41-бап. Неке шартынөзгерту және бұзу 1. Неке шарты ерлі-зайыптылардың келісім бойынша кез келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келісім неке шартының өзі сияқты нысанда жасалады.
Неке шартын орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
2. Ерлі-зайыптылардың біреуінің талап етуі бойынша неке шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде неке шартын өзгерту және бұзу үшін белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша соттың шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.
3. Неке шартында, неке тоқтатылғаннан кейінгі кезеңге арналып көзделген міндеттерді қоспағанда, неке шартының қолданылуы неке тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады (осы Заңның 22-бабы).
42-бап. Неке шартын жарамсыз деп тану 1. Неке шартын сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде мәмілелердің жарамсыздығы үшін көзделген негіздер бойынша толық немесе ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Егер шарттың талаптары ерлі-зайыптылардың бірін өте қолайсыз жағдайда қалдыратын болса, олардың бірінің талап етуі бойынша да сот неке шартын толық немесе ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін. Осы Заңның 40-бабы 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шартының талаптары жарамсыз деп танылады.
3. Ерлі-зайыптылардың міндеттемелер бойынша жауапкершілігі
43-бап. Ерлі-зайыптылардың мүлкінен өндіріп алу 1. Ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша өндіріп алу тек сол жұбайының мүлкіне ғана жасалуы мүмкін. Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда кредит беруші өзіне өндіріп алу үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде борышкер жұбайға тиесілі болатын борышкер жұбайдың үлесін бөліп беруді талап етуге құқылы.
2. Өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ міндеттемелері бойынша, сондай-ақ сот ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша алынғандардың бәрі отбасының қажеттеріне пайдаланғандығын анықтаса, ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша да ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен жасалады. Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда ерлі- зайыптылар аталған міндеттемелер бойынша өздерінің әрқайсысының мүлкімен бірлесе отырып жауапты болады.
Егер соттың үкімімен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ерлі-зайыптылардың біреуі қылмыстық жолмен алған қаражат есебінен сатып алынғаны немесе көбейтілгені анықталса, өндіріп алу тиісінше ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен немесе оның бір бөлігінен жасалуы мүмкін.
3. Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтірген зиян үшін жауапкершілігі азаматтық заңдармен белгіленеді. Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтірген зиянды өтеуі кезінде олардың мүлкінен өндіріп алу осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалады.