5. Арнайы медициналық топтарда (денсаулығына байланысты, әр деңгейдегі оқушылармен) сабақ ұйымдастыру Жүйелі түрде жүргізілетін және ғылыми негізделген педагогикалық бақылаудың арқасында ғана дене шынықтыру балалар мен жасөспірімдердің денсаулықтарын сақтау мен нығайтудың, олардың физикалық дамуын жақсартудың тиімді әдісі бола алады. Осыған байланысты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі физикалық жаттығулардың өсіп келе жатқан ағзаға әсері туралы жеткілікті деңгейде хабардар болуға тиіс. Сонымен қатар, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері өздерінің педагогикалық әдістерін бақылап, оларды оқушылардың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес өзгертіп отырулары тиіс.Арнайы медициналық топтағы оқушылардың шалдыққан сырқаттарының ауырлығына және сипатына байланысты дене шынықтыру сабақтарында дифференциалды оқыту үшін оларды А және Б кіші топтарына бөлу ұсынылады.А кіші тобы – денсаулықтарында түрлі ахуалы бар, қалпына келтіруге болатын ауытқулар бар оқушылар.Б кіші тобы – сыртқы ағза мен ішкі органдар жүйесінде ауыр сырқатқа шалдыққан, қалпына келтіруге болмайтын өзгерістері бар оқушылар (мысалы, жүрек-қан тамырлары ауруы, несеп шығару жолдарының аурулары, бауыр аурулары; көру қабілетінің жоғары деңгейде бұзылуы, мысалы, перифериялық көру қабілетінің бұзылуы және т.б.)
6. Дене шынықтыру сабағында қимыл-қозғалыс әрекеттерін оқыту Дене тәрбиесі тек мектептегі дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол сабақтан тыс, мектептен де тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі екенін ескерсек, қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы дене тәрбиесінің жүйесі жастардың денсаулықтарын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, өмірге белсенді ұстаным мен ізгілікті қатынастарын дамытуды меңзейді. Осы дене шынықтыру сабағында қозғалыс ойындарын қолданудың маңызы ерекше.
Ойын ұзақ уақыт бойы адам өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады, ол бос уақытты дұрыс ұйымдастыруға тәрбиелейді және жеке тұлғаның қарым-қатынасын, қозғалыс белсенділігін арттыруға көмектеседі.
Қимыл-қозғалыс ойындары ұлттық ойындардың негізінде пайда болып қалыптасқан. Олардың спорттық ойындар сияқты ережесі болады. Бірақ қимыл қозғалыс ойындарының ережесі спорттық ойындарға қарағанда қарапайым әрі жеңіл болады. Спорт құрал-жабдықтарын көп қажет етпейді.
Қозғалыс ойындар арасында сюжеттік (имитациялық) ойындар ерекше орын алады. Мұндай ойындар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыта отырып, рөлдерді ойнауға, сюжетке байланысты образға енуге мүмкіндік береді. Имитациялық ойындарды дене шынықтыру сабағында пайдалану, оқушының дене тәрбиесін жетілдіруге көмектеседі. Олар қоршаған ортадағы әртүрлі бейнелерді көрсетіп, ойынға имитациялық қозғалыс береді.