанрлардағыдай емес, одан өзгеше. Мақалдардың сыртқы құрылысы жағынан прозадан гөрi поэзияға жақындығы белгiлi. Поэзия жолдары сияқты мақалдың да жолдары өзара үйлесiмдi, бiр ырғақты, бiр көлемдi болып келедi. Бiрақ поэзиядағыдай емес, мақалдың әр жолы, негiзiнен алғанда, өз алдына бiр жай сөйлем болып

турады да, салалас құрмалас сөйлемнiң бiр компонентi функциясында қолданылады. Мұндай салалас сөйлем компоненттерi болып тұратын жай сөйлемдер құрамындағы сөздер (мүшелер) саны жағынан да, тiптi көпшiлiк жағдайда, сол сөздердiң буын құрамы жағынан да өзара шамалас болып тұрады. Мысалы:



Аз асқа жасауыл болма, көп асқа бөгеуiл болма. Жақсы етте жасық жоқ, қымыз аста қасық жоқ. Келеді деп көп қойдым, келмеген соң жеп қойдым.

Бұл мысалдағы үш түрлi салалас сөйлемнiң үшеуiнде де компоненттер құрамындағы сөздер саны бiр: олардың барлығы да төрт сөзден құралған. Сонымен бiрге, компоненттер iшiндегi сөздердiң буындық құрамдарында да ешқандай өзгешелiктер жоқ: бiрiншi салаластық компоненттерi сегiз буынды болса, кейiнгi екi салалас сейлемнiң компоненттерi жетi буынды болып келген. Мақалды салалас сөйлемдерде болатын, осы айтылғандардай, компоненттер арасындағы әр түрлi үйлесiмдiлiк, ырғақтық бiрлiк - сол компоненттердi бiр-бiрiмен байланыстырып, салалас сөйлем жасаудың бiрден-бiр тәсiлi болып табылады».

Мақалды салалас сөйлемдердегi компоненттер бiрлiгiн қамтамасыз ететiн екiншi тәсiл белгiлi бір я бiрнеше сөздердiң (мүшелердiң), әсiресе баяндауыштың компонент сайын қайталанып келуi.[15]

Мал қонысын iздейдi, ер туысын iздейдi. Еңбек ерлікке жеткiзер. ерлiк елдiкке жеткiзер. Еңбектің наны тәтті, жалкаудың жаны тәттi. Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсіндi. Бірлігі жоқ ел тозады, бірлiгі күштi ел озады. Кеңесті жерде кемдiк жоқ, кеңессіз жерде теңдiк жоқ.

Белгiлi бiр сөз компонент сайын қайталанып келгенде, ол синтаксистiк функциясы жағынан да, морфологиялық формасы жағынан да ешбiр өзгерiссiз қайталануы да немесе синтаксистiк я морфологиялық өзгерiстерге ұшырап барып қайталануы да мумкiн. Осының алдында ғана келтiрiлген мысалдың бiрiншi салалас сөйлемiнде iздейдi, екiншi салалас сөйлемiнде жеткiзедi, үшiншi салалас сөйлемiнде тәттi және одан кейiнгi салаластардагы

мүсiндi, ел т. б. деген сөздер не тұлғалық, не синтаксистiк ешқандай өзгерiске ұшырамай қайталанған. Ал сол мысалдың екiншi салалас сөйлемдегi ерлiк сөзi бiрiншi компонентте барыс жалғауында айтылып, сөйлемнiң толықтауыш мүшесi болса, екiншi компонентте атау тұлғада айтылып, сөйлемнiң бастауыш мүшесi болған. Мысалдың ең соңғы салаластағы күрделi мүше құрамында тұрған кеңестi сөзi екiншi компонентте қолданылғанда алдыңғыдағы -тi жұрнағның орнына кейiнгi компонентте айтылғанда, болымсыз -сыз жұрнағы қосылып айтылған, бiрақ синтаксистiк функциясында өзгерiс жоқ. Ал ендi, Жұғын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар — дегенде, бiрiншi компонентгегi сөздер түгелiмен дерлiк (тек жұғын сөзi ғана қалған) екiншi компонентте де қолданылған. Екiншi компокентте - қолданылғанда, олар морфологиялық құбылыстарға ұшырамағандарымен синтаксистiк функциялары жағынан өзгерiске ұшыраған. Бiрақ, қалай болған күнде де, бұл қайталаулар компоненттердi бiрiктiрушi дәнекер бола алады.[16,17]

Мақалды салаластағы сөйлемдердi құрмаластырудың үшiншi бiр тәсiлi — компонент баяндауыштарынын бiрыңғай сөз табынан болып, өзара тұлғалас, жақтық, шақтық жақтарынан бiр-бiрiмен үндес, үйлес болатындықтары.

Мысалы: Еңбексiз iс бiтпейдi, ерiншектiн қолы жетпейдi.Іздеген табады, сұраған алады. Адал еңбек елге жеткiзер, арам құлық елден кеткiзер. Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады. Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас.

Мысалдағы компоненттер баяндауыштары арасындағы тәрiздес үндесулер компонент құрамындағы басқа мүшелер (сөздер) арасында да бола бередi. Жоғарыда келтiрiлген мысалдардың екiншi сөйлемiнiң бiрiншi компонентiндегi iздеген деген бастауыш екiншi компоненттегi сұраған деген бастауышпен үндесiп келсе, Елде болса, ерiнге тиедi, ауылда болса, ауызға тиедi, — дегенде, елде деген мен ауылда, ерiнге деген мен ауызға деген өзара тұлғалас келiп, компоненттердiң ырғақтық бiрлiгiн, байланысын кушейтiп тұр.

Мақалды құрмалас сөйлемдерде компоненттер бiрлiгi олардың бiр бастауышқа ортақтасып тұруы арқылы да байқалады.

Жүйесiн тауып, жұмыс қыл, жерiн тауып тыныс қыл. Қазарсың арықты,

көрерсің жарықты. Жiгiттiң жұмсаған күшiн сұрама, бiтiрген iсiн сұра.

Бұл тәсiл тек мақалды салалас сөйлемге ғана емес,құрмалас сөйлемнiң басқа түрлерiнде де кездесiп отырады. Бiрақ оларға қарағанда мұнда жиiрек.

Жоғарыда келтiрiлген дәнекер тәсiлдердiң қай-қайсысы болса да, салалас сөйлем құрамына енетiн компоненттердi жалғаулықтардың байланыстырғанындай, тығыз, берiк байланыстыра алмайды. Компоненттерiнiң байланыс шамасы жағынан алғанда, мақалды салаластарды жалғаулықты салалас сөйлемдер түгiл, басқа жанрларда кездесетiн жалғаулықсыз салалас сөйлемдердiң- өзiмен де қатарга қоюға болмайды. Өйткенi олардың компоненттерi де мақалдарда кездесетiн салалас сөйлем компоненттерiне қарағанда анағұрлым берiк, қабыса байланысып тұрады.[18]

Мұны айқынырақ байқау үшiн екi мысал алайық: Игiлiк ақырын ғана тамағын кенеп қалып едi, ауыз үйдiң есiгiнен Батыраш басын көрсеттi. Өрлеген балық ауға жолығады, өр кеуде жiгiт дауға жолығады. Муның екеуi де жалғаулықсыз салалас сөйлемге жатады. Бiрақ солай болғанмен, прозаға тән салалас сөйлемнiң - Игiлiк ақырын ғана тамағын кенеп қалып едi,- деген бiрiншi компонентi мақалға тән салалас сөйлемнiң - Өрлеген балық ауға жолығады, деген бiрiншi компонентiне қарағанда едәуiр тиянақсыз. Алдыңғы сөйлемнен ойдың аяқталмағандығы айқын байқалып тұр. Ал мақалдың компонентi ондай емес, ол өз алдына жеке, дербес сөйлем сияқты тиянақты.

Бұдан шығатын қорытынды мақалда кездесетiн салалас құрмалас сөйлем компоненттерi бiр-бiрiмен берiк, мағыналық жақтан тығыз байланыста болмайды. Олар өзара нашар байланысады да, әркайсысы өз дербестiктерiн сақтап, қай жағынан болса да бiр-бiрiне тәуелсiз болып тұрады. Оның себебi,

бiздiң байқауымызша. салалас сөйлем компоненттерiнiң көпшiлiк жағдайда, бір-бiрiнен алшақ жатқан мағыналарды баяндайтындықтарында.

Мақал синтаксисiнiң өзiндiк тағы бiр ерекшелiгi — мұнда екi жай сөйлем ғана емес, сонымен бiрге, екi түрлi құрмалас сөйлем де бiр-бiрiмен құрмаласып келе бередi. Сәуір болса, күн күркiрер, кун күркiресе, көк дүркірер. Қаз келсе, жаз келер. Қарға келсе, қатқақ келер. Бір қарлығаш келгенмен, жаз болмайды, бiр сауысқан келгенмен, қыс болмайды. Жиен ел болар, малы болса, желке ас болар, майы болса. Беретiн кісi келгенде, бес қайнайды қазаным, бермейтін кісі келгенде, көп қайнайды қазаным.

Келтiрiлген мысалдағы әрбiр құрмалас сөйлем екi құрмалас сөйлемнен құралған. Осындағы бiрiншi құрмаласқа компонент болып тұрған – Сәуiр болса, күн күркiрер, — деген өз алдына бiр сабақтас сөйлем болса, күн күркiресе, көк дүркiрер, — деген екiншi компонент те өз алдына бiр сабақтас құрмалас сөйлем. Бұл екi сабақтас сөйлем өзара құрмаласып, күрделi бiр салалас сөйлем болып тұр. Сөйтiп, күрделi құрмалас сөйлемдердiң компоненттерi жай сөйлем болмайды, құрмалас сөйлем, негiзiнде, сабақтас құрмалас сөйлем болады.[19]

Мақалдарда кездесетiн салалас құрмалас сөйлем компоненттерiнiң өзiне ғана тән ерекше баяндауыш формасы болмайды, жоғарыда талданып өткен жай сөйлемдерде баяндауыш қызмет атқаратын сөздер сондағы калыптарынан ешбiр өзгерместен салалас сөйлемде де қолданылады.

Мақалда кездесетiн құрмалас сөйлемнiң екiншi түрi — сабақтас құрмалас сөйлем. Сабақтас сөйлем сан жағынан салалас құрмалас сөйлемге қарағанда әлдеқайда аз және әдеби тiлiмiзде кездесетiн сабақтас сөйлемдердiң басым көпшiлiгi мұнда кездеспейдi. Мақалда кездесетiн сабақтас сөйлемнiң негiзгi түрi — шартты рай арқылы құрмаласатын сабақтастар. Компоненттерiнiң мағыналық қатынастары жағынан алғанда, бұлар, негiзiнде шартты бағыныңқылы сабақтас сөйлем болып келедi. Екi қарға таласса, бiр құзғынға жем түседi. Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды.



Қазыға тойсаң, қарта әлем сасиды. Асқа талау түссе, антұрғанның мұрадын бергенi. Бiр ауылдан бiр үй аш болса, бар үй аш болады. Сөз жүйесiн тапса, мал иесiн табар. Сөздi басы қатты болса, түбi тәттi болар. Желбезекке жебе дарыса, балық өрге жүзе алмас. т. б.

Шартты рай арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдердiң әдеби шығармалар жанрларында кездесетiн басқа көптеген түрлерi мақалда кездеспейдi немесе өте сирек кездеседi. Олардың iшiнде сирек те болса кездесiп қалып отыратыны:



Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме. Атсыз үй болса да, ассыз үй болмайды, дегендер сияқты қарсы мәндi сабақтастар мен Заманың қалай болса, бөркіңдi солай ки. Адам қалай жүрсе, көлеңке солай жүреді, — дегендер тәрiздi салыстырма бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер. Ал шартты рай арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдердiң мезгiл бағыныңқылы түрi мақалда кездеспейдi деуге болады.

