Динамикалық портреткөбіне өсу, даму, тынымсыз іс-әрекет үстінде көрінеді. Кейіпкердің өзіне тән портреттік пішіні бірден беріле салмай сюжеттік желі барысында көбіне жүре келе, қимыл-қозғалыс, іс-әрекет үстінде ашылады.
Жалпы портретте кейіпкердің өзіне тән тұрақты, үнемі көрінетін сипат-белгілері суреттелсе, ситуациялық портретте кейіпкердің бір сәттік эмоциялық күйі бейнеленеді.
Көркем туындыдағы топтық портреттердің әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің таным-түсініктерін, мінез-құлықтарын, дағдыларын бейнелеудегі көркемдік қызметі қомақты.
44. Трагедия жанры. Трагедия – драмалық жанрдың бір түрі. Трагедия алғаш ежелгі грек мәдениетінде қалыптасып, сахна өнерімен қатар дамыған Трагедияның жанрлық ерекшелігі – өмірдегі шиеленіскен тартысты, бір-біріне қарама-қарсы күштердің ымыраға келмес күресін, қақтығысын суреттеу. Трагедияда қоғамдағы түрлі көзқарасты ұстанған күштердің, кертартпа топтардың арасындағы тартыс бейнеленеді. Өмірдегі ауыр жағдай мен қиын-қыстау кезеңдегі адамзат басына түскен ауыртпалық баяндалып, шығарма көбіне негізгі кейіпкердің қазаға ұшырауымен аяқталады. Бірақ жеке адамның трагедиялық халге ұшырауы оның үміті кесіліп, арманы орындалмады деген сөз емес, керісінше, ол ғұмырын арнаған арман-мақсаттың биік те зор екендігін танытады. Әдетте кертартпа топтар әшкереленіп, шығарма оқырманды алға ұмтылуға, ізгі арман-тілек, мақсат үшін күресуге жігерлендіреді. Мысалы, “Абай” трагедиясындағы жауыздыққа батыл қарсы тұратын, жазықсыздың жақтасы Абай бейнесі, “Ақан сері – Ақтоқтыдағы” өмір қыспағына түсіп, қиянат-зорлықты көп көрген Ақан бейнесі. Трагедиялық кейіпкердің бойына үнемі жақсы қасиеттерді үйіп қою шарт емес. Мысалы, ақын С. Пушкиннің “Борис Годунов” трагедиясындағы Годунов бейнесі – қатпары көп, қайшылығы мол тұлға. Оның трагедиясы мансапты, тәж бен тақты халық мүддесінен жоғары қоюынан туындаған, сондықтан халық оны қолдамады. Шекспирдің “Отелло”, “Гамлет”, Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз”, Ғабит Мүсіреповтың халық эпосының сюжетіне құрылған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” трагедиялары дүние жүзі мәдениетіне қосылған зор үлес саналады. Ахмет Байтұрсынұлы “Әдебиет танытқышта” тартыс басты-басты үш тарауға бөлінеді: мерт, яки әлектекті тартыс (трагедия); сергелдең, яки азапты тартыс (драма); арамтер, яки әурешілік (комедия). Тартыс күйге ән-күй қосылса, тартыс ‘‘зауықты’’ деп аталады. Тартыс сөз қу тілді болса, ‘‘қулықты’’ деп аталады; қисыны қызық болса, ‘‘күлдіргі’’ тартыс болады; сиқыр мазмұнды тартыс ‘‘сиқырлы’’ деп аталады. Қазақ әдебиетінде бұл түрлердің бірі бар, бірі жоқ. Кейбірі жетіспеген, шалалау, балалау түрде дейді.
Трагедиялық образдар жауыздық пен жақсылық, өлім мен өмір сияқты болмыста бір-біріне кереғар құбылыстардың қайшылығынан туындайды, кейіпкер рухы, мінезі қиындықтар мен кедергілер айқындалады және тағдыры көбінесе мұңмен, қайғымен аяқталады. Трагедиялық образ шиеленіске, қақтығысқа толы жағдайларда сомдалады. Мысалы, қазақ әдебиетіндегі өз махаббаттары үшін күрескен Қыз Жібек, Қамар сұлу, Еңлік, Қарагөз бейнелері. Трагедиялық шығармалардың негізінде адам өміріндегі шешілуі қиын, бірақ шешпесе болмайтын қақтығыстар (коллизиялар) жатады. Трагедиялық бейне ортасымен, кейде өзімен қайшылыққа түскен, ешбір ымыраға келмейтін, күшті және тұтас тұлға. Ол өз мақсатынан таймайды, зұлым күштердің зорлығына мойынсұнбайды және бітіспес күрестешыңдалады. Әлем әдебиетіндегі Ромео мен Джульетта бейнелері осыған мысал. Қазіргі қазақ әдебиетінде Д.Исабековтің кейбір трагедиялық сарындағы повестерінде («Дермене», «Тіршілік», «Сүйекші», «Шыңырау») жақсылық, ізгілік көбінесе қатыгездіктен, зорлықтан жеңіліс тауып жатады. Д.Исабековтің кейіпкерлері -қоғам ағысынан тыс қалған, жандары жалғыз, жан дүниелерін ешкім түсіне бермейтін жандар. Олар - тағдыр талқысына көніп, өмірдің басқа салғанына мойынсұнған, бірақ ішкі адамдық тұғырын жоғалтпаған рухы биік адамдар.«Үндемес» повесіндегі Тұңғыш өз өмірінде ештеңеге- жанталасып ұмтылмаған көнбіс, жаны сірі, момын адам. Бұл қазіргі қазақ әдебиетіндегі трагедиялық образдардың бір түрі.