Шошқа мен итте мұрын-көзжасы өзегі вентральды мұрын кеуілжірінің
артқы бөлігі тұсында вентральды мұрын жолына ашылады.
Мұрынмаңы қойнаулары (sinus paranasales) негізінен жалпақ бассүйектердің ішкі жəне сыртқы сүйек тақташалары аралығында орналасып, мұрын қуысымен тесіктер арқылы қатысады. Қойнаулар ішкі жағынан кілегейлі қабықтармен астарланған. Бұларға жоғары жаққойнауы (sinus maxillaris), маңдай қойнауы (sinus frontalis), сынаша қойнауы (sinus
sphenoidalis), таңдай қойнауы (sinus palatinus) жатады. Аталған қойнаулардың даму деңгейі көп жағдайда азу тістердің көлеміне, мандай сүйектің мүйіз өсінділерінің жетілуіне тікелей байланысты. Аталған қойнаулар сиыр мен ұсақ малдарда өте жақсы, жылқы мен шошқада біршама тəуір, ал итте нашар жетілген.
КӨМЕКЕЙ Көмекей (гортань) — larynx — аңканы кеңірдекпен жалғастыратын түтікше мүше. Ол тіласты сүйекке бекіп тұрады. Көмекей тыныс алуға қажетті ауаны екі бағытта өткізеді; жұтыну кезінде тыныс жолын жауып, азықтың кеңірдекке түспеуін қамтамасыз етеді; кеңірдекті тіласты сүйекке бекітеді; жұтқыншақтың каудальды тарылтқыш бұлшық еттері мен өңешке тірек қызметін атқарады; жануарлардың дыбыс шығару мүшесі.
Көмекей түтікше мүше ретінде үш: ішкі кілегейлі, ортаңғы шеміршекті- талшықты жəне сыртқы адвентиция қабықтарынан тұрады. Көмекейдің негізін бір-бірімен қозғалмалы байланысқан үш тақ, бір жұп, барлығы 5 шеміршек құрайды:
Сақинаша шеміршек(кольцевидный хрящ) — cartilago cricoidea –тақ гиалинді шеміршек. Оның жоғарғы жағында сакинаша шеміршектің жалпақ тақташасы (lamina cartilaginis cricoidea) мен темен қарай оның иілген доғасы (arcus cartilaginis cricoidea) болғандықтан, пішіні сақинаға ұқсайды. Шеміршек тақташасының сыртында орталық қыры, алдынғы жиегінде ожауша шеміршекке арналған буын беті болады. Шеміршек доғасының латеральды бетінде қалқанша шеміршектің артқы мүйіздіктерімен байланысатын буын ойыстары орналасқан. Сақинаша шеміршек каудальды бағытта кеңірдекпен жалғасады.