39. Әдебиеттегі психологизм. Психологиялық талдау және сана ағымы Психологизм – адам өміріндегі болып жатқан іс-әрекет, демек психологизм ұғымын адам өмірімен тікелей байланысты десек қателеспейміз. Әрине басты тұлға – адам болғандықтан, оның күнделікті іс-әрекеті, мінез-құлқы адам өмірінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Адам өмірі дегеніміз не? Бұл жиынтық, нақтырақ айтсақ, бір-бірін алмастырып отыратын іс-әрекеттер жүйесі. Іс-әрекетте объектінің субъективті формасына, образға өтуі жүзеге асырылып, сонымен қатар іс-әрекетте объективті нәтижелеріне, өнімдеріне айналуы орын алады. Осы жағынан алғанда іс-әрекет процесс ретінде көрініп, онда субъект-объект өрістері арасында өзара ауысу жүзеге асыры лады.
Әрбір әдеби туындыда, фольклорлық жыр үлгілерінде, Орхон Енисей ескерткіштерінде де психологизм ұғымы табылған. Біз психологизм ұғымын әдебиеттен бөліп қарай алмаймыз, себебі психологизм әдебиет пен психология ғылымын жалғастырып тұрған дәнекер ұғым десек те болады. Бұл әлемде барлық ғылымдар бір-бірімен тығыз байланыста, ал психология ғылымы әдебиетпен жақынырақ байланыста. Себебі көркем шығарманың негізгі объектісіадам болып табылады. Адамның қайғырғаны, күлгені, күйіп-піскені, жүріс-тұрысы, мінезқұлқы бәрі де көркем шығармада ап-айқын беріледі. Бұл қасиеттер мен сезімдер берілмесе, сол көркем шығарманы оқып отырған оқырман кейіпкерді тани алмайды, оны сезіне алмайды, себебі оқырман көркем шығарманы оқып жатып, кейіпкер қуанса – қуанады, қайғырса – қайғырады.
«Психологизм, сөз жоқ, реализмге апарар сүрлеу екені мәлім. Рас, ол әртүрлі көркемдік әдістер шеңберінде көркемдік-эстетикалық қызмет атқарады. Әйтсе де, нағыз реалист әдебиетте ғана психологиялық талдау нақты мазмұн тауып, жүйелі стильдік міндет атқарады. Бұған дүние жүзілік әдеби процесстің даму заңдылықтары мен тарихы куә» [1,6]. Психологизм мен реализм арасында өткел жоқ, бір-бірімен байланысын үзе алмайтын ұғымдар. Адам жандүниесінің негізінде адам бет-пердесі ашылады, демек, адамды жақыннан тани аламыз. Реализм – шындықтың негізгі бастауы.
Психологизм – әдебиеттану термині. Қазақ әдебиетінде енді ғана дамып, қанат жайып келе жатқан сала. Қазақ әдебиеттануында осы саламен айналысқан ғалымдарды атап өтетін болсақ: Б.Майтанов, Г.Пірәлиева, Г.Ержанова т.б.
Жазушылар өз шығармаларындағы кейіпкерлерінің мінез-құлқын жан-жақты ашуға тырысады. Жазушы тілінің шеберлігі арқасында біз кейіпкерлерді сан түрлі қырынан тани аламыз десек те болады. Мысалы: «Сорлы Ақбілек! Сен жыламай кім жыласын! Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айырылдың. Келешектегі бақытты өміріңнің кілтіндей көріп, сары майдай сақтаған алтын қазынаңнан айырылдың! Ар-ұятың төгілді, адамшылығың жойылды. Жас нәуетек жүрегің – соқпай жатып өрт болды. Жаңа піскен жауқазын – піспей жатып жоқ болды. Шамшырақтай жас жаның-жанбай жатып шоқ болды. Есіл ерке балалық – аяққа құйған астайын шолтаң етті – тоқталды. Жыла жасың бұла! Жасыңмен қайғы жуылсын! Жасыңнан теңіз жиылсын!» Бұл шығарма Ж.Аймауытовтың белгілі «Ақбілегі». Бұл сөздер автордың шығарма кейіпкеріне арналған сөзі, автордың толғанысы. Авторы белгілі – Жүсіпбек Аймауытов. Бұл романды кейбір зерттеушілер тұңғыш психологиялық роман деп те атап жүр. Әрине бұл пікірге қосылуға болады. Автор шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекет барысында көрінетін көңіл-күй құбылыстарын өте көркем түрде суреттеген. Біз Ж.Аймауытовтың психология ғылымына байланысты жазған, яғни психология ғылымы жайында ең алғаш еңбек жазған ғалым екенін білеміз, ол әрине қазақ ғалымдары арасында. Автордың осы шығармада кейіпкерлер жан-дүниесін, мінез-құлқын керемет суреттегенін байқай аламыз.
Қазақ әдебиеттануында психологизм ұғымына алғаш назар аударғандардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы болды. «Қара сөзден адам тек ұғым алады дедік, ұғымның өзі керекті орынына қарай екі түрлі болады: 1) Ес ұғымы, яғни еске керек ұғым. 2) Іс ұғымы, яғни іске керек ұғым. Ес ұғымының арқасында дүниедегі нәрселердің бәрін, задын, сырын, сипатын, мүдетін, мұратын танимыз. Іс ұғымы арқасында табиғат ісін, күшін нәрселерін қалай пайдаланатын жолын білеміз. Сондықтан қара сөзді әңгімелер екі жақты болып келеді бір жағы ес ұғымымен болады, екінші жағы іс ұғымымен болады» [2, 56]. Біз ес ұғымы арқылы шығарма кейіпкерлерін танимыз, яғни задын, сырын, сипатын, мүддетін. Мысалы Ш.Мұртазаның Ай мен Айша шығармасында – кейіпкерлер мінезі, мақсаты айқын берілген. Әр кейіпкерлер міне-зін іс-қимылдары арқылы танимыз.
Б.Майтановтың «психологизм сөз жоқ реализмге апарады» дегенін ескерсек, сөз жоқ психологизм мен реализм қоса жүреді деген тұжырымға келген болар едік. Оған дәлел шығарма кейіпкерлерінің шығармадағы мінез-құлқы-өмірдегідей дәл берілуі, кейіпкер шығармада да жылайды, күледі, қайғырады, қуанады, күйіп-піседі, өмірде де дәл солай. Тек шығармада автор сол кейіпкердің сол сәттегі психологиялық күйін көркем тілде суреттеп, оқырманға әсер ететіндей дәл берілсе, бұл шығарманың жоғарғы деңгейдегі жетістігі екенін анық және айқын айта аламыз.