Драма жанры. Драманың эпостан бірнеше айырмашылықтары бар:
1) драмада эпосқа қарағанда баяндау мен суреттеу жоқ;
2) ол сахнаға қойылу үшін жазылады;
3) режиссер және актерлер өнерімен бірлікке түсіп, қосымша бейнелеу мүмкіндіктеріне ие болады;
4) драманың әдеби мәтінінде негізгі екпін кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен тіліне, диалог пен монологтарға, сюжетке түседі;
5) сахна өнерімен тығыз байланыста болғандықтан драмада эпоспен салыстырғанда көркемдік шарттылықтар мол (мысалы, «төртінші қабырғаны» елестету, «сыртқа» қарап сөйлеу, кейіпкерлердің өз-өзімен оңаша сөйлесуі, сахналық ым-ишараттардың молдығы т.б.);
6) қаһарман бейнесі эпостағыдай толық, жан-жақты, барлық тәсілдер арқылы суреттелмейді, бірақ оның сөйлеу мәнеріне, тіліне аса мән беріліп, психологиялық салмақ жүктеледі;
7) қаһарманға мінездеме сюжет және оның іс-қимылы, әрекеттері арқылы беріледі
Драмадағы түйінді нәрсе - қимыл-әрекет, ал әрекет қақтығыс нәтижесінде дамиды, сондықтан драмалық туындыны талдауды қақтығыстың дамуын айқындаудан бастаған жөн. Драмадағы көркемдік әлемнің өз ерекшелігі бар: барлық мәлімет кейіпкерлердің өзара әңгімесі мен авторлық ремаркалар арқылы беріледі. Сондықтан драма оқырманнан емеурін, тұспалдар арқылы кейіпкерлердің сыртқы келбетін, заттық әлемді, пейзажды көзге елестете алатын қиял мен ойдың жүйріктігін қажет етеді.
Трагедия - сахнаға арналып жазылатын қайғылы мазмұндағы, мұңды драмалық шығарма.
Комедия (латынша сomoеdia - қызықты, көңілді ән) жанры ежелгі грек мәдениетінде Дионисті мадақтау, ұлықтаудан туындады. Комедия - өмірдегі келеңсіз құбылыстарды, адам мінездегі мінді, кемшілікті сықақтап, қасиетсіздікті келекеге айналдыратын күлдіргі пьеса. Комедиядағы басты нәрсе - күлкі.
Драма – драматургиядағы жанрлық түр. Трагедиядағы оқиға желісі бас кейіпкер тағдырының қайғысымен аяқталса, комедияда сюжет әлеуметтік құбылыстарды сынаған күлкілі оқиғаларға негізделеді. Ал драма адамдардың мүдделері арасындағы қақтығыс, тартысқа құрылады. Бірақ қақтығыс сипаты қайғымен, трагедиямен аяқталуы шарт емес.
Жаһандық әдебиеттің көркемдік тәжірибесінде драма жанрының трагедия мен комедия, драмадан өзге мелодрама, фарс, трагикомедия, мистерия, моралите, миракль, водевиль, мим, феерия, флиаки, оперетта, мандзац, фьяба т.б. түрлері бар.