1. Интелект ұғымының анықтамасы.
2. Зият бұзылысы (ақыл естің кемдігі) бар балалардың сөйлеу тілін зерртеу мәселесі.
Интеллект - (парасат, зият), (лат. intellectus – ақыл, парасат, ес) – индивидтің ақыл-ой қабілеттерінің біршама орнықты құрылымы. Алғашқы рет, бұл термин адам психикасының орынды ойлау функцияларын белгілесе, қазіргі кезде оған барлық танымдық үдерістер кіреді. Зият – адамның болмысты тануының негізгі нысаны. Зият – ақпаратты мақсатқа бағытталған қайта өндеуге, реттеуге, оқуға қабілеттіліктің күрделі жүйелерінің танымдық іс-әрекеті. Зият қызметтерінің бөлінуі: а) оқуға деген қабілеттілік; б) қоршаған болмыстың заңдылықтарын белсенді меңгеруге қабілеттілік. Бірқатар психологиялық тұжырымдамаларда интеллект ақыл-ой операцияларының жүйесімен теңдестіріледі.
Зият бұзылысы (ақыл естің кемдігі) отандық мамандар тарапынан бас миының ағзалық бұзылысының кері әсерінен пайда болатын (тұқым қуалаушылықтан немесе жүре пайда болған кесел) танымдық қызметтің тұрақты бұзылысы ретінде түсініледі. Зият бұзылысының негізгі екі формасы бар: олигофрения және деменция.
Ақыл-ой кемістігі кезінде ерте, жатыр ішіндегі бас миы дамуындағы жетіспеушілік орын алады, бұл көбінесе тұқым қуалаушылық әсерінен немесе қоршаған ортадағы түрлі зиянды ықпалдардың әсерінен жатыр ішінде ұрықтың дамуына, босану кезінде және бала өмірінің бірінші жылында пайда болуымен сипатталады. Ақыл-ой кемістігі кезінде зияттағы ақаудың үдеуі болмайды. Себебі, зияттағы жетіспеушіліктің көрінуі бала дамуының жас ерекшелігіне тиесілі заңдылықтарға байланысты болады.
Зият бұзылған жағдайдағы негізгі жағымсыз фактор білім деңгейініңтөмендігі, құмарлықтың әлсіздігі және баланың оқуындағы бәсеңдік, яғни жаңаны қабылдаудың нашарлығы болып табылады. Аталған алғашқы бұзылыстар бала дамуына өмірінің бірінші күнінен әсер ете бастайды. Олардың көпшілігінде даму мерзімі тек бірінші жылда ғана емес, екінші жылда да бөгеледі. Қоршаған ортаға қатысты қызығушылығының және сыртқы тітіркендіргіштерге реакциясының болмауы немесе кеш пайда болуы, бәсеңдіктің басым болуы және ұйқышылдық, сондай-ақ қатты айқайлау, мазасыздық байқалады.
Уақыт өте келе заңдылыққа сәйкес зияты бұзылған балаларда төмендегі қасиеттер байқалмайды:
ересектермен эмоцианалды қарым-қатынас, «жанжандыру кешені» болмайды немесе толық емес;
кереуетте ілінген немесе ересектердің қолындағы ойыншыққа деген қызығушылық;
қарым-қатынастың жаңа түрі - ересектермен өзара әрекет ету негізінде пайда болатын ым-ишаралық қарым-қатынас;
өз жақындары мен бөгде адамды айыра білу.
Балаларда бірінші жылы заттармен әрекет ету дамымайды, заттарды ұстауға икемі болмайды, бұл қабылдау мен көру-қозғалыс үйлесімділігін дамытуға айтарлықтай әсер етеді, әсіресе, одан кейінгі дамудың барлық психикалық үдерістерінде кері әсері байқалады.
Мектепке дейінгі кезеңде (2-3 жас) заттарды қозғалтуды меңгеруде кейбір ілгерілеулер болады. Мәселен, бала ойыншықты алады, оны аузына салады, алайда оған қарамайды, онымен іс жүзіндегі әрекеттерді орындамайды.
Одан кейін (3-4 жас) зияттың жетіспеушілігі әрекет ерекшеліктерінен және ойын әрекеттерінен көрініс таба бастайды. Балалар өз өзіне қызмет көрсету дағдысын жай меңгереді, дені сау балаға тән шапшаңдылық, білмекке құмарлық байқалмайды. Қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға деген қызығушылық төменгі деңгейде, қысқа уақыттық болып қала береді. Олардың ойындары қарапайым қозғалыстармен, ойынның қарапайым ережелерін түсінбеуімен, балалармен қарым-қатынасқа түсудің әлсіздігімен және аз қозғалатындықтарымен сипатталады.
