Кітаби стильге тән фразеологизмдер. Бұл топқа жататын фразеологизмдердің өзіндік ерекшелігін төмендегідей көрсетуге болады:
‐ тек жазба мәтіндерде қолданылатындығы;
‐ көтеріңкі салтанатты, поэтикалық бояулары қанық болып келетіндігі.
Кітаби лексикаға тән фразеологизмдерді өз ішінен терминологиялық фразеологизмдер, поэтикалық фразеологизмдер және публицистикалық фразеологизмдер деп үш топқа жіктеуге болады. Бұған тағдыр тәлкегі, әуе кеңістігі, шешуін табу, шеп бұзу, хан көтеру, тақтан түсу, өнеге алды, ой салды, қайшы келді, сұрау белгісі, леп белгісі, құрмалас сөйлем, түбір етістік сынды тұрақты тіркестерді келтіруге болады. Ғылыми стильде қолданылатын фразеологизмдер жүйесі айтылатын ой-пікірдің дәлелді, терминдік мағынаны дәл беруіне орай, дерексіз ұғымдарды білдіруде кеңінен қолданылады: ой тұжырымы және т.б.
Қазіргі кітаби лексиканың негізінде сөйлеу тіліне де, әдеби тілге де ортақ жалпыхалықтық сипат алған тілдік бірліктер жүйесі кіреді. Жалпыхалықтық сипат алған фразеологизмдер жүйесі ешбір мамандық талғамайды, бір тілде сөйлейтін халықтың бәріне бірдей түсінікті болады. Ғылыми дискурста білім жүйесіне қатысты мынадай тіркесті атаулар қалыптасқан: сыни тұрғыдан ойлау, сыни ойлау, жасыл экономика, қоңыр экономика, мида орнықтыру, жаңғырмалы энергия көздері, баламалы энергия, сәндік қолданбалы өнер, компьтерлік желі, ғаламтор желісі, ұлттық стандарттау, әмбебап сана, ұлттық сана, функционалды сауаттылық, педагогика-психологиялық сауаттылық, руханижан, инновациялық технолоия, инновациялық пәрменділік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар. және т.б. Енді осылардың әрқайсысына мысалдар келтіріп өтсек: Әлемдік тәжірибені ескере отырып, қазіргі жағдайдағы «қоңыр экономикаға» тән, экономика мұнай-газ, кен өндіру, ауыр өнеркәсіп секторына тәуелді, мұнай-газ секторы ұлттық ЖІӨ-нің 30%, ел экспортының 60% құрайтын, даму тетіктері энергия мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген, тұрақты өсу артқан сайын экологиялық стандарттарға байланысты мәселелер туындаған, өндіруші салаға тәуелділік өзге өңдеуші секторлардағы инновациялық дамуды кемітетін, әлемдегі он бірінші энергия сыйымды ел Қазақстан үшін «жасыл экономикаға» көшудің маңызы зор. Қазақстанда балама энергия көздерін дамыту мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Олар негізінен шағын қуаттағы қанатқақты жобалар болғанымен, «жасыл экономика» бағдарламасын дамытуда ерекше серпін беретіні сөзсіз (Алаш айнасы, 12.08.2017). Жалпы мұғалімнің талабының әсерінен оқушыларда берік есте сақтау мидағы орнықтыру пайда болады (Оңтүстiк Қазақстан. Республикалық ғылымижурнал, N3/4(94/95) 2012). Республикамызда жасыл экономика және жаңғырмалы энергия көздерітуралы айтып қана қоймай, осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Біздің ел жаңа технологияны меңгермей және информациялық білімін көтермей, өндірістің инновациялық пәрменділігін дамыта алмайды (Егемен Қазақстан, 27.07.2017). Сәндік қолданбалы өнер сабақтарында студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін педагогикалық жағдаяттар т.б. Американдық ұлттық стандарттау институты (ANSI) – коммуникациялық FDDI стандартын құрастырған (Оқтүстік Қазақстан. Республикалық ғылыми журнал. N3/4(94/95) 2012).
Кітаби лексика әдеби нормаға түскен, стилистикалық қолданысы жағынан сараланған жазба тілге тән тілдік бірліктер тобы саналады. Қазақ тіліндегі кітаби лексика тарихи және қазіргі тілдік тұрғыдан екі салаға бөлінеді: ескі дәуірдегі кітаби лексика және қазіргі кітаби лексика. Қай дәуірдегі әдеби тіл болмасын, сөз қолданылуында қалыптасқан нормалық белгілердің болуы, стиль жағынан саралануы шарт. Мәселен, қазіргі әдеби (кітаби) тілдің лексикасына келсек, оның нормалық белгілері қазақтың жалпыхалықтық лексикасына негізделсе, ескі дәуірдегі кітаби тіл жалпытүркілік сипатта айтылып, әрі жазылатын болған.
БАҚ тілінде жиі қолданылатын перифразалық атаулар ақпаратты тыңдарман мен оқырманға әсерлі, образды түрде жеткізуді мақсат етеді. Публицистикалық стиль жүйесіне сәйкес перифразалық бірліктер әрі атауыштық, әрі бейнелілік қызмет атқарады. Мәселен, аспан кемесі (ұшақ), темір тұлпар (машина), былғары қолғап шебері (боксшы), кәрі құрлық (Еуропа), демократия аралы (Қырғызстан), күншығыс елі (Жапония), аспанасты елі (Қытай), қара құрлық (Африка), қанатты металл (алюминий), дала аруы (жүгері), теңіз алыптары (киттер), қыр баласы (ауыл баласы), солтүстік еркелері (страустар), алла үйі (мешіт), саналы сандық (компьютер), темір тұлпар (машина), жуан жұдырықтылар (еркектер), нәзік жандар (әйелдер), ауыр темір (лом), темір тор (түрме), саналы сандық (теледидар), төрт дөңгелекті көлік (машина), ақылды машина (компьютер) атауларын жатқызуға болады. Сондай-ақ, БАҚ тілінде кездесетін бұрыннан қолданыста бар перифраз атаулар мен кейінгі жылдары пайда болған атауларды салыстырып қарағанда, олардың көпшілігі орыс тілінен калькалау (сөзбе-сөз аудару) тәсілі арқылы жасалып жатқандығын байқауға болады. Әсіресе бұрынғы қазақ ұғымы мен тілдік санасында жоқ қызыл әтеш (өрт) –красный петух (пожар); темір ханшайым – железная леди; қызыл сойқандар (Манчестер Юнайтед) – красные дявольи; тұманды Альбион (Англия) – туманный Альбион сияқты перифраздар дәйек бола алады.