Өт қабы — өт жиналатын қуысты мүше. Ол бауырдың ішкі висцеральды бетінде орналасады. Өт қабының қабырғасы кілегейлі, етті жəне сірлі қабықтардан құралған. Кілегейлі қабықты ішкі бірқабатты призма тəрізді эпителий мен сыртқы борпылдақ дəнекер ұлпалық өзіндік тақташа қабаттары құрайды. Кілегейлі қабықта кілегейлі жəне сірлі қарапайым түтікше бездер мен лимфа түйіншелері орналасады. Етті қабықты сақинаша жатқан бірыңғай салалы ет ұлпасының қабаты құрайды. Сірлі қабық жұқа
борпылдақ дəнекер ұлпалық қабат пен мезотелийден тұрады.
ҰЙҚЫ БЕЗІ Ұйқы безі (поджелудочная железа) — pancreas — қосарынан қызмет атқаратын, құрылысы мен қызметі əр түрлі екі: экзокринді жəне эндокринді бөліктерден құралған аралас без. Сыртқы секреция безі ретінде ол құрамында ас қорыту ферменттері (белоктарды, көмірсуларды, майды қорытатын) мол ұйқы безі сөлін бөліп, он екі елі ішек куысына шығарады. Ал ішкі секреция безінің қызметін ұйқы безі аралшықтарының жасушалары (инсулоциттері) атқарады. Ұйқы безінің паренхимасы энтодермадан, стромасы мезенхимадан дамиды. Ұйқы безі құрылысы жағынан құрделі көпіршікше-түтікше бездерге жатады.
Ұйқы безі — паренхималы мүше. Ол он екі елі ішек шажырқайының екі сірлі жапырағының аралығында орналасады. Ұйқы безі оң, сол жəне орталық бөліктерден тұрады. Ұйқы безінің өзегі (ductus pancreaticus) он екі елі ішекке ашылады. Бұдан басқа, оның ішекке дербес ашылатын ұйқы безінің қосымша өзегі де (ductus pancreaticus accessorius) болады.
Ерекшеліктері. Жылқыдаұйқы безі без денесінен (орталық бөлік), оң бөліктен (бездің басы) жəне сол бөліктен (без құйрығы) тұрады.
Оның өзегі бауыр өзегімен бірігіп, он екі елі ішекке ашылады. Кейде қосымша өзегі де кездеседі. Сиырда ол он екі елі ішек бойыңда орналасады.
Ұйқы безі денесінен (орталық бөлік), сол жəне оң бөліктен тұрады. Без өзегі он екі елі ішекке өт өзегінен 30 - 40 см кейін ашылады. Ал ұсақ малдарда бездің құрылысы сиыр безіне ұқсас. Ұйқы безінің өзегі өт өзегімен бірігіп, бір бүртікке ашылады. Шошқада ұйқы безі денеден (орталық бөлік), оң жəне сол бөліктерден тұрады. Бір өзегі болады. Итте ұйқы безі денеден, оң жəне сол бөліктерден тұрады. Без өзегі он екі елі ішекке өт өзегімен бірге ашылады.