Жасалынды ТА: адресат – тілдік ұжым; субъектінің аталымдық қызметі белгілі саналы түрде орындауы коммуникация міндетімен байланысты; термин шығармашылығының жеклік сипаты аталымның субъективтік факторларын алға тартады; атау беруші жаңадан жасалатын терминнің алдын ала қолданылуына, адресатпен қабылдануына болжам жасауға тырысады; жазбаша тіркелуін қажет етеді.
Кез келген затқа, құбылысқа атау беру үшін оны адамның қабылдау сәті өте маңызды. Өйткені атау – қабылдау нәтижесі болып табылады. Осыған орай, атау беретін субъектінің белгілі бір ұғымды қабылдау әдісі жайында біз қаншалықты хабардар болсақ, сол ұғым атауының уәждемесі соншалықты айқын болады. Яғни адамның қабылдаудың қандай да бір әдісін қолдануы зат немесе құбылысқа белгілі бір атауды беруге итермелейді. Мысалы: «дүкенде зат сататын адам» – сатушы; «мал сауумен шұғылданатын кәсіп иесі» - сауыншы; «тоқу ісімен шұғылданушы» - тоқу шы; ал кейбіреулерінде мұндай қасиеттер байқалмайды: «Ұлы отан соғысына қатысқан адам» - майдангер, «киім үлгілерін жасайтын маман» - сәнгер; «аспан денелерінің қозғалыстарын бақылаумен шұғылданған адам, ерте кездегі астроном» - жұлдызшы.
Қазіргі таңдағы қоғамның даму барысы ғылыми – техникалық прогрестен көрінеді. Тілде адамды қоршаған объективтік шындық, ғылым мен техника, материалдық және рухани мәдениет дамуының жетістіктері белгіленеді. Білімнің жаңа салалары мен оған сәйкес жаңа ұғымдардың пайда болуы аталым қажеттілігін туғызады. Егер де түрлі кәсіп иелері күнделікті өмірде қарым – қатынасты жалпы әдеби лексика арқылы жасаса, ал арнаулы коммуникацияның тиімділігін арттыру үшін адамның еңбек қызметінің нәтижелерін дәл белгілейтін терминдер - арнаулы сөздер жасалады. Бұның барлығы арнаулы лексикалық бірліктер санының көбеюіне, бірқатар терминологиялық жүйелердің қалыптастырылуына алып келеді.
Кез келген ұғымның атаулану үдерісін талдау үшін, ең алдымен тілден тыс материалдардың қалай жіктеліп, өңделетінін қарастыру қажет. Ал бұл үдерістің өту сипаты оның нәтижесі белгілі бір лексика – семантикалық топтың атауы арқылы айқындалады.
Аталым – шындық болмыстың белгілі бір бөлшектерін атауға және белгілеуге қабілетті тілдік бірліктердің қалыптасу, жасалу үрдісінің нәтижесі( Қасым Б.Қазақ тіліндегі күрделі сөздер:уәждеме және аталым.-А.2001.).
Түсінік, таным, ұғым тіл арқылы көрініс табады. Ұғым мен атаудың арасында табиғи байланыс бар. Ол атаудың мағынасы арқылы көрінеді. Кез келген зат пен құбылысқа ату берерде, оның ұғымдық жағына мән беріледі. Себебі адам санасы затты, құбылысты қалай танып білсе, соған сәйкес ұғым қалыптасады.
Аталым қағидасы бойынша, әрбір тілдің өзіндік негізгі шарты саналатын адам санасындағы әлем бейнесі – оның аталымдық зат пен ұғымның бір мағынада тілдік таңбамен сәйкес келуі. Яғни ұғым арқылы сөздің мағынасы мен мәні танылады. Ұғым мен аталымның осы қасиеттерін В.Г.Колшанский: «в каждом языке сигнификативная сторана лексики однозначно соотносится с тем или иным предметом или явлением, что служит базой номинации»,- деген дәйектеме жасайды (Языковая номинация. Общие вопросы.- М.1977.).
Демек, ұғым таным негізінде айқындалады десек, ал оның нақты көрінісі атау(таңба) арқылы жүзеге асады, яғни сөзжасамдық тәсілдер негізінде қалыптасады.
Таңбалар – сөздің сыртқы тұлғасы, жамылғышы – ал оның ішкі сипаты мағынасынан көрінеді. Сөйтіп номинация атау ретінде сөзжасамға енген.
