3. Қазіргі қазақ сәулет өнері. Қазіргі қазақ сәулет өнері жақсы деңгейде дамып келе жатыр. Оған дәлел– заманауи сәулет ғимараттарына ұлттық нышан мен нақыштың келбетін беруге назар аударуы. Алайда бұл ерекшелік құрылыс пен архитектурада басқа да басым бағыттар жоқ дегенді білдірмейді. Қазір негізгі басымдық архитектура ісіне инновациялық шешімдердің, жаңа технологиялардың көптеп енуіне беріліп отыр.
Есімдері әлемге танымал архитекторлар Қазақстанның жаңа астанасына келіп, заманауи келбетке сай ұлттық нақыштарды сәулет өндірісіне енгізіп, ғаламдық жаңалықтарға қол жеткізді.
Мысалға алсақ, ұлттық мәдениетпен еш байланысы жоқ құрылыстардың өзі елдің қандай да бір ұлттық символикасына айналғанын да байқауға болады. Мәселен, Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінің сырт келбетінде ұлттық реңк жоқ, тек ішкі интерьерінде ғана көшпенділердің белгілері байқалады. Алайда бұл ғимарат Қазақстанның да, Алматының да символына айналған.
Қазақстанға шақырылған шетелдік сәулетшілер архитектуралық жоба мен құрылыстың дамуына жан-жақты пайда әкелді. Қазақстандық қалалар әлемдік даму бағытына ілесті. Бұған дейін қазақ сәулет шеберлері кезеңдік кезеңде де, қазірде киіз үй, шаңырақ, кереге сынды ұлттық белгілерді ғана түрлі нұсқада түрлендіріп қолданып қана келді. Ал шетелдік сәулетшілер бұл бағытқа біршама жаңалық әкеле алды.
Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының архитектурасында соңғы отыз жыл көлеміндегі барлық стильдік бағыттар көрініс тауып отыр. Жаңа астанада социалистік реализм бағытынан бастап постмодернисттік архитектураның ең бір жоғары үлгілеріне дейінгінің бәрі бар. Егер І Петр Санкт-Петербургте ерекше символдық реңкі бар, салтанаты жарқырап көрінетін барокко-классикалық бірыңғай пішінді қалыптастырса, астанадағы әртүрлі текшефутуристикалық пішіндер қалыптасты.
Қорыта келсек, қазіргі таңдағы Қазақстанның сәулет өнері баяу болса да жақсы дамып келе жатыр. Еліміздің жәнә басқа да жақтан жиналған мықты архитекторлар қала құрылысының дамуына орасан зор үлес қосты. Бүгінгі таңда олар тұрғызған үлкен ғимараттар қаланың сәнін кіргізіп тұр десек те болады.