Байланысты: 1. Балаларды зияткерлік жеткіліксіздігі м селелеріні теориялы
Оқуы мен жазуын тексеру Оқу мен жазу сөйлеу тілі қызметінің ерекше түрі. Сөйлеу тілінің толық дамымауы мен оқу және жазуының бұзылуының арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан, егер баланы тексеру барысында жалпы ауызекі сөйлеу тілінің толық дамымауы немесе дыбыстарды айтыуының дамуында ауытқуы анықталған жағдайда бұндай балалардың оқуы мен жазуды қалай меңгеретінін міндетті түрде тексеру керек.
Сонымен, оқуы мен жазуы бұзылған баланың ауызекі сөйлеу тіліндегі кемістігінің әр уақытта байқала бермейтіндігін есте сақтау керек. Мектепке баратын уакытына қарай баланың сөйлеу тілінің фонетикалык кемістігі түзетілуі мүмкін, ал фонематикалық ауытқуы сақталып қала беретіндігін ескеру кажет.
Жазбаша тілінің даму шарттарының бірі оның құрамындағы дыбыстарды саналы түрде талдау болып табылады, өйткені онсыз жазу дағдылары қалыптасуы мүмкін емес.
Сондықтан, егер бала жазуында қатені жіберетін болса немесе мүлдем жаза алмаса, онда оның сөздің дыбыстык құрамын ауызекі талдап шығуға әзірлігін білу керек.
Жазуын тексеру Баланың жазуын тексерудің үлкен маңызы бар, себебі ол жазуды меңгеру дағдысының денгейін ғана емес, сонымен бірге ақаулыктарының түрлерін де анықтауға мүмкіндік береді. Жазу дағдысын жат жазу арқылы тексереді. Қателердің себебін және ерекшелігін анықтау үшін дағдылануға байланысты сөздерден немесе қыска сөйлемдерден жат жазу жазғызады. Жат жазу үшін сұрыптап алынатын сөздер немесе сөйлемдер мүмкіндігінше оқу бағдарламасынын талабынан шықпауы керек, сонымен бірге олардың құрамында айтылуында жиі бұзылатын дыбыстары бар сөздер неғұрлым көбірек болғаны дұрыс. Осыған орай логопед төменгі сыныптың оқушыларына лайықтап жат жазу үшін сөздерді сұрыптап алады.
Сонымен бірге көшірме жазуын да тексереді. Жат жазуындағы жіберілген қателері мен көшірме жазуындағы жіберілген қателерді салыстырып, теңестіреді. Жазуды енді үйрене бастаған балаларға жат жазуды әріптерді жазғызудан бастайды. Балаға өзінің сөйлеу тілінің айтылуындағы жиі бұзылатын дыбыстарды жазғызады. Бала буындарды немесе қыска сөздерді айтумен қалай жазатынын тексереді. Қарапайым ашық буындарды /ма, па, та, са, за, ша, ра, да/, жабық буында /ат, ан, ар/, бірнеше дауыссыз дыбыстар қатар тұрған буындар /скр, трн, прл/, жеке сөздер /от, тон, жол, ат, шаш, қыс, жаз/, айтып жазғызады.
Жазғызудың орнына кеспе әліппеден қиылып алынған әріптерді теріп сөз құрайды.
Жат жазумен қатар баланың айтуымен жазуында байкалмайтын кейбір қателерін жеке сөйлемді құрастыруының бұзылуын, сөздік қорының жеткіліксіздігін анықтауға мүмкіндік беретін өздігінен жазуын тексеру керек. Тексерудің мұндай жолы сондай-ақ баланың тұтас алғанда сөйлеу тіліндегі жазуын қай шамада меңгеретінін түсінуге мүмкіндік береді.
Өздігінен жазуын тексеру үшін күрделі әр түрлі бейнедегі суреттерді ұсынады. Жазуды әлі жеткілікті меңгермеген балаларға жеңіл бейнеленген суреттер бойынша сөйлемдер құрастырып, оқиға желісін баяндап немесе одан да гөрі жеңілдеу суреттегі бейнеленген заттардың аттарын немесе қимыл - әрекеттерін жазуды ұсынады.
Пайдалануға болатын заттар бейнеленген суреттердің тізім жобасы: қайшы, мысық, шелек, қасық, сүт, пышақ, көйлек, шана, сиыр, тон, тамақ, т.б.
Қимыл-әрекеттерді көрсететін суреттер: қыз тісін жуып тұр. Бала шанамен сырғанап жүр. Әже шұлық тоқып отыр. Жазуға дағдыланып жаттыққан балаларға оқиға желісі белгілі жүйемен өрбитін жалғаспалы бейнелі суреттер бойынша шағын әңгіме жазуды ұсынады.
Жазуын тексерген кезде барлық назарды жазу барысының ерекшелігіне (бала сөзді фонетикалық тұрғысынан бірден дұрыс жаза ма немесе керекті дыбысты іздеп, ол сөзді бірнеше рет қайталап айта ма) және бұндағы кездесетін қателеріне бағыттау керек. Сонымен қатар ызың және ысқырық, ұяң және қатаң, р және л, жіңішке және жуан дыбыстарды ажыратуына, шатастыру, алмастырудың түрлеріне көңіл бөлу керек.
Бұдан басқа баланың дыбысты түсіріп қалдыру, орнын ауыстыру, артық дыбысты қосу, әр түрлі сөздерді қосып жазу, бір сөзді бөлшектеп жазу сияқты қателерді жіберетін, жібермейтіндігі де ескеріледі. Бұл қателер сөздің дыбыстық талдануының жетктіліксіздігін, сөздегі дыбыстарды анықтап және бөлуді, олардың жүйелігін айқындауды толық білмейтіндігін көрсетеді.
Жазудағы болатын қателердің себебі фонематиканың толық дамымауы мен жалпы сөйлеу тілінің толық дамымауының, біреуінің тікелей ықпалынан екенін көрсетеді. Оларды ажыратуды және анықтауды білу қажет. Ауызекі сөйлеу тілінің, сондай ақ өздігінен жазуының қорытындысы бұларды тиянақты бағалауға мүмкіндік береді.
Баланың сөйлеу тілінің жазылуын тексеру кезінде қандай түрде болмасын табылған қателерінің шығу себебін анықтау керек. Сөйлеу тілінің ақаулығына байланысты жазуында кемістіктері бар балаларды, басқа себептердің салдарынан қате жіберетін балалардан, яғни сөйлеу тілінің жазылуындағы кемістіктеріне өнегесіз тәрбиенің және шет тілдерінің ықпалының әсер етуі себеп болған, ауызекі сөйлеу тілінің ақаулығы жоқ, дыбыстарды алмастыруда ерекше қателерді жібермейтін, бірақ басқа қателерді көп жіберетін балалардан айыра білу қажет. Бұндай жағдайда жазуының артта қалуын сөйлеу тілі бұзылуының себебінен деп қарауға болмайды.
Оқуын тексеру Оқуының жағдайын тексеру үшін арнайы іріктеліп алынған сөйлемдерді пайдаланады, егер бала нашар оқитын болса, онда әріптерді оқып талдаудан бастайды.
Осы мақсатпен ысқырық және ызың, ұяң және катаң әріптерді атауды ұсынады, ал егер сөйлеу тілінің ақаулығына байланысты айта алмаса, онда ол әріптерді сөздің құрамынан немесе қолмен жазылған және таңбалы нұсқасын көрсетеді. Бала берілген әріптерді бірден танитын, танымайтынын анықтаудың манызы бар.
Бұдан кейін буындарды оқуды тексереді. Құрамында қатар тұрған дауыссыз және дұрыс айтылатын да, дұрыс айтылмайтын да дыбыстары бар буындарды алдымен тура, сосын керісінше буындарды оқытады. Бұдан кейін сөздерді оқуға көшеді. Оқуды тексеру үшін алдымен жәй сөйлемдерді, сосын дыбыстық және морфологиялық құрамы бойынша күрделілеу сөздерді іріктеп алады. Оқытуға пайдалануға жарайтын сөздер: Марат, Рахат, Жанат, көрпе, тері, сағат, шана, тақия, қалпақ, қарлығаш, перде, дана, сабын, шапан. Бала оқыған сөздерін түсінетін, түсінбейтіндігін міндетті түрде тексеру керек. Бұны анықтау үшін оқыған сөзіне бір мағыналы сөздерді іріктеп алып, оны сөйлемнің құрамына еңгізуді, сосын соған лайықты суретті іздеуді ұсыну арқылы жасайды.
Түсінігін тексеру үшін бейнелі суреттердің және дыбыстың құрамы бойынша ұқсас сөздердің арнайы жиынтығын ұсынуға болады. Әрбір зат және әрбір сөз жеке-жеке анықтамаларда (карточкада) бөлек көрсетілген. Балаға анықтамада таңбаланған кез келген бір сөзді оқытады да, сол сөзбен аталатын затты басқа заттар бейнеленген суреттердің арасынан тауып алуды ұсынады. Мысалға берілетін сөздер мен соларға лайықты бейнелі суреттер: мысық, тышқан, қоян, түлкі, шалғы, бала, сағат, қасық, кітап, күрек. Одан кейін баланың білім деңгейіне сәйкес, мазмұны және көлемі оның түсінігіне оңай, әрі қолайлы, бірақ сыныпта қолданылмайтын жүйелі сөздерді және арнайы іріктеліп алынған қысқа мәтіндерді оқуын тексереді. Бала оқығанын қалай түсінгені сұраққа жауап немесе мазмұнын айтқызу арқылы міндетті түрде тексереді. Бұл әсіресе ауызекі сөйлеу тілін тексергенде сөздік қорының кедей екенін және сөйлем құрауының бұзылғанын анықтаған кезде маңызды.
Оқуын тексерген кезде баланың буынға бөліп немесе бүтін сөзді және жеке әріптерді іріктеп, олардан буын және сөз құрап оқитын ерекшеліктерін көрсету қажет. Оқу барысында бала аталған жеке әріптерді алмастыра ма, оның бұл алмастыруы сөйлеу тілінің бұзылуына сәйкес келе ме, басқа қателерінің ерекшеліктері қандай, оқуының шапшандығы және түсіну дәрежесі қандай деген сияқты қателерінің ерекшеліктеріне көңіл бөледі. Оқуын тексеру барысында байқалғанның бәрі жазып алынады. Олар оқуының кемістіктерінің шығуына, сөйлеу тілінің фонематикалық бұзылуы мен жалпы сөйлеу тілінің толық дамымауының қайсысының себепші болатынын және оны жоюда ең тиімді тәсілді табуды, оқуындағы қиыншылықтан құтылудың әдісін аныктауға жәрдем береді.
Жеке тексеруде алынған мағлұматтар сөйлеу картасына енгізіледі.
Сұрақтар:
1. Логопедиялық тексерудің принциптерін атаңыздар.
2. Логопедиялық тексерудің мақсаты.
3. Сенсомоторлы дағдыларын тексеру.
4. Сөйлеу тілінің грамматикалық құрылысын тексеру.
5. Сөйлеу тілінің лексикалық жағдайын тексеру.
6. Сөйлеу тілі анықтамасының үлгісін құрастырыңыздар.