Пайдаланған әдебиеттер:
1 Қалиев Б. Тіл білімінің тоғыз қыры. –Алматы, 2019.
2. Герд А.С. Логико-понятийные моделирований термино-систем // Отраслевая терминология и ее структурно-типологические описание: Межвуз.сборник. –Воронеж, 1988.
3. Лендвай Э. Лексическая семантика русского языка. –Будапешт, 1998. -257 б.
Қазіргі қазақ тіліндегі лексикалық омонимдер жүйесі
1. Тілтанымдағы омонимия құбылысы туралы түсінік.
2. Лексикалық омонимдердің жасалу жолдары.
3. Лексикалық омонимдердің түрлері.
4. Лексикалық омонимдерге ұқсас тілдік құбылыстар.
5. Сөйлеу әрекетіндегі омонимдердің қолданыстық ерекшеліктері.
Тілтанымдағы омонимия құбылысы туралы түсінік. Лексикалық омонимдер – біркелкі дыбысталып айтылғанымен, білдіретін ұғымы әр басқа сөздер тобын айтамыз. Мұндай сөздер тобында мағына жағынан әр ұғымның өзара ұқсастығы, жақындығы сезілмейді. Керісінше бір-біріне кереғар екендігі байқалуы тиіс. Көп мағыналы сөздер мен омонимдердің сыртқы формасы жағынан бір-біріне ұқсастығы бар. Бұл екеуінің ұқсастығы олардың тұлғасында емес, мағынасында жатыр. Көп мағыналы сөздердің екі я одан да көп мағынасы болады да әрі бір сөз табына қатысты болады. Көп мағыналы сөздердің бір негізден шыққандығын мағыналардың өзара жақындығынан, ұқсастығынан танып білуге болады. Мәселен, майда тас, майда шөп дегендерден ұсақ, уақ дегенді аңғарсақ, майда ұн, майда сөз, мінезі майда (жұмсақ, биязы) деген мағына аламыз. Яғни «майда» сөзінің кейінгі көрсетілген мағыналары метафоралық тәсіл арқылы жасалып, бір негізден жасалғаны айқын көрініп тұр.
Сөз семантикалық жақтан үздіксіз дами келе, мағыналық шеңберін кеңейтіп, әр мағына бір-бірінен алшақтай береді. Келе-келе ол мағыналардың бір негізден шыққандығы мүлде ұмытылып, тұлғасы бірдей, бірақ мағыналары үйлеспейтін омоним сөздер сияқты дербес өмір сүреді. Міне, осындай шығу тегі, жасалу жолдары жағынан байланысы бар омонимдер ғана көп мағыналы сөздермен ұштасып, бір-бірінен ажыратарда қиындық туғызады. Мәселен, «малдың көктемде қырқылатын жүнін» ‒ жабағы»; «алты айдан асып, қысқа іліккен құлынды» ‒ «жабағы» атауымен атайды. Шығу тегін іздесек, қандай да бір семантикалық байланыстың бар екенін табуға болады.
Көпмағыналылық құбылысын омонимдерден ажыратудың бірден-бір жолы – семантикалық байланыстың сақталуы не сақталмауы. Осы белгіні негізгі тірек ретінде алуға болады. Егер мағыналар арасында қандай да бір семантикалық байланыс үзілмей, қалайда сақталып тұрса, онда мұндай мағыналар бір сөздің әртүрлі мағынасы ретінде қаралып, көпмағыналы сөз ретінде танылады. Егер сөз мағыналарында ешқандай байланыс сезілмесе, сематикалық ортақтық бйқалмаса, онда омонимдер қатарынан орын алады. Осы уақытқа дейін ай сөзінің бірде көп мағыналы, бірде омоним ретінде танылуына бір сөз табына тән бірліктің «жердің табиғи серігі, аспан денесі; отыз күндік мерзім» мағыналарының
Қазақ тіліндегі омонимдердің жасалуының негізгі жолдары:
Тілдегі көп мағыналы сөздердің есебінен сөздің семантикалық жақтан дамуы арқылы келіп шыққан омонимдер. Бұл – тіліміздегі ең өнімді тәсіл. Омонимнің мұндай түрін лексикалық тәсіл арқылы жасалған омонимдер дейміз. Мысалы:
Көк – 1. Заттың көгілдір түсі.
2. Түпсіз тұңғиық аспан әлемі.
3. Көгеріп шыққан өсімдік.
Қақ – 1. Шөл жерлердегі шұқанақтарға іркіліп қалған жауын-шашын суы.
2. Су қайнатқан ыдыстардың түбіне тұрып қалатын зат, шөгінді.
Құндақ: 1. Жаңа туған жас балаға арналған төсек-жабдық.
2. Мылтықтың ұңғысын орнататын іші қуысталған арнаулы ағаш.
2. Сөздердің фонетикалық өзгерістерге ұшырап, дыбыстық құрамы жағынан бірдейлесуі арқылы жасалған омонимдер. Қазақ тіліндегі атқа салатын ер сөзінің бастапқы дыбысталуы егер болса, «етік тігетін құрал» мағынасындағы сөз бігіз түрінде дыбысталған. Тілдің даму барысында сөз ортасындағы г дыбысының сусып түсіп қалуына байланысты егер сөзі ер, бігіз біз сөзіне ауысқан. Осылайша тілде бұрыннан бар ер (жау жүрек, батыр) және біз (есімдік) сөзімен тұлғалас сөздердің қатарын құраған. Қазақ тіліндегі ас, қыс, бас, құс деген сөздер туыстас түркі тілдерінің көпшілігінде «аш, қыш, баш, құш» болып айтылады. Тіл алды ш дыбысына аяқталған сөздердің варианты конвергенция құбылысының нәтижесінде пайда болған. Қазақ тілінде ш дыбысының с дыбысына айналуы жаңа омонимдік қатардың тууына негіз болған. Бұл сөздер заттық мәнде етістік сөздермен омонимдес болады. Бұдан фонетикалық өзгерістің негізінде жасалған омонимдердің тілімізде аз еместігін көреміз.
3. Аффикстер жалғану арқылы жасалған туынды омонимдер. Түбір сөзге әр түрлі қосымшалар қосылу нәтижесінде пайда болған омонимдер туынды омонимдер делінеді.
-ма, -ме, -па, -пе , -ба, -бе жұрнақтары арқылы жасалған омонимдер:
Айналма – 1) көшенің бұрылатын жері; 2) мал ауруы.
Баспа – 1) газет-журнал басып шығаратын орын; 2) тамақ ауруы.
-ыс, -іс, - с жұрнақтары арқылы жасалған омонимдер:
Атыс – 1) ұрыс, соғыс; 2) төбелесу, қырқысу.
Кіріс – 1) белгілі бір кәсіптен түсетін ақшалай я заттай табыс, түсім; 2) белгілі бір істі орындауға араласу.
-ық, -ік, -қ, -к жұрнақтары арқылы жасалған омонимдер:
Ашық – 1) аузы жабылмаған, төбесі жоқ; 2) қарны ашу, ашығу.
Желік – 1) көңіл көтерушілік; 2) денеге бөртіп шыққан ұсақ-ұсақ бөрткен.
4. Өзге тілден ауысқан сөздердің қазақтың төл сөздерімен дыбысталуы жағынан бірдей болуының нәтижесінде пайда болған омонимдер.
а) Араб және қазақ сөздерінен жасалған омонимдер:
Қайрат (күш, жігер) – қайрат (пышақты қайрат / бұйрық райлы етістік).
Қыдыр (баба) – қыдыр (бұйрық райлы етістік тұлғасы).
ә) Парсы және қазақ сөздерінен жасалған омонимдер:
Саз (лай, батпақ) – саз (музыкалық термин).
Жай (орын, мекен) – жай етістігімен тұлғалас.
Дана (данышпан) – (дана) экземпляр.
б) Орыс және қазақ сөздерінен жасалған омонимдер:
Жарма (ярмо) – жарма (бұйрық райлы етістік).
Көшір (кучер) – көшір (бұйрық ралы етістік).