Мектепке дейінгі жоғарғы жастағы балаларда зияткерлік ойындармен айналысуға құлқының болмауы, мақсатсыз, қозғалыстық ойындарға қызығушылықтарының жоғары болады. Сондай-ақ балада бағыныштылық, ынтасыздық көрініс тауып, көбінесе басқаларға еліктеу, басқалардан көшірмелеу жиі кездеседі.
Зияты бұзылған балалардың көпшілігін ата-аналары жоқ, толық емес және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларынан шыққан балаларды құрайды. Мұндай балалар өз отбасымен толық қарым-қатынастан айрылған. Бұл олардың жеке тұлғасының қалыптасуына жағымсыз әсер етеді. Зияткерліктің жетіспеушілік кері әсерінен зияты бұзылған балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасуы дамудың әр түрлі сатыларында қиын жағдайларда өтеді. Жеке тұлға бойындағы қасиеттердің қалыптасуында адам белсенділігінің кез-келген көрінісіне әсер ететін эмоциясы ерекше орын алады. Зияты бұзылған балалар эмоциясының көрінуі кемістік құрылымының сапалық ерекшелігі мен тереңдігіне, оның жасына және оны қоршаған әлеуметтік ортаға тәуелді.
Зияты бұзылған балалар мадақтауға, қолдауға және ренжісуге әсершіл болып келеді. Дегенмен олар ұнамсыз және еркелету эмоцияларын ажыратады. Бірақ, өз эмоцияларын вербалды түрде көрсете алмайды. Өзінің адамдарға деген қатынасын жымиюмен, бетіне қараумен білдіреді. Мектепке дейінгі жастағы зияты бұзылған балалар селсоқ, сенімсіз әрекет етеді. Олардың эмоциялары әлсіз, алайда күйзелістері тұрақты, терең болып келеді. Олар айқайлауға, жүгіруге, рұқсатсыз зат алуға, шулауға, қырсығуға болмайтындын түсінбейді. Ал кейбіреулері сөйлемейді, жан-жағына үреймен қарайды, ата-аналарының, тәрбиешілерінің артына тығылады, қарым-қатынастан бас тартады.
Зияты бұзылған балалардың эмоциялық көңіл-күйі көбінесе ойын және еңбек іс-әрекетінде көрініс береді. Қалыпты дамыған мектепке дейінгі балалардың жетекші іс-әрекетінің түрі – ойын болып табылады, ал зияты бұзылған мектепке дейінгі балалардың дамуында ойын қажетті орын иеленбейді. Мұндай балалар сюжеттік-рөлдік ойындарды өз беттерінше меңгеріп кете алмайды. Ересектердің көмегімен ғана ойын барысында сатушыны, сатып алушыны және т.б. рөлдерін ойнайды, алайда өз бастамасымен ойын ұйымдастыра алмайды. Жекелеген ойын іс-әрекеттерін байқатуы мүмкін, бірақ мазмұны жағынан толық емес болып келеді. Зияты бұзылған балаларға арналған оңалту орталықтарында танымдық іс-әрекетпен қатар негізгі іс-әрекеттің бірі – еңбек іс-әрекеті болып табылады.
Зияты бұзылған балалардың психологиялық-педагогикалық тұрғыдан ерекшелігі сол - олар тапсырманың мақсатын түсінбейді. Бұл іс-әрекет үрдісінде баланың әрекет ету тәсілдері, тіпті олар анық қате болғанда да, талап ететін нәтижені алып келмейтін болғанда да өзгермейді. Зияты бұзылған балалардың көпшілігіне өздерінің мүмкіншіліктерін бағалай алмауы тән. Олар кез-келген тапсырманы орындауға заттарды дайындау тәсілдерінің ретін түсінбей жатып орындауға дайын тұрады. Қажетті талаптарды орындамайды. Өздерінің нәтижелеріне сыни көзқарастары жоқ, оның үстіне ересектердің бақылауын және көмегін қажет етеді.
Мұндай балаларға іс-әрекеттің «қысқа» уәжі (мотивациясы), сондай-ақ қарым-қатынастың қарапайым, әлсіз уәждемесі тән. Қарапайым іс-әрекетті орындау барысында ынталарының тез әлсіреуі байқалады. Зияты зақымданған балалар мінез-құлықтың жалпы қабылданған нормасын, қарым-қатынас дағдысын меңгеруде үлкен қиындыққа кездеседі. Яғни ақыл-ойы кем балалардың жеке тұлғалық ерекшеліктері нормаға қарағанда анағұрлым кеш байқалады, ал кейбіреулерінде мүлдем қалыптаспайды.
Мектеп жасында алдыңғы қатарға зияты бұзылған балалардың зияткерлік бұзылысы шығады, бұл олардың түрі әрекет салаларында, соның ішінде оқу әрекетінде көрініс табады.
Зияттың төмендеуі кезіндегі таным бұзылысының бірінші сатысы – қыбалдау. Қабылдау жылдамдығы баяулайды, шеңбері тарыла түседі. Олар суреттегі, мәтіндегі ең бастысын және жалпылықты айыруда қиналады, тек жекелеген бөліктерді ғана алып, бөлшектер, кейіпкерлер арасындағы ішкі байланыстарды түсінбейді. Көбінесе графикалық ұқсас әріптерді, сандарды, заттарды, дыбысталуы жағынан ұқсас сөздерді айыруда шатасады. Олар мәтінді дұрыс көшіргенімен, айтып жаздырғанда жаза алмайды. Сондай-ақ кеңістік пен уақытты қыбалдаудағы қиындық та зияты бұзылған балаларда байқалады. Бұл олардың өздерін қоршаған ортада бағдар жасауына кедергі келтіреді. Тіпті 8-9 жастағы зияты бұзылған балаларда оң және сол жақты ажырата алмау, өзі оқитын сыныбын таба алмау кездеседі, сағатты, аптаның күнін, жыл мезгілін анықтауда қателесіп жатады.
Алғашқы рет кеңес олигофренопсихологиясында М.С. Певзнер және В.И. Лубовский (1963) клиникалық, педагогикалық және физиологиялық көзқарастарды үйлестіре отырып, ақыл-ойы кем балалардың мектепке баруынан бастап, еңбек іс-әрекетінің басталуына дейінгі тұлғаның эмоционалды-еріктік сфералары мен таным іс-әрекетінің дамуына байланысты ұзақ уақыттық зерттеулер жүргізген. Зерттеу нәтижесінде, олигофрендердің күрделенбеген топтарының көпшілігінде эмоционалды-еріктік сфералары және жалпы тұлғаларының дамуы алға басатыны көрсетілген.
Ал Е.С. Иванов, Л.М. Шипицина өз зерттеулерінде ақыл-ойы кем жасөспірімдердің мінез-құлық ауытқуының қалыптасуына тек биологиялық себептермен ескерілетін психиканың жоғары деңгейілерінің дамымаған ерекшеліктері ғана әсер етпейді, сонымен қатар, әлеуметтік - психологиялық факторлар, яғни оқу, тәрбие, мектеп, отбасы, құрбыларының тигізетін әсерлері, - деп белгілеген.
Ойлау танымның ең басты аспабы болып табылады. ол анализ, синтез, салыстыру, қорыту, дерексіздік, нақтылық сияқты операциялардың формасынан өтеді. Зерттеулердің көрсетіп отырғандай (В.Г. Петрова, Б.И. Пинский, И.М. Соловьев, Н.М. Стадненко, Ж.И. Шиф және басқалар), осы операциялардың барлығы зияты бұзылған балаларда жеткілікті түрде қалыптаспаған және өзіндік ерекшеліктерге ие.
Аталған психикалық үдерістердің қатарында зияты бұзылған балаларда сөйлеу әрекеті дамуындағы жетіспеушілік де көрінеді. Оның физиологиялық негізі бірінші және екінші сигналдық жүйелер арасындағы өзара әрекеттестіктің бұзылуы болып табылады.
Мамандардың мәліметтеріне сүйенсек (М.Ф. Гнездилов, В.Г. Петрова және т.б.), зияты бұзылған балаларда сөйлеудің барлық жағы зардап шегеді: фонетикалық, лексикалық, грамматикалық. Дыбыстық-әріптік анализдеуде және синтездеуде, қабылдау мен сөйлеуді түсінуде қиыншылықтар байқалады. Нәтижесінде жазудағы бұзылыстар түрлері, оқу техникасын меңгерудегі қиындықтар, сөйлеу қарым-қатынасына деген мұқтаждықтың төмендеуі анық көрініс табады.
Сөйлеу-тілдің тарихи қалыптасуының қарым-қатынас формасы.Адамның сөйлеу қабілеті ең жақсы ерекшеліктерінің бірі. Сөйлеу тілі арқылы адамның қарым-қатынас процесін құрайды.
