Үстеудің семантикалық ерекшеліктері. Үстеу мағынасына қарай алты топқа бөлінеді:
Мезгіл үстеулері: бүгін, биыл, қазір, ала жаздай, ертең, күндіз, қыстыгүні, қыстай, кеш, әлі, ерте; лезде, бағанадан, баяғыда; кешқұрым, күні-бүгін, апа-сапақта, т.б.;
Мекен үстеулері: жоғары, төмен, ілгері, ішкері, тысқары, кейін, әрмен, алға, артқа, артта, әрі-бері, жол-жөнекей, т.б.;
Себеп үстеулері: бекерге, босқа, текке, шарасыздан, амалсыз, лажсыз, т.б.;
Мақсат үстеулері: әдейі, әдейілеп, жорта, қасақана;
Амал (сын-бейне немесе қимыл-сын) үстеулері: адамша, ескіше, жазбаша, көйлекшең, жартылай, шикілей, өлердей, бірге, босқа, қапыда, оқыста, лезде, өздігінен, шалқасынан, жайымен, шынымен, ретімен, біржола, жайбарақат, ауызекі, оқыс, дереу, ақырын, тез, шала-пұла, зым-зия, қолма-қол, астыртын, жасырын, т.б.;
Мөлшер үстеулері: сонша, соншалық, сондайлық, анағұрлым, бірен-саран, бірталай, біраз, бірқыдыру, бірен-саран, азды-көпті;
Қазақ тіліндегі күшейткіш үстеулері деп танылып жүрген ең, тым, өте, орасан, аса сөздері – сапалық сын есімнің күшейтпелі шырайын қалыптастыратын көмекші сөздер. Күшейткіш үстеу ретінде аталатын керемет, зор, нағыз, ерен, кілең, өңкей, дәл сөздері – шырай мағынасын беретін күшейткіш мәнді сөздердің орнына жұмсалған зат есімдер мен сын есімдер. Ал әбден, мүлде сөздері – амал үстеулері.
Сондай-ақ соңғы жылдары үстеулің сегізінші мағыналық түрі ретінде топтау үстеулері деп беріліп жүрген, ертеректердегі әдебиеттерде топтау сан есімдерінің қатарында болған бір-бірлеп, топтап, көптеп, қос-қостап, бес-ондап, топ-тобымен, т.б. сөздерді амал үстеулерінің қатарына жатқызу орынды.
Үстеудің морфологиялық ерекшеліктері. Үстеу өзіне тән түрлену жүйесі жоқ және мүлдем түрленбейтін сөз табы саналады. Алайда жоғарырақ, төменірек, ілгерірек, кейіндеу, ішкерілеу, тысқарырақ, әрірек, берірек сияқты сын есімнің салыстырмалы шырай тұлғаларын қабылдаған, сондай-ақ ертеңі, бірталайға дейін сияқты зат есімнің түрлендіруші тұлғаларымен келген үстеулерді сөйлемдерден жиі кездестіреміз.
Шырай тұлғаларын қабылдайтын үстеулердің саны шектеулі. Үстеу сөздердің бәрін немесе оның белгілі бір көлемді бөлігін қамтымағандықтан, шыраймен түрлену бүкіл сөз табының грамматикалық ерекшелігі деуге келмейді. Ал зат еімнің формаларын қабылдау – үстеудің сын есім, сан есім сияқты субстантивтенуімен байланысты құбылыс. Мысалы, Еріншектің ертеңі бітпес. Еріншек (адам)ның «ертең» (дейтін сөз)і бітпес.
Достарыңызбен бөлісу: |