Болыс (волость) – болыс (бұйрық райлы етістік)
Лексикалық омонимдердің түрлері. Қазақ тіліндегі омонимдер мағыналары мен формаларына қарай: лексикалық, лексика-грамматикалық және аралас омонимдер болып үшке жіктеледі.
Сызба 1. Лексикалық омонимдер түрлері
Лексикалық омонимдер тобындағы сөздер бір ғана сөз табына қатысты болады да, барлық жағдайда бірыңғай тұлғада айтылады. Мысалы: 1) жалақ – жемір мал; 2) жел қақты болып жалана бергеннен пайда болған еріндегі жара; 3) ащылы сортаң жер; 4) мед. қарын түгінің түсуінен пайда болатын кесел, язва.
Лексика-грамматикалық омонимдер тобындағы сөздер әр сөз табына қатысты болғандықтан, түбір тұлғасында омоним болады да, қалған уақытта әр сөз өзіне тән тұлғаларда түрленіп, өзгере береді. Мысалы:
Жүз – адамның бет-әлпеті;
Жүз – пышақ, ұстары т.б. заттардың өткір жағы;
Жүз – саяси-экономикалық термин (ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз);
Жүз – тоқсан тоғыздан кейінгі сан;
Жүз – суда қозғалу, жылжу.
Аралас омонимдер – жоғарыда айтылған екі топтың қасиетін қамтиды.
Жақ – адамның, жан-жануардың қызыл иек пен тіс орналасқан бет сүйегінің төменгі бөлігі.
Жақ – белгілі бір тұс, тарап.
Жақ (көне) – кермесіне жебе салып тартатын садақ, жай.
Жақ – от жағу, тұтату.
Жақ – жұғып сіңетіндей етіп үйкелу.
Жақ – жақсы көріну, жағыну.
Жақ – біреуді қолдау, жақтау.
Жақ – заттың, нәрсенің жиегі, қыры.
Жақ – бір нәрсенің жай-жапсары, жөні.
Ақ – сүттің, қардың түсіндей аппақ түс.
Ақ – шын, тура, ақиқат.
Ақ – судың өз арнасымен бірқалыпты жылжуы.
Ақ – күшейтпелі жалғау мағынасындағы демеулік.
Лексикалық омонимдерге ұқсас басқа тілдік құбылыстардың бірі – омофондар. Омофондар – айтылуы бірдей, бірақ жазылуы әр түрлі сөздер. Мысалы: көнбе – көмбе, тұзшы – тұщы, асшы – ащы болып айтылады. Болады сөзі болат болып естіліп, болат деген қатты, асыл металл болып айтылады.
Омонимге ұқсас құбылыстардың енді бір түрі – омографтар. Омограф дегеніміз жазылуы бірдей болғанымен, айтылуы бірдей емес сөздер. Мысалы: алма және алма (болымсыз етістік), салма, көрме, көрші сөздерінің арақатынасы да осындай. Омофондар мен омографтар белгілі бір контексте, өлең сөздерде ой ойнақылығын туғызады. Мысалы:
Менің атым қой,
Қойшыңды таңдап қой,
Қойшыңды таңдап қоймасаң,
Қой жинауыңды қой.
Сөйлеу әрекетіндегі омонимдердің қолданыстық ерекшеліктері. Паронимдер – дыбысталуы жағынан ұқсас, мағынасы әр басқа немесе мағыналық жақтан жартылай сәйкес келетін бір түбірден тараған сөздер. Мысалы: өкімет – үкімет, адресат – адресант. Берілген бұл паронимдердің арасында номинативті-семантикалық ерекшеліктер бар. Айталық, адресант пен адресат номинативті құрылымы жағынан сәйкес келеді, тек сөзжасамдық жұрнақтар арқылы ерекшеленеді. Адресант – ақпаратты, хат-хабарды жіберуші болса, адресат – жіерілген ақпаратты, хат-хабарды қабылдап алушы болады. Сонымен қатар паронимдер бір түбірден ғана емес, әр басқа түбірден тараған, бірақ дыбысталуы жағынан сәйкес келетін сөздерден жасалады. Мысалы: компания – кампания, вираж – мираж – тираж, континент – контингент, экскаватор – экскалатор.
Достарыңызбен бөлісу: |