Тілде тарихи кезеңдермен сабақтаса отырып жаңа ұғымдардың пайда болумен байланысты, оның атаулары – жаңа сөздер жасалып отырады. Бұл – үнемі, үзілмей жүріп отыратын үрдіс. Әрбір кезеңнің лексикасында сол дәуірге сай тілдік бірліктер жасалады. Ол жаңа ұғымды атау аталым(номинация) заңдылығымен жүзеге асса, оның жасалуы мен дамуы сөзжасам амалдарына тікелей қатысты. Сондықтан тілдік бірліктердің (күрделі сөздердің) қалыптасуында,жасалуында, дамуында олардың мағынасы мен қызметінің қаншалықты үлесі барлығын жан-жақты зерттеп қарастыру қазіргі лингвистика ғылымында өзекті мәселелер мен негізі бағыттардың бірі болып отыр.
Сөзжасам өзінің бүкіл тәсілдерімен және құралдарымен аталым мақсатына қызмет етеді. Көне замандардан келе жатқан түбір мен негіздер туынды сөздердің мағынасына өзек, арқау болатындығы тіл ғылымында айқындалған. Проф.Н.Оралбаева: « туынды сөздің қай түрі де тілде бар сөз негізінде жасалады, сөздің қатысынсыз ешбір сөз жасалмайды. Сөз жасауға қатысатын сөздер сөзжасамдық бірліктер қызметін атқарады», - деген болатын(ОралбаеваН.Күрделі сөздер.Қ.Р.Ғылым және ЖБМҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы.1992).
Тілшінің күрделі сөздің жасалуында сыңарларды сөзжасамдық бірліктер деп санап, олардың негізінде жасалады деп пайымдауын тірек етіп алсақ, сөзжасамдық мағына негізділігі туынды сөздердің қалыптасуында қандай дәрежеде қатысып, оның түрлі қасиеттік сырын ашуға жәрдемін тигізері анық.
К.Аханов: «Тіл білімінің негіздері» атты еңбегінде: «сөз – дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын тілдік дербес единица»- деген қорытынды жасаса, Ә.Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» деген еңбегінде:«сөз тілдің, оның өзіндік құрамының заттар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін шындық өмірдегі қатынастарды атап білдіретін негізгі единица, дербес бөлшегі»- деген түйін жасайды.
Бұл қағидалардан шығатын қорытынды сөздің негігі қызметі – атау екенін көреміз. Бұл қызмет тек дара сөзге тән қасиет емес, күрделі сөздерге де тән қасиет.
Қазақ лингвистикасында күрделі аталымның жасалуына себепкер жайттарды: сыңарлардың уәжділік деңгейі, сыңарлардың мағыналық арақатынасы, сөздердің ішкі мағыналық құрылымы әсер ететін тілдік факторларды анықтау, іздестіру қажет.
Лексеманың ұғымды білдіруі, мағынаға ие болуы – сөздің ішкі мазмұнын айқындайды. Мағына сөзден тыс болмайды. Мағына – сөзді лексема ретінде танытатын негізгі көрсеткіш. Бұл – оның негізгі қасиеті. Дербес сөз ретінде танылып, құрылымдық тұйықтығы мен тұтастығын сақтайтын да мағына. Тек мағынаға өзгеріс енгенде ғана құрылым өзгереді. Мысалы: құлақағыс пен қағыс құлақ бір емес. Егер осы лексемалардың құрылымын өзгертсе, лексеманың семантикалық құрылым тұтастығына нұқсан келеді. Біріншісінде дербес лексема ретінде танылса, екіншісінде – сөз тіркестері дербес сөз ретінде екі түрлі ұғымды білдіріп, қызмет атқарып тұр. Демек, лексеманың (күрделі сөздің) құрылымдық тұтастығында мағына шешуші қызмет атқарады.