Тіл-қарым-қатынас құралының жүйесі. Тіл сонымен қатар адамның жинаған білім қорын ұрпақтан ұрпаққа алып келуші.Тілде адамзаттың ғылыми және мәдени жетістіктері бекітілген. Тілмен сөйлеу, шындық өмірдің айнасы, спецификалық формасы.
Зияты бұзылған оқушылардың сөйлеу тілі бұзылыстарын зерттеумен айналысқан ресейлік авторлар М.Е.Хватцев, Р.Е.Левина, Г.А.Каше, Д.И.Орлова, М.А. Савченко, Е.Ф.Соботович, Е.М.Гопиченко, Р.И.Лалаева, К.К.Карлеп т.б.
Интеллектісі дамуы артта қалған оқушылардың қазақ тілін меңгерудің маңыздылығы, тіл-қарым-қатынас құралы ретінде түсіндіріледі.Қазіргі таңда Отандық арнайы педагогикада интеллектуалды дамуы артта қалған балаларды оқытуда мынадай қадам жасалынды, оқушылардың типологиялық және жекелей ерекшеліктері, мүмкіндігіне қарай олардың таным әрекеттерін түзету және дамыту (В.В.Воронкова, А.Н.Граборов, Г.М.Дульнев, И.Г.Еременко, Б.П.Пузанов). Аталған қадам интеллектуалды дамуы артта қалған оқушыларды түзете-дамыту оқыту принципіне ие. Бұл принцип көмекші мектеп оқушыларына тілді игерту мәселесін өңдеуде қажет болып табылады.
Психолого-педагогикалық зерттеулердің талдаулары көрсеткендей, интеллектуалды дамуы артта қалған оқушылардың сөздік қорының кедейлігімен, шектеулігімен білінетін өзіндік спецификалық ерекшеліктері бар.Сөзтіркестерін құрауда және қарапайым, күрделі сөйлемдерді игеруде синтаксистік нормаларды меңгерудің қиындығы байқалады.Сондай-ақ сөйлеу тілінің монологтық және диалогтық формасының бұзылуы байқалады.(К.Ж.Бектаева, Л.С.Вавина, Е.А.Гордиенко, Р.К. Луцкина, В.Г.Петрова).
Арнайы зерттеуден алынған ерекшеліктер көмекші мектептің оқушыларының сөйлеу тілін түзетуде педагогикалық жолдарды өңдеуді және ізденіс қажеттілігін негіздеді. Оқушылардың заттық-практикалық және еңбек әрекетін ұйымдастыруға талаптар анықталды. Оқушылардың психикалық дамуына қарай мазмұндама мен шығармалардың жеке түрлерін жазуға әдістемелер өңделді (К.Ж.Бектаева, Е.А.Гордиенко). Оқушылардың сөйлем мен мәтінді құруға оқытуда қолданылатын коммуникативті жаттығулардың жүйелері өңделді. Ақыл-ойы кем оқушылардың сөйлеу тілі әрекетін зерттеуге арналған көптеген зерттеулерге қарамастан, жоғарғы сынып оқушыларының жазбаша байланыстырып сөйлеу тілін қаншалықты игергендігі әлі күнге дейін шешілмейтін сұрақ болып қалып тұр. Бұл сұрақты қою заңдылықты, жазбаша сөйлеу тілін игерту мектеп жасындағы балалардың негізіне жаңа білімі ретінде қарастырылады
Қорыта келгенде, зияты бұзылған балаларда барлық білім түрін бақылау, балаларды ынталандыру, іс-әрекет мүмкіндігін дәлелдеу, ойлау қызметін жинақтап, қорыту, оның ішіндегі білім мен икемділікті жаңа жағдайға көшіру, сезіну – сөздік логикалық жүйе мен практикалық ойлау қызметінің құрамды бөлігімен ара-қатынасын анықтау, тапсырманы өз бетінше шешу, үлкендер жағынан көрсетілген көмекті қабылдау қабілетін дамыту және тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуына ықпал ететін факторлардың ішіндегі маңыздысы арнайы мамандардың бағалауы болып табылады. Сондықтан да зияты бұзылған балалармен қарқынды түрде жұмыс істеу – кезек күттірмейтін мәселе.
Сұрақтар:
1. Зияты бұзылған балалардың сөйлеу тілі бұзылыстарын зерттеумен айналысқан авторлар?
2. Зияты бұзылған балалардың психикалық үдерістерінің ерекшеліктері.