5) Теорияны практикамен байланыстыру принципі. Мектепте қазақ тілінен алынған теориялық білімді күнделікті өмір қажетіне қолдана білу теорияны практикамен байланыстыру принципі болып табылады. Оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беріледі. Осы алған білімдерін кеңейте отырып, оны күнделік өмір қажетіне жаратады. Оқушыларға диалогтық сөйлемді меңгертумен бірге монологтық сөйлеу де үйретіледі. Оқушылар ауызша мазмұндаудың бірнеше түрлерін де меңгереді. Сонымен бірге ауызша және жазбаша тілін дамытуға, жылдам әрі саналы мәнерлеп оқуға, әртүрлі баяндамалар жасауға және іс қағаздарының алуан түрлерін жазуға дағдыландырылады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білім мына сияқты практикалық мақсаттарды жүзеге асырады: 1) тілден алған теориялық білімін ауызша және жазбаша мақсатта қолдана білу; 2) түрлі талдаулар жасай білу; 3) орфография мен орфоэпиядан алған білімді ауызша және жазбаша түрде сауатты іске асыру.
6) Жеңілден ауырға принципі. Дидактиканың түсінуге жеңіл қолайлылық принципінің де маңызы зор. Бұл сабақтың алғашқы күнінен бастап үнемі сақталуға тиісті. Мысалы, алғашқы үйретілетін сөзді таңдауда бір буынды сөзді үйрету мен көп буынды сөзді үйретуді салыстырып, оқушы оның қайсысын тез үйренеді деген сұраққа тәжірибелі мұғалімдер бір буынды сөзді оқушы тез үйренеді деп жауап береді. Бұл алғашқы сабақтарда қолданылса, сол қалыпта қалуы мүмкін емес. Себебі барған сайын оны күрделендіру принципін ұстану керек.
Бұл – бір сыныптағы әр сабақта, әр сыныпқа көшкен сайын тілдік материалды оқыту процесінде қолданылатын принцип.
Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктерін, білім дәрежесі мен сынып түрлерін ескере отырып, мұғалімнің түсіндіруі, оқулық тілі және оның баяндау желісі сияқты үш түрлі ерекшеліктерді басшылыққа алады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білімнің анықтамалары мен ережелері, терминдері мен өзіндік белгілері, жасалу жолдары мектеп оқушыларының қабылдау, ойлау сияқты психикалық қасиеттеріне лайықты түсіндіріледі. Түсінуге жеңіл қолайлылық принципін іске асыруда мұғалім мынадай әдістемелік жүйені пайдаланады: Алдымен қазақ тілінен тақырыптарды дәл таңдап алып, оны жеңіл мысалдармен түсіндіреді; тілдік тақырыптардың өзіндік белгілерін анықтайтын мысалдар көрсетіп, оларды талдайды; тақырыптың өзіндік ерекшеліктерін оқушыларға айтқызып, ауызша мысалдар келтіртеді; бұл мысалдарына талдау жасатады; талдау үстінде тақырыптың өзіндік белгілерін саралап айтқызып, қорытынды пікір шығаруға төселдіреді.