Мифтік аңыз әңгімелер, поэма, повесть, роман. Миф – табиғаттан тыс жай және «таңғажайып» құбылыстар мен оқиғалар туралы аңыз-әңгімелер.
Поэма (грекше poiema – жасаймын, тудырамын) – өмір құбылыстарын кеңінен қамтитын, баяндауға немесе лирикалық сюжетке құрылған, көлемі үлкен, өлеңмен жазылған шығарма.
Повесть - әңгімеден анағұрлым көлемді, романнан кіші келіп, мазмұны терең, бас қаһарманмен байланысты өмір шындығы кеңірек суреттелетін орта көлемді эпикалық үлгі.
Роман жанрының басты ерекшеліктері мынадай:
1) Романда негізгі назар жеке адам тағдырына, оның тұлға ретінде қалыптасуы мен өсуіне жинақталып, кейіпкер өмір сүрген қоғам, орта, уақыт ауқымында жан-жақты сомдалады. Сонымен бірге роман адамдардың жеке өмірін, өзара қарым-қатынастарын ғана емес, ұлттық-тарихи ауқымдағы оқиғаларды да кескіндейді.
2) Оның композициясы күрделі, көп желілі және ол үлкен кеңістік пен уақытты, тұтастай дәуірлерді, ғасырларды қамтиды.
3) Бұл жанрдың мүмкіндігі мол болғандықтан оған көпдауыстылық тән, баяндау барысы автордың сөзімен қатар басқа баяндаушылардың сөзімен ауысып отырады.
4) Романда басқа прозалық жанрларға қарағанда оқиғалар жүйесі, кейіпкерлер кеңірек қамтылады, олардың мінез-құлқы дайын күйінде алынбай, даму үстінде суреттеледі.
5) Романда белгілі бір тарихи кезеңнің шындығымен қатар халықтың дәстүрлі мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, яғни ұлттың рухани-мәдени бейнесі де көркем бейнеленеді
Лирика жанры. Лирикада (грекше lyra - музыкалық аспап, оның сүйемелдеуімен әндер, өлеңдер орындалған) өмір шындығы адамның психологиялық ахуалына, ішкі жан дүниесіне сәйкес, қас-қағым сәттегі көңіл-күйімен, сезімімен сабақтаса суреттеледі. Лирика - драма мен эпос сынды әдебиеттің негізгі бір тегі, бірақ онда суреттелген нысан емес, тұлғаның және оған деген автордың жеке қарым-қатынасы маңызды. «Әдебиеттің ең субъективті тегі, - дейді лирика туралы Л.Я.Гинзбург, - жалпылыққа ұмтылады, жан әлемін жалпыға тән бейнелейді.»
Лирикада алдыңғы қатарға ақынның ішкі әлемі, ойтолғанысы, сезім иірімдері шығады. Сондықтан лирикалық шығармаларда ақынның өз бейнесі жоталанады. Лирикадағы сыршыл сезім иесі лирикалық кейіпкер деп аталады. Әдебиеттану мен сында қалыптасқан бұл терминді (онымен мағыналас «лирикалық мен», «лирикалық субъект» тіркестері бар) алғаш рет Ю.Н.Тынянов ХХ ғ. 20-шы жылдары А.Блоктың лирикалық туындыларын талдау барысында енгізді. Лирикалық кейіпкер автормен, оның дүниеге көзқарасымен, рухани тәжірибесімен, ішкі жан дүниесімен тығыз байланысты. Алайда авторды эпикалық шығарманың баяндаушы тұлғасымен немесе лирикадағы лирикалық кейіпкермен шатастырып, бір деп қарауға да болмайды.
Лирика өз бастауын ауыз әдебиетінен, фольклорлық жырлардан алады. Әлем әдебиетіндегі лириканың жанрлық түрлері төмендегідей:
Эпиграмма (грекше epigramma - жазу) деп антикалық поэзияда тек еркін үлгіде жазылған лирикалық шығармалардың шағын, қысқа түрін атайды.
Элегия (грекше elegia – мұңды, қайғылы ән) медитативті немесе эмоционалдық, көбінесе мұңды мазмұндағы лирикалық өлеңдер
Эпитафия (грекше epitaphios - құлпытастағы жазу) – дүниеден өткен беделді, қадірлі кісіні мақтау.
Ода (грекше ode - ән) – елге еңбегі сіңген, жұртқа танымал, аты әйгілі адамдарды, жеке тұлғаларды ұлықтаған, дәріптеген ерекше құбылысты мақтап-мадақтаған асқақ лептегі, мазмұны көңілді, патетикалық (көтеріңкі әуенді) жырлар.
Сонет (итал. sonetto – шағын ән) - әр түрлі тақырыпты арқау еткен, арнайы өлшемді, сезімге, сырға құрылған лирикалық өлең. Сонеттің қадағаланатын қатаң формасы бар: онда он төрт жол болады, олар екі катренге (төрт жолдан – сегіз жол) және екі терцетке (үш жолдан – алты жол) бөлінеді.
Әлемдік әдебиетте лириканың бұдан өзге түрлері көп. Мысалы, идиллия (қамсыз жыр), мадригал (малшы сазы), романс (бір сәттегі жаксы сезімді, көбінесе махаббатты жырлау), пастораль (малшы сазының бір түрі), эклога (сауық жырының бір түрі), эпиталама (жаңа қосылған жас жұбайлардың жарастығын құттықтайтын көне өлеңдердің бір түрі), романс (музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын шығарма). Сонымен қатар лирикалық жанрлардың рондо, ғазел, хокку, танк, триолета т.б. түрлері бар.