1 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ БАСПА ІСІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ
1.1 Нарық жағдайындағы Қазақстан республикасында баспа ісінің қалыптасуы мен дамуы
Қазақстан Республикасының «Баспа қызметі» жөніндегі заңнамалық актісі баспалар мен дайындаушылардың, баспа өнімдерін тартушылардың арасындағы өзара қатынасты реттейді. Заң бойынша баспа қызметі дегеніміз баспаны немесе полиграфиялық ұйымды құруға, кез-келген түрдегі баспа өнімдерін дайындау және шығаруға бағытталған қызмет болып табылады.
Баспа қызметінің негізгі мақсаттары:
- жеке адамның, қоғамның, жалпы мемлекеттің баспа өнімдеріне деген қажеттілігін қанағаттандыру;
- ой мен сөз бостандығына, көзқарастар мен тұжырымдарды еркін жеткізуге деген құқықты қамтамасыз ету;
- ұлтына, этникалық тегіне, түсіне, тілі мен дініне, жынысына, көзқарасына, саяси тобына, мүліктік жағдайы мен әлеументтік ортасына қарамастан автор ретінде өз ойын айту мүмкіндігін беру;
- баспа өнімдерінің көлемі мен тиражын арттыру арқылы, сонымен қатар, кітаптардың тақырыптарын кеңейту арқылы халықтың ұлттық және мәдени дамуына жағдай жасау;
- баспа өнімдері арқылы азаматтардың мәдени деңгейін көтеру, ұлттық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларының түпнұсқасын немесе аудармасын шығару арқылы жалпы адамдық құндылықтарға жақындату.
Ресейде баспасөз – газет, журнал, кітап бастыру, шет елдермен қарым-қатынастардың көбеюі ұлы Петрдің жүргізген өзгерістері нәтижесінде шықты.
Ал, қазақ баспасөзі XIX ғасырдың аяқ кезінен бері қарай өсіп-өркендей бастады. Қазақ тіліндегі тұңғыш газет «Дала уәләятының газеті» деп аталып, 1888 жылдан бастап, Омск, Ақмола, Семей, Жетісу облыстық ведомостіне қосымша болып, екі тілде басылып, жетісіне бір рет шығып тұрды. Оның қазақшасының редакторы Дала-уәләяты генерал-губернаторлығының бас тілмаштары, әуелі, Сұлтанғазин, кейін, Абылайханов деген кісілер болды. XIX ғасыр ішінде қазақ жерінде 1884 жылдан бастап, «Түркістан уәләяты», «Торғай газеті» шығып тұрғанымен, қазақ арасында көп тарамады, олар «Дала уәләяты» газетіндей маңызды болмады. «Дала уәләяты» газеті 1902 жылы тоқталды. Ресейде 1905 жылғы буржуазияшыл-демократиялық революция қазақ халқына өз әсерін тигізді. 20-шы ғасыр басында қазақ арасында мектеп, медреселер ашылып, қазақ тіліндегі кітаптар көбейді. Солардың ішінен «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті 5 жыл бойы шығып тұрды.
Қазақстан Республикасында баспа ісінің дамуы туралы айтқанда Ш. Кұдайбердиев, М. Дулатов, С. Дөнентаев, А. Байтұрсынов сынды ұлттық-демократиялық мәдениеттің ірі өкілдерінің кітаптары ең алғаш 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін басылып шыққан болатын. 1909 жылы ұлы ақын, әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың іріктелген туындыларын басып шығару Ресей қоғамдастығын Абайдың өлеңдерінің үштен екі бөлігімен ғана таныстырды. Осы кітаптағы ақынның бауыры Кәкітай Исхаковтың кіріспе сөзі Абай творчествосы мен көзқарастары жөнінде жалпылама библиографиялық мәжіметтер берді. Демократиялық бағытта дамыған қазақ әдебиетінің дарынды өкілдері Султанмахмут Торайғыровтың, Сабит Дөнентаевтың, Турмаганбет Изтелеуовтың, Машхур Жусуп Копеевтің творчестволары Ресей қоғамдастығына кеңінен танылған болатын.
Қазақ авторларының кітаптарын Петербургте, Қазан, Орынбор және Ташкентте басып шығару жалғасып отырды. 1912 жылы Семей қаласында қазақ тілінде кітап басатын «Жардем» баспасы ашылды. Қазан революциясына дейін осы баспада қазақ тілінде 700-ге жуық кітап шығарылған болатын.
Баспа ісіне қатысты әдебиеттер көздерін қарастыра келе қазақ баспасөзінің тарихы туралы жазған үш авторды атауға болады, олардың ішінде Б. Кенжебаев және Т. Қожакеев қазақ баспасөзінің тарихы жөнінде 1950 жылы студенттерге арналған көмекші құрал ретінде шығарған болатын. З. Турарбеков 1967 жылы баспасөз және экономика арасындағы байланыс жөнінде жазды. Үшінші автор, Қ. Шамахайұлы 2006 жылы Демократиялық қоғамдағы баспасөз және ақпарат құралдары жөнінде оқуқұралын шығарды, бірақ аты айтып отырғандай кітап ақпарат құралдарының маңызын ашып көрсетуге бағытталған.
Баспа ісіндегі бухгалтерлік есептің ұйымдастырылуы мен жүзеге асырылуы жөнінде әдебиеттер көздерін іздестіре отырып тек екі автордың кітаптарын кездестірдік. Бірінші автор А.Б. Гальперинаның полиграфиялық қызметтегі есеп және калькуляция тақырыбындағы кітабы 1958 жылы жарық көрген. Екінші автор Е.В. Иришинаның баспа қызметіндегі есеп, салық салу, құқықтық аспектілерге арналған, 2001 жылы жарық көрген.
Аталған баспа ісіндегі есепке қатысты екі кітаптың да Ресейде шыққандығын айтуымыз қажет. Баспа ісі бухгалтерлік есеп жүргізу мен өнімнің өзіндік құнын калькуляциялаудағы ерекшеліктерінің көптігіне қарамастан осы салаға қатысты өзіміздің авторларымыздың еңбектері жоқтың қасы.
Соңғы кездерде баспа ісі қызметінің жақсы дамып келе жатқандығын Ресейлік авторлардың кітаптарының көптігінен-ақ байқауға болады. Олар баспа ісіндегі есепті, талдауды, аудитті, менеджментті, маркетингті кітаптарды шығару және сатумен айналысатын ұйымдар мысалында бөлек қарастыруда.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында баспа ісімен байланысты кәсіпкерлік қызмет жақсы дамыған. Баспа ісі қызметіне қатысты Мемлекет саясатының негізгі қағидасы баспа қызметі саласында кәсіпкерліктің дамуына бәсеке қабілетті нарықтық орта қалыптастыру және ұлттық кітап өндірісінің дамуына жағдай жасау болып табылады. Отандық баспа қызметінің анықтығы және басқарудың тиімділігі, тұтынушылар қызығушылығын қорғау, редакциялық-баспа үрдістерінің жеделдігі мен сапасы, басылымдар жөніндегі ақпараттың уақыттылығы, дәлдігі, толықтығы және салыстырмалылығы халықаралық талаптарға сәйкес болуы қажет. Ақпарат, кітапхана және баспа ісіне қатысты стандарттарды Халықаралық стандарттау жөніндегі ұйым дайындайды. Басылымдардың негізгі түрлеріне қатысты терминдерді және анықтамаларды бекітетін стандарттың талаптары (ГОСТ – 7.60-90) баспа өнімдерін шығаратын барлық ұйымдар үшін міндетті. Осы стандартқа сәйкес басылым дегеніміз ішінде редакциялық-баспалық өңдеуден өткен, теру арқылы алынған, полиграфиялық тұрғыда жеке рәсімделген, шығарылымдық мәліметтерден тұратын ақпаратты таратуға арналған құжат. Баспа өнімі деп баспагер (баспагерлер) басып шығаруға дайындаған немесе басып шығарған басылымдардың жиынтығын айтуға болады. Баспа өнімдерінің әртүрлі белгілері бойынша жіктелген түрлері де стандарт арқылы анықталған. Оларға келесі кесте түрінде сипаттама беруге болады.
