Тері асты қабаты немесе шел қабаты тері дермасының торлы қабатын жануарлар денесінің беткей шандырымен байланыстырып тұратын терінің төменгі қабаты.
Терінің дамуы. Жануарлар онтогенезінде тері эпидермисі сыртқы ұрық жапырақшасы эктодермадан, нағыз тері (дерма) мезодерманың дерматомынан, теріасты қабаты — шел мезенхимадан дамиды. Іштегі дамудың алғашқы кезеңінде эпидермис бірқабатты эпидермоциттерден қалыптасып, соңынан оның құрылысы күрделеніп, көпқабатты эпидермиске ауысады. Құрылысы жағынан күрделену процесі мезодерма сомитінен қалыптасқан дермотом мен мезенхимада да қатар жүріп, олардан дерма мен шел қабаттары жетіледі. Іштөлінің даму мерзіміне қарай тері қабаттарымен қатар тері туындылары да күрделеніп жетіле бастайды. Осы кезеңдерде эктодермадан тері түктері мен бездері, майтабан, түяқ, тырнақ, мүйіз дами бастайды. Іштөлі терісі мен оның туындыларының қалыптасу процесі жылқы мен сиырда 4-4,5 ай, қойда 2,5-3,5 ай, шошқада 2 ай мерзім ішінде негізінен аяқталады.
Филогенезде төменгі сатыдағы омыртқасыз жәндіктердің тері жабыны эктодермадан жетілген бір қабат эпидермоциттерден ғана тұрады. Хордалы жануарлардың ішінде қандауырша (ланцетник) терісінің құрылысы қарапайым. Ол екі қабаттан: сыртқы эпидермистен (бір қабат цилиндр төрізді эпидермоциттерден құралған) және оның астындағы нашар жетілген дәнекер ұлпалық дермадан тұрады. Қосмекенділер личинкасында эпидермис екі қабат эпидермоциттерден құралған. Дөңгелек ауыздылардан бастап барлық хордалы жануарлардың тері эпидермисін көпқабатты жалпақ эпителий құрайды. Жануарлар денесі құрылысының күрделенуіне сәйкес терінің құрылысы да күрделеніп, мезодермадан дерма дамиды. Теріде эпидермис пен тері түктеріне қажет тері бездері дамып жетіле бастайды. Бастапқы кезде, мысалы, балықтарда тері бездері кілегей бөлуге ғана маманданған бір жасушалы бездер түрінде дамиды. Кейіннен олар күрделеніп, көп жасушалы бездерге ауысады. Бүған мысал ретінде қосмекенділер терісіндегі көп жасушалы көпіршікше бездерді жатқызуға болады. Қоршаған орта әсерлеріне бейімделу, организмдегі белгілі бір зат алмасу процесін қамтамасыз етуге мамандану нәтижесінде сүтқоректі жануарларда тер, май, сүт бездері, құстарда құйрық бездері дамыды. Жануарлардың әр түрлі тіршілік ортасына бейімделуіне байланысты, олардың терілерінде жануарлар түрлеріне тән тері туындылары дамып жетілді. Мысалы, балықтарда қабыршақ, жүзу қанаттары; бауырымен жорғалаушыларда қабыршақ, тырнақ; құстарда қауырсын, тырнақ; сүтқоректілерде тері түктері, майтабан, түяқ, тырнақ, мүйіз т. б.
4. Тері туындылары: тері түктері, тер, май және сүт бездері, майтабан, мүйіз тұяқ, мүйіз және әр түрлі жануарларға тән арнайы бездер жатады.
Түк омыртқалы жануарлардың ішінде тек сүтқоректілерге тән тері туындысы. Үй жануарларында тері түктерінің бірнеше түрлері кездеседі: қылшық, қыл, түбіт, жүн, ал пішіні мен мөлшеріне байланысты ұзын, қысқа, жуан, жіңішке түктерге ажыратылады. Олар орналасу орындары мен атқаратын қызметіне байланысты: жабынды, ұзын, сезімтал түктер болып үш топқа бөлінеді. Тері түгі бір-бірінен анық ажырайтын үш қабаттан тұрады: кутикула, қыртысты қабат және түк өзегі. Сыртынан түк жұқа кутикула қабатымен қапталған.
Тері түгінің негізін ортаңғы қыртысты қабат құрайды. Ол кутикуланың астында орналасады. Тері түгінің беріктігі, иілгіштігі, серпімділігі, созылғыштығы осы қыртысты қабатқа тікелей байланысты. Мысалы, бұл қабат түлен мен құндызда жақсы, ал қоян мен бүғыда нашар жетілген. Міне, осыған байланысты аталған жануарлар терілеріндегі түктердің беріктігі әр түрлі болып келеді. Қыртысты қабатты ұзынша келген мүйізделген эпидермис жасушалары түзеді. Бұл қабаттағы эпидермоциттерде түктің түрі - түсін анықтайтын бояғыш пигмент меланин болады. Үшінші ең ішкі қабат түктің орталығында жатқан түк өзегі. Бұл қабатты текше немесе көпбұрышты жартылай мүйізделген эпидермоциттер құрайды. Өзектің орталығыңдағы эпидермоциттер цитоплазмасында жұмсақ мүйізді зат кератогиалин болады. Өзектің шетіне қарай жақындаған сайын эпидермоцит цитоплазмасындағы кератогиалин элеидинге, одан соң қатты мүйіз кератинге ауысады.