Байланысты: Басқару психологиясы 1-18...37-55...73-90 (1)
Психологиялық ағарту бұл – тұрғындарды, ұйымдардағы қызметкерлерді психологиялық білімдерге тарту. Мәселен мектепте психологиялық қызмет көрсететін психологтар мұғалімдер мен ата–аналардың психологиялық мәдениетін арттыру үшін лекциялардың циклін жүргізеді. Оларды қызықтырған мәселелер жөнінде кеңестер, сондай-ақ балалар және педагогикалық психология, тұлға психологиясы бойынша арнайы семинарлар, қарым-қатынас және тұлға аралық қатынастар тренингтері жүргізіледі. Көптеген мекемелерде қызметкерлерінің кәсіби жетістігімен тығыз байланысты психологиялық білімдерін арттырудың жүйесі бар. Психологиялық ағартудың бірқатар мәселелері бұқаралық ақпарат құралдарымен, танымал әдебиеттің басылымымен, практикалық психологияның қызметтерін жарнамалаумен шешіледі.
Мәселен, мектептегі психологиялық қызметтің өзіне тән мақсаттары мен міндеттері бар. Оның негізгі мақсаты – балалар мен жас өспірімдердің психикалық денсаулығы мен білім алу қызығушылықтарына ықпал ету. Бұл: оқу-тәрбие процесінің психологиялық диагностикасын; мектептегі балалардың танымдық эмоциялық және әлеуметтік дамуына толыққанды ықпалын қамтамасыз ету мақсатында психологтың белсенді кірісуін: педагогтар мен ата-аналарға, балаларға қамқорлық көрсетуге қатысты барлық мәселелерде көмектесуді; мұғалімдер мен ата–аналарды психологиялық оқытуды; оқушылардың жеке-дара қиындықтарын және педагогтардың кәсіби мәселелерін шешуде мектеп қызметкерлерімен және ата-аналармен бірлескен жұмысты болжайды. Мектептегі психологқа төмендегідей міндеттер жүктеледі:
балалардың оқуға даярлығын анықтау, мұғаліммен бірлесіп бастауыш мектеп жасындағы оқушыларды мектепке бейімдеудің жеке-дара бағдарламасын құрастыру;
оқушылардың даралық және жас ерекшеліктерін ескере отырып, мұғалімдермен және ата-аналармен бірігіп, дамытпалы бағдарламаларды даярлау және жүзеге асыру;
оқу, даму, өмірде өз-өзін анықтау, өз-өзін тәрбиелеу, ересектермен және құрдастарымен өзара қатынастары жөнінде оқушыларға жеке-дара және топтық кеңес беру;
оқушылардың қабілеттерін, қызығушылықтарын анықтау және оларды дамыту жөнінде оқушылармен тұрақты жұмыс жасаудың қорытындысы ретінде кәсіби бағдарлау.
Осылайша, практикалық психологтардың кәсіби міндеттері оның іштей мамандануымен және нақты ұйымның іс-әрекеттеріне қатысуымен міндеттелген психологиялық проблемалардың табиғаты мен бастапқы бағдарынан туындайды.