Сондықтан жаңа ұғым түсінік, мағынаның сапалық өзгерісі жаңа атау тудырудың негізгі көзі болып саналады. Сөз мағынасы ұғымның мазмұнын беруде шешуші қызмет атқарады. Проф.С.Исаев: «Сөздің сөз болып танылуы, белгілі ұғымды білдіре алуы, оның мағынаны білдіруімен байланысты деп көрсеткен.Сөздің ішкі мағыналық құрылымы – деген тұжырымды алғаш енгізген В.Гумбольдт. тілдің ішкі мағына – мазмұны мен сыртқы тұрпатын бірлікте қарау – ойды жеткізудің жүйелігі мен тиімділігін білдіреді. Ішкі құрылым – тіл құбылыстарының (тіркес, туынды) тілдің тұтастай жүйелігін көрсететін және ойды берудің жиынтық көрінісі. Мағыналық құрылым тілдің дара ерекшелігін көрсететін белгі боп саналады. Ішкі мағыналық құрылымның басты тәсілі – ұғымды белгілеу және сөздің ішкі мағынасы мен сыртқы тұрпаты арасындағы бірліктерді байланыстырады. Демек, ішкі құрылым атаудың мағыналық құрылымын қарастырушы сыңар ретінде танылады. Ішкі құрылым – алғашқы бейне, онда ұғымның негізі жатады. Ішкі құрылым ойға бағыт береді, өзек мағынаның әрі қарай дамуына мүмкіндік жасайды. Атаудың ішкі құрылымында ұғымның ізі жатады. Ішкі құрылым – атауды құрастырушы сыңарлардың өзара байланысын сақтайтын тұтас, жүйелі ерекшелігін көрсететін тілдік құбылыс. Сол арқылы ғана атаудың тұтастығы түсініледі. Ал сөздің ішкі мағыналық құрылымы уәждеме процесін қалыптастырады. Ішкі құрылым – атаудың міндетті семантикалық белгісі.Ішкі құрылым – уәждеменің жаңа атауды жасауға негіз болатын тілдік бірлігі, құралы ретінде жүйелі ерекшелігі, тұрақты қасиеті, бірліктердің түптөркінін ашуға мүмкіндік беретін заңдылық.
Мысалы: ақсүйек 1)ойын,2)өсімдік,3)тек, бекзада; билеуші тап өкілі- деген атаулардың қалыптасуында сүйектің ақ, таза мағыналық белгілері, ішкі құрылымы, атаудың лексикалық мағынасын айқындайды. Сөздің ішкі мағыналық құрылымының басты тәсілі атауды белгілеу боп табылады. Сонымен бірге сөздің ішкі мағынасы мен сыртқы тұрпаты арасындағы бірліктерді байланыстырады. Ішкі мағыналық құрылым мен сыртқы құрылым екеуі түйіскен жерде ғана атау пайда болады.
Адам заттар мен құбылыстарды танып білу нәтижесінде жаңа атаудың өзіне ғана тән белгіні таңдауы, дүниетанымына байланысты белгілеуі атаудың белгісі боп саналады. Ұғымдық, танымдық белгі адам санасында қалыптасқан өмірде бар заттар мен құбылыстарды ұқсату, елестету арқылы таңдалынып, жаңа атау жасалуына арқау, өзек болады. Қазақ тілінде затқа құбылысқа, нәрсеге атау таңдауда тек дыбысқа, түске, пішінге, қызметіне байланысты қоймаған. Сонымен қатар қазақ тілінің ұлттық болмысын көрсететін екінші жол – жанама атау беру. Бұл тілдік құбылыс тура атаудан жанама атаудың айырмасы барын көрсетеді. Аталым әрекетінде бұл әдіс шындық болмыстағы заттар мен құбылыстардың жаңа танылған қырын атау мақсатында қолданылатын сөзжасамдық амал-тәсіл.
Мысалы: Құртауру(туберкулез), қылтамақ(рак), көкмойын(арақ), ит-құс(қасқыр). Бұл атау ұлттық наным – сенімдеріне қатысты ерекшеліктерімен байланысты қалыптасқан. Жалпы қазақ ұлтының дүниетанымында ұғымдарды тұспалдап атау ерекшелігі мол. Сол себепті жанама атаулар лексикалық жүйенің түрлі семантикалық топтарын қамтиды.
Жас ерекшелікке, туыстық қатынасқа қатысты: шүйкебас(келін), атұстар(ұл), кестетігер(қыз)қызылшақа (сәби).
Әдебиеттер:
Қазақ грамматикасы. -Астана.2002.191 бет.
Қасым Б.Күрделі сөзді аталым теориясына қатысты айқындау. Ұ.Ғ.А. Хабаршысы.№2 2001 А.
Қ.Айдарбек. Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық аспектісі. ДДА. -А.2009.
№18 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |