Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері. Етістік – қимылды білдіретін грамматикалық мағынаға ие. Етістіктің бұл мағынасы – оны жеке сөз табы ретінде тануға негіз болатын мағына. Алайда етістік сөйлемде ешқашан таза етістік мағынасымен қатыспайды, үнемі басқа грамматикалық мағыналармен қоюланып қолданылады. Ал бұл грамматикалық мағыналарды етістіктің негізіне (лексикалық мағына беретін бөлігіне) қосылатын сөз түрлегндіруші түрлі морфологиялық тұлғалар ғана үстей алады. Ендеше етістік – сөйлемде түрленбей қолданылмайтын сөз табы. Бұл – етістік түбірінің бірінші ерекшелігі. Яғни, басқа сөз таптары сөйлемге түрленіп те, түрленбей де қатыса беретін болса, етістік түрленбеген жағдайда, сөйлемнен орын ала алмайды.
Етістік – өзін түрлендіруші тұлғаларға ең бай сөз табы. Етістікті түрлендіруші тұлғалар қанша көп болса да, етістікке белгілі бір тәртіппен қосылады. Етістікті түрлендіретін тұлғаларды түбірге қосылу ретіне, тәртібіне қарай төрт қатарға жіктеп алуға болады:
Бірінші қатарды етістік түбірге алдымен жалғанатын етіс жұрнақтары құрайды. Етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана алады.
Екінші қатарда етістікке кейде тікелей түбірге (негізге), кейде етіс жұрнақтарынан кейінгі кезекте қосылатын (-ңқыра, -іңкіре күшейтпелі етістік жұрнағы деп танылатын қосымшаны және қимылдың өту кезеңдері мен амалдарын білдіретін аналитикалық форманттарды есепке алмағанда) болымсыз етістік жұрнағы тұрады.
И Маманов етіс және болымсыз етістік қосымшаларымен түрленген етістіктерді модификациялық етістіктер деп атаған.
Үшінші қатарды кейде етістікке тікелей қосылатын, кейде етістікке етіс немесе болымсыз етістік жұрнағының бірінен кейін қосылатын есімше, көсемше, тұйық етістік (қимыл есімі), шақ, рай, модаль тұлғалары құрайды. Етістік сөйлемде қолданылғанда осы қатардағы тұлғалардың тек біреуін ғана қабылдайды және бұл қатардағы тұлғалардың бірінсіз сөйлемде қолданылмайды. Бұл қатардағы тұлғалар етістіктің функционалдық тұлғалары деп аталады.
Төртінші қатарда етістік тиянақты баяндауыш мүше қызметінде жұмсалғанда, үшінші қатардағы тұлғалардың бірінен кейін қосылатын жіктік жалғау тұрады. Сондықтан етістік түбірінің екінші грамматикалық ерекшелігі шығады: етістік түбірі тікелей жіктелмейді, тек шақ, рай, модаль тұлғаларының бірін қабылдап барып жіктеледі. Дегенмен жіктік жалғау бұйрық рай мағынасын бергенде етістіктің негізіне тікелей қосылады, сондай-ақ статикалық қалып етістіктері де өз бойында ашық рай (осы шақ) мағыналары бар болғандықтан, жіктік жалғауын тікелей қабылдай алады.