Көмекей мен кеңірдектің дамуы. Көмекейдің шеміршегі филогенезде 4, 5 және 6 жұп желбезек доғаларының қалдықтарынан дамиды. Бүйір шеміршектерінің алғашқы жұбын қосмекенділерден байқауға болады. Кейіннен олар бірігіп сақинаша шеміршекті – cartilage cricoidea - түзеді. Сақинаша шеміршектен каудальды бағытта кеңірдек пен бронхтардың шеміршек пластинкалары қалыптасады. Көмекейдің бүйір шеміршектерінен ожауша шеміршектер де бөлініп шығады. Сүтқоректілердің көмекейінде осылармен қатар, қалқанша және бөбешік шеміршектер жетіледі. Бөбешік пен ожауша шеміршектер көмекейдің кіреберіс тесігін бітеп, жұтыну кезінде азықтың тыныс жолдарына түсіп кетпеуін қамтамасыз етеді.
Эмбриогенезде көмекей мен кеңірдек алдыңғы ішектің вентральды қабырғасының томпаюы нәтижесінде дамиды. Алдымен онда ұзынша сай байқалып, кейін ол тыныс алу түтігіне айналады. Ал, оның алдыңғы бөлігі ішекпен байланысып көмекейді түзеді. Оның каудальды бөлігі ішектен ажырап, одан кеңірдек пен бронх пайда болады.
Өкпенің дамуы. Өкпе балықтардың қарапайым жұп торсыл-дағының өзгеруі мен күрделенуі арқасында дамиды. Жануарлардың атмосфералық ауамен тыныс алуына байланысты олар негізгі газ алмасу мүшесі - өкпе ретінде қалыптасады. Өкпенің дамуы негізінен бір бағытта -оның ауамен жанасатын тыныс алу беті ауданының ұлғаюы нәтижесіңде жүзеге асады. Бауырымен жорғалаушылардан бастап жануарлардың тыныс алу процесінде терінің үлесі кеміп, керісінше, өкпенің маңызы арта бастайды. Бұның өзі өкпеде көптеген альвеолалардың, альвеола талшықтарының, негізгі және жанама бронхтар тарамдарының пайда болуына әкеп соғады.
Сонымен қатар, өкпе құрылысының күрделенуі кіші қан айналу шеңбері мен жүрек құрылымдарына да тиесілі өзгерістер енгізеді.
Онтогенезде тыныс алу мүшелер көмекейдің, кеңірдектің және өкпенің дамуы алдыңғы ішектің вентральды қабырғасының томпаюынан пайда болған тыныс алу түтігінен бастау алады. Кеңірдекке айналған осы түтіктің каудальды бөлігінен томпайған жұп өсінділер оң және сол жаққа ажырап бронхтарды түзеді. Өз кезегінде олар көптеген ұсақ бронхтарға тарамдалып, альвеолалармен аяқталады. Бронхтар мен альвеолалар дәнекер ұлпаны негіз арқылы өзара бірігіп, өкпені түзеді. Даму барысында өкпе көкірек қуысына еніп, оның сірілі қабығы — плеврамен қапталады.
Аңқа (носоглотка) — nasopharynx — жұтқыншақтың ауа өтетін бөлігі. Ол мұрын қуысын көмекеймен жалғастырады. Аңқаның кілегейлі қабығы тыныс жолдарына тән бірқабатты көпқатарлы кірпікшелі эпителиймен астарланған. Эпителий қабатының астында борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұратын өзіндік тақташа болады. Қалған қабаттары мен қабықтары жұтқыншақта баяндалған.