Байланысты: 1 глоссарий агглютинация – осымшаларды бірінен со біріні жал
Етістіктің аналитикалық формалары. Ертеректегі әдебиеттерде көріп қалды үлгісіндегі сөз тұлғаларына да және барып келді үлгісіндегі сөз тұлғаларына да күрделі етістік термині қоллданылып келді. Алайда бұлардың табиғаттары бірдей емес, бірі – аналитикалық тәсілмен түрленген сөздің тұлғасы да, екіншісі – аналитикалық тәсілмен жасалған күрделі сөз. Бірінші мысалда дербес лексикалық мағына көр етістігінде ғана бар, қал етістігі ешқандай лексикалық мағынаны білдірмейді, ол алдындағы көсемшемен бірігіп, дербес мағыналы етістікке қимылдың кенеттен болғандығын білдіретін грамматикалық мағына жамаған. Ендеше –п қал екі морфемадан құралған бір сөз түрлендіруші аналитикалық тұлға. Ал мұндай жолмен түрленген сөздер аналитикалық формалы сөз болып табылады. Екінші мысалдағы лексикалық мағына барып келбөлігі арқылы берілген, мұнде жеке-жеке алғанда дербес мағыналы бару және келу етістіктері тіркесу арқылы солардың лексикалық мағыналарынан тұратын үшінші бір күрделі лексикалық мағына қалыптасқан. Ендеше барып кел – аналитикалық тәсіл арқылы жасалған тіркесті күрделі сөз. Табиғаттары екі басқа сөз тұлғаларын бір терминмен атауға болмайды, олардың екеуін де күрделі сөзге жатқызу дұрыс емес. Сондықтан аналитикалық тәсілмен түрленген сөздерді сөздің аналитикалық формасы (немесе аналитикалық формалы сөз) деп атаймыз, ал аналитикалық тәсілмен жасалған сөздерді күрделі сөз деп атай береміз. Аналитикалық сөз формалары тек көмекші сөздің қатысуымен қалыптасады. Көмекші сөз болмаған жерде, аналитикалық формант та, аналитикалық сөз формалары да болмайды. Бірақ көмекші сөздің бәрі аналиткалық сөз формларын қалыптастыра бермейді, кейде аналитикалық тәсілмен жасалған туынды сөзді қалыптастыруы мүмкін. Мысалы, жарқ етті, еңбек қыл деген мысалдарда еліктеу сөз бен зат есімге көмекші етістіктер тіркескен. Бұлар аналитикалық формалы сөзге жатпайды, аналитикалық тәсілмен жасалған тіркесті күрделі сөзге жатады. Аналитикалық формалы сөздің төрт белгісі болады:
Сөздің аналитикалық формасы белгілі бір грамматикалық категорияның парадигмалық жүйесіне енуі керек;
Әрбір аналитикалық формалы сөздің дербес лексикалық мағынасы, сол лексикалық мағынадан туындайтын сөз табы ретіндегі жалпы грамматикалық мағынасы және көмекші сөз (немесе қосымша мен көмекші сөз) арқылы берілетін категориялық грамматикалық мағынасы болады;
Аналитикалық формалы сөз көмекші сөздер және аналитикалық форманттар арқылы жасалады;
Сөздің аналитикалық формасы белгілі бір сөз табына жататын сөздердің басым көпшілігінен жасала береді.
Қазақ тіліндегі аналитикалық формалы сөздерді үш түрлі құрамда кездестіруге болады:
Дербес сөз+қосымша+көмекші сөз (қара+п қал-ды, үй+ге қарай);
Дербес сөз+көмекші сөз (жүр еді);
Көмекші сөз+дербес сөз (өте жақсы).
Аналитикалық тәсілмен түрленген етістіктерді етістіктің аналитикалық формалары деп те, аналитикалық формалы етістіктер деп те, тіпті кейде аналитикалық етістікер деп те атай береміз. Етістіктің аналитикалық формалары етістіктің аналитикалық форманттары арқылы ғана қалыптасады. Аналитикалық формант дегеніміз – қосымша мен көмекші сөзден тұратын белгілі бір сөз табының қандай да бір грамматикалық категориясына жататын грамматикалық мағынаға ие күрделі морфологиялық түрлендіруші тұлға. Етістіктің аналитикалық форманттары құрамына қарай кемінде екі морфемадан, немесе одан да көп морфемалардан құралуы мүмкін. Мысалы, Алақаныма қыса қойдым. Мен шықшыттан періп кеп жібердім.