Кесте 1 - Баспа өнімдерінің түрлері*
Жіктеу белгісі
|
Басылым түрі
|
Сипаттамасы
|
Мақсатты бағытына қарай
|
Ресми басылым
|
Мемлекеттік ұйымдар, мекемелер, қоғамдық ұйымдар тарапынан шығарылатын нормативтік сипаттағы материалдардан тұратын басылымдар
|
Ғылыми басылым
|
Теориялық және эксперименталды зерттеу нәтижелерін сипаттайтын басылымдар, тарихи құжаттар мен мәдени ескерткіштер
|
Ғылыми-танымдық басылым
|
Ғылым, мәдениет, техника саласындағы теориялық және эксперименталды зерттеулердің басылымдары
|
|
Өндірістік-тәжірибелік басылым
|
Білікті мамандарға арналған технология, техника және өндірісті ұйымдастыру жөніндегі басылымдар
|
Нормативтік өндірістік-тәжірибелік
|
Өндірістік қызмет салаларына қатысты нормалар, ережелер, талаптар басылымдары
|
Оқу басылымы
|
Оқу және дәріс беруге арналған әртүрлі жастағы және оқу сатысындағы оқушыларға арналған басылымдар
|
Массалық-саяси басылым
|
Үгіт-насихат сипатындағы қоғамдық-саяси тақырыптағы басылымдар
|
Анықтамалық басылым
|
Ғылыми немесе қолданбалы сипаттағы белгілі-бір тәртіпте орналастырылған, жедел іздеп табуға мүмкіндік беретін басылымдар
|
Бос уақытқа арналған басылым
|
Тұрмысты ұйымдастыру, қолөнер және басқа салалық басылымдар
|
Жарнамалық басылым
|
Пайдаланушының назарын ерекше аударуға бағытталған бұйым, қызмет, іс-шаралар жөніндегі басылымдар
|
Көркем әдебиет басылымы
|
Көркем әдеби туындылар басылымдары
|
Ақпаратты өңдеу дәрежесіне
|
Ақпараттық басылым
|
Құжаттар, талдау нәтижелері жөнінде жүйелендірілген мәліметтері бар басылымдар
|
Библиографиялық басылым
|
Библиографиялық басылымдар
|
Реферативті басылым
|
Рефераттардан тұратын реттелген библиографиялық жазулар жиынтығын құрайтын басылымдар
|
Шолу басылымы
|
Бір немесе бірнеше шолулардан тұратын ақпараттық басылымдар
|
1-ші кестенің жалғасы
Белгілеуге байланысты
|
Тексттік басылым
|
Көлемінің басым бөлігі
|
Ноталық басылым
|
Музыкалық шығарманың нота түріндегі жазбасы
|
Картографиялық басылым
|
Көлемінің басым бөлігін картографиялық шығармалар құрайтын басылымдар
|
Сурет басылымы
|
Сурет түріндегі басылымдар
|
Материалдық құрылысына қарай
|
Кітаптық басылымдар
|
Баспа материалдарының беттерін қаптау немесе түптеу арқылы жинақталған блок түріндегі басылым
|
Журналдық басылымдар
|
Жинақталған беттерден тұратын басылым
|
Беттік басылым
|
Бір немесе бірнеше баспа беттерден тұратын арнайы
|
Газеттік басылым
|
Арнайы біріктірілген беттерден тұратын басылым
|
Буклет
|
Екі және одан көп рет бүктелген беттік басылым
|
Карточкалық
|
Карточка түріндегі қалың қағаз бетінің басылымы
|
Плакат
|
Іліп көрсетуге бағытталған бір немесе екі жағы да басылған басылым
|
Открытка (ашықхат)
|
Бір жағы немесе екі жағы да басылған карточкалық басылым
|
Комплектілік басылым
|
Папкаға, футлярға, бандерольге жинақталған басылым
|
Кітапша-ойыншық
|
Ерекше формадағы баланың ойын дамытатын басылым
|
Көлеміне қарай
|
Кітап
|
Көлемі 48 беттен астам кітап басылымы
|
Брошюра
|
Көлемі 4 беттен артық, бірақ 48 беттен аспайтын кітапша түріндегі басылым
|
Үндеу хат
|
1 беттен 4 бетке дейінгі беттік басылым
|
Текст
құрамына
|
Монобасылым
|
Бір шығармадан тұратын басылым
|
Жинақ
|
Бірнеше шығармалардан тұратын басылым
|
Периодқа қатысты
|
Периодтық емес басылым
|
Бір рет шығатын жалғасы жоқ басылым
|
Сериалық басылым
|
Белгісіз уақыт аралығында шығарылып отыратын басылым
|
Периодтық басылым
|
