78-бап. Асырап алынуға тиісті балаларды және бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу 1. Асырап алынуға тиісті балаларды есепке алу осы Заңның 101-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органдар белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктерді есепке алу Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.
Ескерту. 78-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
79-бап. Бірнеше бала асырап алу 1. Бір адамның ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) болып табылатын немесе өзара туыстық қатынасы жоқ бірнеше баланы асырап алуына болады.
Өзара туыстық қатынасы жоқ асырап алынған балалардың арасында ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) сияқты құқықтар мен міндеттер пайда болады.
2. Асырап алу балалардың мүдделеріне сай келетін жағдайларды қоспағанда, ағалы-інілер мен апалы-сіңлілерді (қарындастарын) әртүрлі адамдардың асырап алуына жол берілмейді.
80-бап. Бала асырап алуға құқығы бар адамдар 1. Бала асырап алуға бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дамуы, тәрбиеленуі және білім алуы үшін жағдайлар болған кезде рұқсат етіледі.
2. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот біреуін әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған ерлі-зайыптыларды;
3) сот арқылы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
4) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды;
5) егер өз кінәлары бойынша сот шешімімен бала асырап алудың күші жойылса, бұрынғы бала асырап алушы адамдарды;
6) денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады. Баланы асырап алуға, оны қорғаншылығына (қамқоршылығына) алуға, патронатқа алуға болмайтын адамның бойындағы ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардың белгілі бір баланы бірлесіп асырап алуына болмайды.