Синхондроз-synchondrosis сүйектердің шеміршек ұлпалары арқылы байланысы. Синхондрозға омыртқа денелері мен төссүйек бөліктері аралықтарындағы және қабырғалардың төссүйекпен байланысы жатады. Сүйектерар-алықтарындағы қимыл тіптен шектеулі болады.
Синостоз-synostosis сүйектердің сүйек ұлпасы арқылы байланысы. Бұл түрге құйымшақ омыртқаларының, жамбас сүйектерінің, кейбір тізе және тілерсек сүйектердің байланысы жатады.
Қаңқа сүйектерінің буынды байланысы.Буынды байланыс диартрозис -diarthrosis сүйектердің қозғамалы байланысын қамтамасыз етіп, организмдегі түрлі қимыл қозғалыстарды іс жүзіне асырады. Буынды құрайтын сүйектер бастары аралықтарындағы буын қуысында қоймалжың сұйық синовия болады.
Буын - articulatio құрылысына байланысты қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. Қарапайым буынды тек екі сүйектің буын бастары құрайды. Олардың аралығында бір буын қуысы болады. Күрделі буындарды түзетін негізгі сүйектердің буын бастары аралығында бір немесе бірнеше қатарда орналасқан майда сүйектер, болмаса шеміршектер болады. Сондықтан, олардың аралықтарында екі не одан да көп синовияға толған буын қуыстары қалады.
Буындардағы қозғалыстардың түрлері буынды түзетін сүйектер бастарының пішініне байланысты болып келеді. Пішіні цилиндр, шығыр, бұранда тәрізді сүйек бастары буындағы қимылдың тек бір біліктің бойымен, пішіні сопақ және ер тәрізді сүйек бастары екі біліктің, ал шар тәрізді сүйек бастары үш не одан да көп біліктің бойымен қозғалуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты атқаратын қызметтеріне сәйкес буындар бір білікті, қос білікті және көп білікті буындарға ажыратылады. Буындардағы қозғалыстарды бір біріне қарама қарсы бағыттарда жүретін бірнеше топтарға бөледі. Олар: жазылу (экстенсио) және бүгілу (флексио), алыстау (абдукцио) және жақындау (аддукцио). Айналу (ротацио) екіге бөлінеді: сыртқа айналу (супинацио) және ішке айналу (пронацио).
Буынның құрылысы.Буынды сыртынан буын қапшығы қаптап жатады. Буын қапшығы екі қабат жарғақтан тұрады. Олар: сыртқы талшықты (фиброзды) және ішкі – синовиялы жарғақтар. Фиброзды жарғақ сүйектің жалғасы болып саналады.
Синовиялы жарғақ борпылдық дәнекер ұлпасының бірнеше қабатынан құрылған, қан тамырларымен және жүйке элементтерімен бейімделген.
Буынның құрылысына байланысты буында бір немесе бірнеше буын қуысы болады. Буын қуысына қараған сүйектердің буын беттері гиалинді буын шеміршегімен қапталған.
Синовия – сары түсті созылмалы сұйық. Ол сүйектерді қоректендіріп, шеміршектің буын беттерін майлайды.
Буынның көмекші мүшелері:
Шеміршек дискілер, шеміршек тегіршіктер (мениск), буын ішіндегі және сыртындағы сіңірлі байламдар, буынның сыртындағы тиекше сүйектер жатады.
Сыртқы байламдар сүйектер бастарын байланыстырумен қатар, буындағы қозғалыстардың белгілі бір бағыттарда қозғалысына көмектеседі.
Тиекше сүйектер буын маңындағы сүйектер мен бұлшық еттер сіңірлері аралықтарында орналасып, оларға тіректік қасиет береді және бұлшық еттердің жиырылу қызметтерінің іске асуына көмектеседі.