Белгілі-бір уақыт сайын шығарылып отыратын сериялық басылым
|
Жалғасқан басылым
|
Материал жинақталған сайын шығарылып отыратын кезеңдік сериялық басылым
|
Құрылымына қарай
|
Серия
|
Тақырыбы, мақсаты бірыңғай басылымдар
|
Біртомдық басылым
|
Бір том етіп шығарылған басылым
|
Көп томдық басылым
|
Екі не одан көп нөмірленген томдардан тұратын периодты емес басылым
|
Шығармалар жинағы
|
Бір немесе көп томдық мазмұны мен рәсімделуі бірегей басылым
|
Таңдаулы шығармалар
|
Бір не бірнеше авторлардың іріктеліп алынған маңызды шығармаларының басылымы
|
*Басылымдар. Негізгі түрлері. Терминдер мен анықтамалар. (ГОСТ 7.60-90) стандартынан алынған
Қазақстан Республикасының «Баспа қызметі жөніндегі» заңнамасына сәйкес баспа өнімінің міндетті тегін данасы деген түсінік бар, соған сәйкес кітап, альбом, брошюра шыққан күні шығарушы екі данасын Ұлттық Мемлекеттік Кітап Палатасына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына жіберуге тиіс. Қазақстан Республикасының Кітап палатасы келесі қызметтерді атқарады:
- баспа өнімдерінің міндетті тегін даналарын жинақтау және олардың сақталуын қамтамасыз ету;
- мемлекеттік библиографиялық тіркеу және каталогтау;
- ағымдағы және ретроспективті библиографиялық жылнамаларды шығару;
- елімізде шыққан барлық баспа өнімдерінің мемлекеттік статистикасын жүргізу, баспа қызметі саласындағы даму динамикасы мен тенденцияларын сипаттайтын статистикалық материалдар шығару;
кітап өндірісіне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізу;
- кітап, газет, журнал және басқа да отандық және шетелдік баспа өнімдеріне талдау жасау;
баспа өнімінің құндылығын ғылыми сараптау;
- кітаптардың және баспа өнімдерінің халықаралық стандарттық нөмірлеу және кітаптардың штрих-кодтарын қою қызметін атқару;
Баспа өнімдерінің қоры мен Қазақстан Республикасының Кітап палатасының мәліметтер базасы мемлекеттің қорғауында және мемлекеттік меншік болып табылады.
Кеңес өкіметі кезеңінде қалыптасқан орталық және республикалық баспалардың XX ғасырдың 80-90 жылдарындағы саны бүгінгі күні екі есеге дейін қысқарған. Орталықтандырылған Республикалық басылымдардың көпшілігі бүгінгі күнгі жаңа оқырмандардың әдебиеттің тапшы түрлеріне деген қажеттілігін қанағаттандыруға қайта бағытталыуы қиындықтарға кездесіп отыр. Сол себепті кітап өндірісінде көркем әдебиет, балаларға арналған, анықтамалық, медициналық, бос уақытты ұйымдастыруға арналған басылымдардың тапшылығы байқалады. Реформалардың басталуымен пайда болған кітап өндірісіндегі мемлекеттік емес баспалар дәл осы бағыттарда жұмыс істей бастады.
Көптеген бұрынғы баспалар жекешелендіру операциялары негізінде жеке меншікке өткізілді. Мемлекеттік кітап өндірісінің ұйымдары жаңадан құрылып дамып келе жатқан жеке меншіктік кітап өндіріс құрылымдарымен бәсекеге түсе алмады. Жаңадан құрылып динамикалық даму үстіндегі баспалар нарықтық қатынастар жағдайында өмір сүруге бейімділігі басым екендігін көрсетті. Күрделі бәсекелестік кітап нарығының ішкі сегменттерінде, әсіресе көпшілік сұранысқа ие болған, тиражы көп және тиімді өткізілетін өнім өндірушілер арасында орын алды. Оларға балаларға арналған кітаптар мен көркем әдебиет басылымдары жатқызылады. Мемлекеттік мекемелер нарықтық бәсекелестікке қатыса алмады, себебі, жеке меншіктегі баспалардың айналымдылығы өте жоғары, олардың меншікті мүліктер мен айналыс қаражаттарын ұстау, бос ақша қаражатын жұмсаудың еркіндігі бар.