Мақалда шартты рай арқылы құрмаласатын сабақтас сөйлемге қарағанда өте аз болғанымен, есiмше арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдер де кездеседi.[20,21]

Әдеби тiлiмiзде есiмшенiң жай сөйлемдердi бiр-бiрiмен сабақтастыра құрмаластыруда формалық құбылыстары жағынан да, ол арқылы құрмаласқан жай сөйлемдердiң мағыналық қатынастары жағынан да алуан түрлi екендiгi белгiлi. Ал мақал синтаксисiнде ондай байлық жоқ. Мұндай жай сөйлемдi құрмаластырушы есiмше мынадай формаларда ғана кездеседi:

1.Бағыныңқылы компонент баяндауышы -ша, -ше жұрнақты өткен шақтық есiмшеден болады да, екi компоненттегi әрекет бiр-бiрiне қарама-қарсы қойыла салыстырылады. Мысалы: Ханның қасында болғанша, судың басында бол. Есiк алдынан жел келгенше, үй артынан жау келсiн. Жақсы ас қалғанша, жаман қарным жарылсын. Омыртқаны ұстап отырғанша, қабырғаны алып қағып тастай бер. Алпыс күн аспанға қарағанша, алты көш те, айдынға құла.

2. Бағыныңқылы компонент баяндауышы жатыс жалғаулы келер шақтық есiмшеден болады да, бағыныңкылы компонент басыңқымен мезгiлдiк қатынаста тұрады. Сабақтастың бұл түрi алдыңғыға қарағанда, өте сирек кездеседi. Мысалы: ің оңға басарда, қарға салсаң, қаз алар. Іс қырсыққа шабарда, сұңқар салсақ, аз алар. Ешкіні тәңір атарда, қойшының таяғына душар болады.[22]

Бiрдi-екiлi ғана сөйлем түрiнде есiмшенiң басқа кейбiр формасы арқылы құрмаласқан сөйлемдер де кездеседi, бiрақ ол сөз етуге тұрмайды.

Демек, мақал синтаксисiндегi құрмалас сөйлемнiң негiзгi түрi жалғаулықсыз салалас сөйлем мен шартты рай формасы арқылы құрмаласқан сабақтас сөйлем ғана деуге болады.

Мақал-мәтел мен фразеологиялық бiрлiктердi сырттай жақындастыратын белгiлер бар. Мақал-мәтелдiң фразеологиялық бiрлiктерге ұксастығы, ең алдымен, компоненттер тұрақтылығынан көрiнедi: мақал-мәтел компонентерiнiң де орнын ауыстыруға тiптi де болмайды. Жалпы тұрақты тiркестердi зерттеушi ғалымдар фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердiң осындай ұқсастықтарын ескере отырып, тұрақты тiркестер аясына енгiзедi. Акад. І.Кеңесбаев бұл концепцияны қостамайтындығын бiлдiредi. Бұған басты дәлел фразеологиялық бiрлiктер сөйлем аясында басқа сөзбен байланысқа түрлi грамматикалық тәсiлдер арқылы байланыса алу мүмкiндiгi болса мақал-мәтелдер белгiлi бiр «де» етiстiгi арқылы ғана байланыспаса, синтаксистiк жағынан болсын, морфологиялық жағынан болсын, сол баз баяғы бiр қылпында құбылмай, өзгерiссiз қолданылады. Айталык, есiм, етiстiк тұлғасiндағы: көп білсең де көптен артық бiлмейсiң; жаман туғаның болғанша, жақсы жолдасың болсын тәрiздес мақалдар айтылуындағы синтаксистiк, стилистикалық түс-таңбасына байланысты тiлде ешбiр өзгерiссiз, штамп түрiнде қолданылады. Тура мағынадағы фразеологиялық бiрлiктер бұл ережеден ауытқып кетедi. Мәселен, есiм мен етiстiктен жасалған фразеологиялық бiрлiктердегi жеке сөздердi түрлендiруге әбден болады.

Мұндай тiркестегi сөздер мәтiннiң әуенiмен морфологиялық өзгерiстерге ұшырайды. Демек, оларға әр алуан қосымшалар жалғап, құбылта беруге болады. Мысалы, беті қайтып қалды, жүрек жалғап алды деген фразеолоялық бiрлiктерге түрлi тәуелдiк, жiктiк жалғауларын жалғап, тұлғаларын өзгерте айтуға болады (бетiм қайтып қалды, жүрегiн жалғап алды т.б.).

Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдердiң өзiндiк синтаксисi қай сөйлемдiк, құрмалас сөйлемдiк құрылымдық ерекшелiктерi әдеттегi жай сейлем мен құрмалас сөйлем синтаксисiмен салыстырыла берiлдi.[23,24,25]





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет