76-бап. Бала ретінде асырап алуға жол берілетін балалар 1. Кәмелетке толмаған балаларға қатысты және солардың мүдделеріне сәйкес қана ұл асырап алуға немесе қыз асырап алуға жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын бұл балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана шетелдіктерге асырап алуға, не балалардың туыстарына осы туыстарының азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан асырап алуға берілуі мүмкін. Z100253 Балалар Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, балалардың туысы емес шетелдіктерге аталған балалар осы Заңның 101-бабының 3-тармағына сәйкес орталықтандырылған есепке қойылған күннен үш ай өткеннен соң асырап алуға берілуі мүмкін.
3. Бала асырап алғысы келетін шетелдіктер баланы жеке өзі таңдап алуға, онымен кемінде екі апта бойы тікелей жақын араласуға, қорғаншы және қамқоршы органға баланы асырап алғысы келетіні туралы жазбаша арыз, сондай-ақ мемлекеттік лицензиялар негізінде осындай қызметті жүзеге асыратын агенттіктер беретін ықтимал ата-аналардың қаржы жағынан әл-ауқаты, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы, жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы анықтама беруге міндетті.
77-бап. Баланы асырап алу тәртібі 1. Баланы асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) арызы бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізеді.
Балаларды асырап алу туралы істерді сот қорғаншы және қамқоршы органдардың қатысуымен қарайды.
2. Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері (осы заңның 89-бабы) баланы асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды.
Сот баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің көшірмесін шешім шығарған орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органға жіберуге міндетті.
Бала асырап алу азаматтық хал актілерінің мемлекеттік тіркеуі үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.