3.1.2. Ньютонның бірінші заңы Қозғалыс та, тыныштық та салыстырмалы екені белгілі. Егер дене бір санақ
жүйесінде тыныштықта болса, сол мезетте екінші санақ жүйесіне салыстырмалы
қозғалыста болуы мүмкін. Біз әзірге Жермен байланысқан және Жерге қарағанда
тыныштық қалыптағы немесе бірқалыпты түзусызықты қозғалған санақ жүйелерін
қолданамыз. Себебі, кезінде Ньютонның бірінші заңы осындай санақ жүйелері үшін
қорытылып еді: к
ез келген дене, оған басқа денелер әсер етпесе, өзінің тыныштық қалпын немесе бірқалыпты түзусызықты қозғалысын сақтайды. Дене жылдамдығының тұрақты сақталу құбылысын (дербес жағдайда жылдамдық
нольге тең)
инерция деп атайды. Сондықтан Ньютонның бірінші заңын
инерция заңы деп, ал ол заң орындалатын санақ жүйелерін
инерциялық деп атайды. Бірінші
жуықтауда инерциялық деп айналмайтын геоцентрлік, яғни Жермен байланысқан,
санақ жүйесін және осы жүйемен салыстырғанда тыныштықтағы немесе бірқалыпты
түзусызықты қозғалған жүйелерді атайды.
Жер төңірегінде қарастырылып отырған денеге басқа денелердің әсер етпеуі мүмкін
емес. Мысалы, стол бетінде жатқан денеге (кітап, дәптер т.с.с) Жер мен столдың
әрекеті теңестіріліп, ол тыныштық қалыпта жатыр. Немесе жіпке ілінген денеге Жер
және жіп тарапынан күш түсіп тұр. Мұндай мысалдарды шексіз көп келтіруге болады.
Инерция заңының ашылуы көптен келе жатқан бір қате көзқарасты жойды.
Ғасырлар бойы, егер денеге сыртқы әрекет болмаса, ол тек тыныштық күйде бола
алады деп саналып келді. Ал, дене тұрақты жылдамдықпен қозғалу үшін, оған басқа
бір дененің үнемі әрекет етуі қажет. Бұл көзқарас, әрине, күнделікті өмір
тәжірибесінен туған: арба тұрақты жылдамдықпен қозғалу үшін оны ат үнемі тарту
керек. Осы бір көрініске дәлелдеуді қажет етпейтін, бірақ түбегейлі қате
тұжырымдаманы бірінші болып теріске шығарған итальян ғалымы Галилео Галилей
болды. Оның айтуынша, дене сыртқы әсер болмағанның өзінде түзусызықты
бірқалыпты қозғала алады. Жоғарыдағы мысалда Жер беті тек Жер әрекетін теңестіріп
қана қоймай, үйкеліс деп аталатын қосымша әсер беріп тұр. Аттың немесе арбаны
итерген (тартқан) адамның әрекеті осы үйкелісті жеңуге жұмсалады. Бұдан Галилей,
егер үйкеліс болмаса, дене (арба) оны тартпай, не итермей-ақ тұрақты жылдамдықпен
қозғала берер еді деген қорытынды жасайды. Галилей өз қорытындысын Жермен
байланысқан, яғни инерциялық, санақ жүйесінде жасағанын атап кету керек.
Исаак Ньютон Галилейдің қорытындысын барлық жағдайлар үшін жалпылап,
инерция заңын қозғалыстың негізгі заңдарының қатарына жатқызды.
Сонымен, денені бірқалыпты түзусызықты қозғалыс немесе тыныштық күйінен шығару үшін оған басқа денелер әрекет етулері керек. Осыған байланысты денелердің өзара әрекетінің
негізгі механикалық сипаттамасы –
күш түсінігін қарастыруға енгізейік.