35. Композициялық тұтастық мәселесі. Ішкі композиция Композиция – көркем шығармадағы элементтердің, құрамдас бөліктердің, образдардың белгілі бір тәртіппен, рет-ретімен, жүйелі орналасуы. Әдеби туындыларға қатысты «композиция» ұғымының түрлі деңгейдегі синонимдері ретінде кейбір жағдайларда «архитектоника», «құрылым», «диспозиция» терминдері де қатар жұмсалады. Ол шығарма мазмұнымен тікелей байланысты. Кемел композициясыз жақсы шығарма тууы мүмкін емес. Композиция – көркем шығарманың пішіндік құрылымын ғана реттеп қоймай, ішкі әлемін де үйлесімге келтіреді. «Нағыз кемел туындыда, - дейді Л.Н.Толстой, - бір өлеңді, бір көріністі, бір айшықты сөз тіркесін, бір бөлшекті шығарманың тұтастығына, бүтін бітіміне нұқсан келтірмей, өз орнынан басқа жерге ауыстыра алмайсыз»1 . Ойшылдың бұл пікірі, ең алдымен, шығарма композициясына, оның тұтастық сипатына қатысты.
Кең мағынасында композиция – көркем пішіннің құрылымы және оның ең бірінші қызметі - бір бүтіннің барлық бөлшектерін біріктіру. Екінші қызметі– шығармадағы образдарды жүйе-жүйесімен орналастыра отырып, белгілі бір көркемдік мағына жүктеу.
Композицияны шартты түрде сыртқы және ішкі деп жіктеуге болады. Шығарма композициясын талдау барысында жиі кездесетін кемшілік - студенттер көбінесе оның сыртқы құрылымына: томдарына, бөлімдеріне, тарауларына көп тоқталып жатады. Туындыны тарауларға бөлудің көмекші сипаты ғана бар, ол композициялық құрылымның ішкі қабаттарына бағынады. Алайда сыртқы композицияның барлық шығармаларда бола бермейтін: арнау, эпиграф, пролог, эпилог, күнделік, хаттар т.б. сияқты белгілерін назардан тыс қалдырмау қажет.
Әсіресе, шығармадағы негізгі ойды түсіну үшін эпиграфтарды талдау маңызды. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы «Әйел тұрмай, еркек оянбайды» мәтелі, Ә. Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романының эпиграфына алынған «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар? Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау, құрғырлар» деген Абай өлеңі туындының идеясын айқындай түсетін көркемдік кілттің қызметін атқарған. Кейде бір шығармаға бір емес, бірнеше эпиграфтар берілуі мүмкін.
Арнау автордың шығарманы кімге және не себепті арнап отырғанын көрсетеді. Оның да кейбір жағдайда туынды композициясын түсінуге септігін тигізетін жағдайлары бар. Мысалы, М.Мағауиннің «Көкбалақ» романын Сүгірбай күйшінің, Жүнісбай домбырашының ізгі рухына, халқымыздың музыкалық мұрасын қастерлеп, сақтаған қария атаулыға бағыштауы, А.Алтайдың «Прописка» әңгімесін Желтоқсанда із-түзсіз кеткендердің рухына бағыштауы туралы арнаудың туынды идеясына тікелей қатысы бар.
Композицияның сюжеттен тыс бөлігі: пролог (грекше prologos – кіріспе сөз) – әдеби туындының алғы сөзі. Мұнда негізгі сюжетке дейінгі бірнеше оқиға баяндалуы мүмкін. Ол оқырманды енді болатын оқиғаға дайындап, назарын аударып, сюжеттің кіріспесі қызметін атқарады. Ежелгі Грекияда пролог көрермен көңілін сахнаға аудару, арнау, жарлау мағынасында да қолданылған. Қазақ әдебиетінде С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романының алғашқы тарауларын пролог деп бастаған.
Сюжет шешімінен кейін кейіпкерлердің іс-әрекеті, өзара тартысы аяқталған соң, олардың одан арғы хал-жағдайына қысқаша мәлімет беру эпилог деп аталады. Эпилог (грекше epilogos – соңғы, кейінгі сөз) – шығарма шешімінен кейінгі қорытынды бөлім. Мысалы: М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының эпилогында бала мен аққудың өлімінен кейінгі көлдің қазіргі жетімсіреген жағдайы, аққулардың бұл араға мүлде оралмай кетуі суреттеледі.