Мемлекеттік мекемелердің мұндай мүмкіндіктері жоқ, әрі оларда бос ақша қаражаттары да жоқ. Олардағы дағдарыстық жағдай 90-шы жылдардан басталып, осы ұйымдардың рентабельділігінің төмендеуімен, сол уақыттардағы икемді салықтық және заңнамалық саясаттың жоқ болуымен одан әрі күшейе түсті.
Мемлекеттік мекемелерден тәжірибелі жоғары білікті мамандардың жеке кәіпкерлікке келуі жеке меншікке негізделген кітап өндірісінің дамуының тағы бір қозғаушы күші болды.
Тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстан республикасындағы целлюлоза-қағаз өнеркәсібі мен баспа ісі бойынша өндіріліп шығарылған өнім көлемі мен Республика бойынша жиынтық қосылған құн құрамындағы целлюлоза-қағаз өнеркәсібі мен баспа ісі ұйымдарының үлестері жөніндегі мәліметтерді келесі кесте түрінде жинақтап көрсетеміз.
Кесте 2 - Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі мен баспа ісі ұйымдарының өндіріс көлемі индексі мен жиынтық қосылған құн құрамындағы үлесі*
Жылдар
|
Физикалық өнім көлемінің өткен жылға қатынасы, %
|
Жиынтық қосылған құн құрамындағы үлесі, %
|
1998
|
93,6
|
0,6
|
1999
|
86,7
|
0,5
|
2000
|
109,6
|
0,8
|
2001
|
135,0
|
1,0
|
2002
|
121,4
|
1,1
|
2003
|
105,1
|
1,2
|
2004
|
120,1
|
1,3
|
2005
|
120,8
|
1,4
|
2006
|
108,8
|
1,2
|
2007
|
109,6
|
1,2
|
2008
|
100,3
|
1,0
|
2009
|
102,5
|
1,05
|
*Дерек көзі: Статистикалық жинақ негізінде қысқартылып алынды
Осы кестеден көріп отырғанымыздай, целлюлоза-қағаз және баспа ісі бойынша еліміздегі шығарылған өнім көлемі 2003-2005 жылдар аралығында қарқынды өсіп келе жатқан болса, 2006 жылдан бастап әлемдік дағдарыстық жағдайдың орнауына сәйкес біршама азайған, 2008 жылы тек 100,3%-ды ғана құраған, ал 2009 жыл қорытындысы бойынша 102,5% болып біршама қайтадан арта бастаған. Жалпы баспа өнімдерін шығару көлемінің дағдарысқа да қарамастан жоспарланған мөлшерден әлдеқайда артық орындалатындығын көріп отырмыз, себебі баспа өніміне деген сұраныс ешқашан азаймайды, баспа өнімін тұтынушылар қызығушылығы әлі арта түсуде. Осы кестеде келтірілген 12 жылдағы физикалық өнім көлемінің индексін келесі сурет арқылы көрнекі түрде көрсетуге болады.
Сурет 1 - Целлюлоза-қағаз, баспа ісіндегі физикалық өнім көлемінің индексі
Ал целлюлоза-қағаз және баспа өнеркәсіптерінің Қазақстан Республикасы бойынша шығарылатын жиынтық қосылған құн құрамында қандай үлес алатындығын да кестеден анық көруге болады. Бұл үлес сомасы өте аз мөлшерде болғанына қарамастан, 1998-2005 жылдар аралығында тұрақты түрде өсіп келген, ал 2006-2007 жылдарда бірқалыпта болса, 2008 жылы біршама азайып, 2009 жыл бойынша қайтадан арта бастаған. Осы целлюлоза-қағаз өнеркәсібі мен баспа ісінің жиынтық қосылған құн құрамындағы үлесін келесі сурет арқылы көрсетеміз.
Сурет 2 - Целлюлоза-қағаз, баспа ісі өнімдерінің жиынтық қосылған құндағы үлесі
Достарыңызбен бөлісу: |