Ырықсыз етіс. Ырықсыз етіс – қимылдыатқарушы субъект көрінбей, қимыл субъектінің ырқынан тыс орындалғанын білдіретін етістің түрі. Етістің бұл түрінде қимылдың логикалық субъектісі сөйлемнен көрінбейді (егер логикалық субъектіні сөйлемге қатыстыру қажет болса, ол тарапынан, жағынан сөздерінің жәрдемімен сөйлемге ене алады). Мысалы, Астық жиналды. Етістіктің негізі – жина. Бұл қимылдың логикалық субъектісі – астық жинаушы адамдар, шаруалар, астық – жинау әрекетінің тура объектісі. Ал жиналу қимылында жинаудың тура объектісі болған астық бастауыш қызметіне өткен (қимылдың иесіне айналған), субъект (астық жинаушы шаруалар) көрінбейді, сөйлемге қатыстырылмаған. Оны сөйлемге Астық шаруалар тарыпынан тез арада жиналды деп енгізуге де болады. Астық жиналды десек, астық субъектінің қатысынсыз, өз-өзінен жинала қалғандай мағына береді.
Ырықсыз етіс тек сабақты етістіктерден ғана жасалады және ырықсыз етіс жұрнағы сабақты етістікті салт етістікке айналдырып отырады. Ырықсыз етіс жұрнағының ішінде дыбыстық құрамы жағынан өздік етістің жұрнағын қайталайтын қосымша бар екені белгілі: -ын, -ін, -н. Бұл қосымшаның өздік етістің қосымшасы ма, әлде ырықсыз етістің қосымшасы ма екендігін қалай ажыратамыз?
Біріншіден, аталған қосымшаны қабылдаған етістік формасының семантикасына терең үңілу қажат. Атап айтқанда, етістіктің негізі мен осы жұрнақты қабылдаған тұлғаның субъектілері мен объектілерін тауып, салыстырып бір шешімге келу керек. Яғни, өздік етісте субъект мен объекті – бір зат, ал ырықсыз етісте – оның негізінің объектісі субъект түрінде көрінеді. Екіншіден, лексика-грамматикалық мағыналары оларды бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік береді: Өздік етіс жұрнағын қабылдаған етістік те, оның негізі де сабақтылық мағыналарын сақтайды, ал ырықсыз етіс жұрнағын қабылдаған тұлға салттылық мағынаға ие, оның негізі – сабақты етістік болады. Мысалы, Бала тазаланды – үй тазаланды. Бірінші мысалда бала тазалау қимылын өзін (үстін, киімін, денесін) қамтып жүзеге асырды және етістіктің негізі де (бала киімін тазалады), өздік етіс тұлғасы да (киімін, денесін тазаланды) сабақтылық мағыналарын сақтады. Екінші мысалда тазалау әрекетінің субъектісі тазалану қимылында көрінбейді, тазалау қимылының объетісі тазалану қимылында грамматикалық субъект түрінде көрінген және сабақты етістік (үйді тазалау) салт етістікке (үй тазаланды) өткен.