Орфографиялық сөздік. Орфографиялық сөздік бір тілдегі сөздердің емле-ережелеріне сай нормасын белгілеп көрсетеді. Қазақ тілінің негізгі емле ережелері, атап айтқанда, дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы, дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы, түбір сөздердің жазылуы, бөлек жазылатын сөздердің емлесі, бірге жазылатын сөздердің емлесі, қос сөздердің жазылуы, қосымшалардың жазылуы, шылау сөздердің жазылуы, бас әріптің қолданылуы, сөздердің тасымалдануы сияқты мәселелер орфографиялық сөздіктің түзілуіне негіз болады. Орфографиялық сөздіктер практикалық мақсатта қолданылады. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінінен үзінді (2005 ж.) келтірейік:
«Елеулі өзгерістің бірі – аң-құс, өсімдіктердің күрделі атауларының жазылуына байланысты. Бұрын ұсынып келген жазу тәртібіміз бойынша бірінші сыңары ақ, қара, ала сияқты түс атауларымен келген аң-құс, өсімдік, жан-жануарлар атаулары тіркес ретінде бөлек жазылатын, сонымен қатар тау, тас, су, жер деген сөздер,соңғысы ботаникалық, зоологиялық атаулар болып келген күрделі сөздер де бөлек жазылатын. Бұлардың барлығы, шындығында, күрделі атау болып табылады, яғни бір ғана аң-құс, жәндік, өсімдік атын білдіреді, тіпті екінші сыңары біркелкі болып келгенде де алдыңғы компонент олардың түсін, қасиетін, тегін айырып көрсететін анықтауыш сөзден гөрі, соңғы атаумен бірігіп барып, бір ғана аңның, құстың, жәндіктің атын білдіретіндігі ескерілді. Сондықтан бұл аталған топтар біріккен сөз ретінде қосылып жазылады. Мысалы: ақжалбыз, ақбидай, қараләйлек, қарақұр; суқұзғын, тасторғай, суықторғай, майзығыр» [5, 9].
§ 30. Екі түбірден құралып, терминге айналған техника, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт т.б. салаларға қатысты зат, құрал-жабдық, ұғым атаулары мен әр алуан мамандық, кәсіп, қызмет иелерінің аттары бірігіп жазылады. Мысалы: шаңсорғыш, еттартқыш, өнертапқыш, жанкүйер және т.б. [5, 19].
Қазақ тіліндегі орфографиялық сөздіктер әртүрлі көлемде шығып тұрды. Оған М.Б.Балақаевтың «Емле сөздігін» (1948), Г.Жәркешованың «Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігін» (1960), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін» («Ғылым» баспасы, 1963, 1978, 1988) атауға болады. Р.Сыздықованың «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағышы» 1960, 1974 және 2000 жылдары басылып шықты. Бұл еңбектің баспа қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер үшін мәні өте үлкен.
2005 жылы орфографиялық сөздіктің өңделіп, толықтырылған 5-басылымы жарық көрді. Сөздікті құрастырушылар: Р.Сыздық, Н.Уәли, Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова, Қ.Есенова, С.Жапақов, Н.Әміржанова, А.Әмірбекова. Бұл орфографиялық сөздікте 53000 сөз қамтылған.
Орфоэпиялық сөздіктерде сөздің әдеби тілде дұрыс айтылуы көрсетіледі. Бұл сөздікті жасағанда, жазылуы және айтылуы деген екі бағанадан тұрады. 1977 жылы Қ.Ниеталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» жарық көрді. Сөздікке тәжірибеде жиірек бұзылып айтылып жүрген 15 мыңға жуық сөздер мен сөз тіркестері берілген. Мысалы:
Жазылуы: Айтылуы: абысынмен – абысыммен
адал көңіл – адал гөңүл
азды-көпті – азды-гөпті
азық-түлік – азық-түлүк
Фразеологиялық сөздік тұрақты тіркестердің жүйеленіп, алфавит тәртібімен берілген түрі. Бұл сөздікте фразеологизмдердің мағынасы, одан кейін иллюстрациялық материалдардан алынған мысалдар беріледі. Кейде фразеологизмдердің шығу төркіні, экспрессивті-стилистикалық ерекшеліктері көрсетілуі мүмкін. 1977 жылы І.Кеңесбаевтың 10 мыңнан аса фразалық тіркестер жинақталған «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» шықты. Бірақ оған қазақ тілінің мақал-мәтелдері, қанатты сөздері енген жоқ. Фразеологиялық сөздіктегі фразалардың берілу тәртібін байқау үшін І.Кеңесбаевтың сөздігінен мысал келтірсек:
Аузы-мұрны қисаймай – бет-аузы бүлк етпей, ұялмай шімірікпей. Жақыпбектің күшік күйеу болатындығын маған аузы-мұрны қисаймай Ақықтың өзі айтты.
Аузы-мұрнынан келді (шықты) – лық толды. Аласа қараңғы мектеп аузы-мұрнынан шығып тұр (Б.Майлин).
Ауызына құм құйылды – сөзден жым болды, жағы қарысты, сөз айта алмай қалды. Семен Иванович әңгімеге араласқан жоқ. Еркін тұрған жерде аузына құм құйылатын әдеті (Ғ.Мұстафин).
Енді берілген тіркестердің фразеологиялық мағынасының қалай ашылатындығына назар аударайық: